Размер шрифта
Цвета сайта

 

ҚАРУСЫЗДАНУ

Қазақстанның қарусыздану және жаппай қырып-жою қаруын (ЖҚҚ) таратпау саласындағы саясаты халықаралық қауіпсіздікті нығайту, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту, жаһандық мәселелер мен қақтығыстарды реттеудегі халықаралық ұйымдардың рөлін арттыру жолын ұсынуымен негізделетін Республиканың сыртқы саяси беталысымен айқындалады.

 ҚР Президенті Н.Назарбаевтың адамзатты ядролық қарудан азат ету және ЖҚҚ таратпау тәртібін күшейтуге бағытталған саясаты халықаралық қоғамдастықтардың мойындауына ие болды және Қазақстанның қарусыздану, оны таратпау және ядролық қарусыздану саласындағы жаһандық көшбасылығын нығайтты.

Қазақстанның болашақ таратпау саясатының негізін қалаудағы  алғашқы қадамы – КСРО-ның кезінде, 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық сынақ алаңының жабылуы. Бұл дүниежүзі тарихында ядролық полигонның бірінші рет халық қалауымен жабылуы болды. Он сегіз жылдан кейін БҰҰ Бас Ассамблеясы бұл күнді Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп бекітті.

1991 жылы Беларусь, Қазақстан, Ресей, Украина басшылары Стратегиялық ядролық күштерге қатысты Алматы декларациясында бұрынғы КСРО-ның ядролық арсеналының қызметіне ортақ бақылау орнатудың, ядролық қауіпсіздіктің қажетті деңгейін ұстауда қандай да бір іркілістерге жол бермеудің тетігін айқындады және стратегиялық шабуыл құралын қысқарту саласында КСРО-ның халықаралық міндеттемелерін ұстануды құптады.

1992 ж.  23 мамырда Лиссабонда осы елдер мен АҚШ өкілдері төрт мемлекеттің аумағында орналасқан  Стратегиялық Ядролық Күштерге қолданылатын стратегиялық шабуыл қаруын қысқарту (СШҚ) мен шектеу туралы шарттың ережелерін іске асыруға олардың жауапкершілік аясын нақтылайтын бес жақты Хаттамаға қол қойды. Лиссабон хаттамасында, сондай-ақ, Беларусь, Украина және Қазақстанның ядролық қаруға ие емес елдер ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылу міндеттемелері тиянақталды.

1993 жылғы 13 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Ядролық қаруды таратпау шартын (ЯҚТШ) бекітті. Қазақстанның ЯҚТШ-ға қосылуы еліміздің сыртқы саяси бағытын іске асырудың маңызды кезеңіне айналды. Қазақстан ЯҚТШ-ға мүше бола отырып, осы шартқа сәйкес ядросыз мәртебесіне байланысты міндеттемелерін қатаң ұстанады.

1994 жылғы 5 желтоқсанда ЕҚЫҰ-ның Будапешт саммитінде ядролық қарусыз мемлекеттер ретінде ЯҚТШ-ға қосылуына байланысты Қазақстан, Беларусь және Украинаға Қауіпсіздік кепілдігін беру туралы Меморандумға Ресей, АҚШ және Ұлыбритания қол қойды. Бұл құжатқа қол қою Қазақстанның өз аумағынан ядролық қаруды шығару бойынша өз міндеттемелерін толығымен және бұлжытпай орындағанын халықаралық қоғамдастықтың танығанын білдіреді.

Кейіннен осы сияқты кепілдіктер Қытай және Франция тарапынан берілді.

 2006 жылы 8 қыркүйекте Қазақстан Орталық Азияның өзге елдерімен қатар Семейде Ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойды, бұл жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті нығайтуда ұжымдық үлес болды.

Аймақ мемлекеттері қазіргі замандағы ең өзекті мәселелерді шешу бойынша ашық ынтымақтастық, қарусыздану және таратпау қағидаттарына өзінің берік ұстанымын мәлімдеді. 2009 жылғы 21 наурызда ратификациялық грамотаны депозитарийге депозиттеуден кейін (Қырғыз Республикасы) Шарт күшіне енді. 2014 жылдың 6 мамырында Ұлыбритания, ҚХР, АҚШ және Франция Семей шарты Хаттамасына қол қойды.

2009 жылы БҰҰ БА 29 тамыз – Семей ядролық полигонының ресми жабылған күні Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялау туралы Қазақстан бастамашылық еткен консенсумы қабылданды.

Біздің ортақ жігеріміздің арқасында Қазақстан «АТОМ» (Abolish testing. Our mission) жобасына бастамашылық етті. Жобаның міндеті – Петицияға қол қою жолымен ядролық қауіпке қарсы белсенді іс-қимыл жасау үшін әлемдік азаматтық қауымдастықты нығайту. Қазірдің өзінде, 100-ден астам елден 200 мыңнан астам адам ЯСЖТШ бекіту үрдісін талап етумен мемлекеттер басшыларына үнделген АТОМ Жобасының онлайн-петициясына қол қойды.

2015 жылы Хиросима және Нагасакиді атом қаруымен бомбалаудың 70 жылдығына орай, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен БҰҰ БА Ядролық қарудан азат әлем құрудың жалпыға ортақ декларациясы туралы қарары қабылданды. БҰҰ мүше мемлекеттерінің көпшілігімен қолдау таба отырып, ол ядролық қаруға тыйым салу бойынша халықаралық міндетті заңды құжат қабылдауда маңызды қадам болды.

БҰҰ ҚАРУСЫЗДАНУ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ (БҰҰ ҚК)

Қарусыздану Конференция, 1978 жылы өткен БҰҰ БА Қарусыздану жөніндегі бірінші арнайы сессиясы шешіміне сәйкес 1979 жылы құрылған. Бұл 65 мүше-мемлекетті біріктіретін, қарусыздану мәселелеріне қатысты келіссөздер өткізуге арналған жалғыз көпжақты форум болып табылады. Қарусыздану мәселелері бойынша БҰҰ басқармасы ҚК-ның Хатшылығы қызметін атқаруда. Конференцияның барлық шешімдері консенсуспен қабылданады.

ҚК және оның бастамашылары қарусыздану саласындағы негізгі халықаралық келіссөздер өткізуге арналған орындар болған, соның ішінде ЯҚТШ (1968), БҚК (1972), ХҚК (1992) және ЯСЖТШ (1996).

Қазақстан ҚК-ға 1999 жылы қосылды. 2014 жылғы мамыр-маусымда Қазақстан ҚК Төрағасы қызметін атқарды. Қазақстан Республикасы Қарусыздану жөніндегі конференцияны қарусыздану, таратпау және қарулануды қадағалау саласындағы жалғыз және ауыстырғысыз келіссөздер алаңы ретінде қарастырады.

ҚР Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысов 2015 жылы Жоғары деңгейлі сегментіне қатысуы барысында Конференцияда сөз сөйледі. 2016 жылы Қазақстан атынан Жоғары деңгейлі сегментке ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Волков қатысып, баяндама жасады.

2011-2013 жж. Қазақстан өкілі Қ. Тоқаев ҚК Бас Хатшысы және БҰҰ Бас Хатшысының Қарусыздану конференциясындағы жеке өкілі қызметін атқарды.

БИОЛОГИЯЛЫҚ ҚАРУЛАР ЖӨНІНДЕГІ КОНВЕНЦИЯ (БҚК)

Бактериологиялық (биологиялық) және уытты қарулар жасауға, өндіруге және оның қорларын шоғырландыруға тыйым салу және оларды жою жөніндегі конвенция (БҚК) жеке қару түріне толықтай тыйым салған қарусыздану саласындағы алғашқы халықаралық келісім болған. Конвенция қол қоюға 1972 жылы ашылып, 1975 жылы күшіне енген.

2015 жылы, БҚК 40-жылдығы құрметіне Женевада, Конвенция бойынша келіссөздер өткен Ұлттар Сарайында аталмыш датаға байланысты арнайы іс-шара өткізілген.

Қазақстан БҚК-ны 2007 жылы ратификациялаған. Қазіргі таңда 173 мемлекет БҚК мүшесі және тағы 9 мемлекет оған қол қоюшы болып табылады. БҚК-ның күшіне енген кезінен бастап, 7 Шолу конференциясы өткізілген. Кезекті Сегізінші Шолу конференциясы 2016 жылғы 7-25 қарашада Женевада орын алады.

«ІЗГІЛІКСІЗ» ҚАРУЛАР ЖӨНІНДЕГІ КОНВЕНЦИЯ (ІҚК)

Шектен тыс зиян келтіреді немесе таңдамай әрекет етеді деп саналуы мүмкін кәдімгі қарудың нақты түрлерін қолдануға тыйым салу немесе шектеу туралы конвенция (немесе «Ізгіліксіз» қарулар жөніндегі конвенция (ІҚК)) қол қоюға 1981 жылғы сәуірде ашылып, 1983 жылғы 2 желтоқсанда күшіне енген.

Конвенция процедуралар ережелері мен негізгі мәселелерін айқындайтын шекті құжат болып, жеке қару түрлерін реттейтін бес Хаттамадан тұрады:

- Анықталмайтын жарықшақтар туралы хаттаманы (I хаттама)

- Миналарды, қақпан миналарды және басқа да құрылғыларды қолдануға тыйым салу немесе шектеу туралы хаттама (Хаттама II)

- Өртегіш қаруды қолдануға тыйым салу немесе шектеу туралы хаттаманы (III хаттама)

- Көзді соқыр ететін лазерлік қару туралы хаттаманы (ІV хаттама)

- Соғыстың жарылу қаупі бар қалдықтары туралы хаттама (Хаттама V)

Қазақстан ІҚК мен I, III және IV Хаттамаларын 2009 жылғы ақпанда ратификациялаған. Қазіргі кезде 121 мемлекет ІҚК мүшесі және тағы 5 мемлекет Конвенцияға қол қоюшы болып табылады. Кезекті Бесінші шолу конференциясы 2016 жылғы 12-16 желтоқсанда Женевада өтеді.