Размер шрифта
Цвета сайта

Қазақстан халықаралық лаңкестік пен есірткі тасымалы, діни экстремизм қаупі тарайтын Ауғанстанның жүйелі және тұрақты дамуына мүдделі. Орталық Азия аймағында бейбітшілік пен қауіпсіздіктің орнауына Ауғанстандағы жағдайдың реттелуі тікелей байланысты деп санаймыз.

Қазақстан әлемдік қауымдастық пен Біріккен Ұлттар Ұйымы Ауғанстан Үкіметімен тығыз қарым-қатынаста елді қалпына келтіру мен ондағы саяси жағдайды реттеу үдерісінде белсенді және маңызды рөл атқаруы қажет деп пайымдайды.

Қазақстан басшылығы ауған қоғамын нығайту мен елді зайырлы демократиялық мемлекетке айналдыруға бағытталған АИР Үкіметінің күш-жігерін қолдайды.

Қазақстан 2005 жылы Ауғанстанда өткен парламенттік сайлауды мемлекеттің дамуындағы кезекті қадамы деп санайды. Әлемдік қауымдастық Парламент пен жергілікті басқару органдарының жасақталуы арқылы заңнамалық және атқарушы билікті қалпына келтіру бойынша Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі міндеттемелерін орындады.

Қазақстан Лондон конференциясында қабылданған қауіпсіздік, әлеуметтік-экономикалық даму, құқықтық тәртіп пен есірткімен күрес салаларын қамтыйтын Ауғанстан Үкіметі мен халықаралық қауымдастық арасындағы Ауғанстан туралы шартты қолдайды.

Біздің еліміз реформалардың алдағы уақытта жүзеге асуы мен сырттан келетін қаржылай көмекті тиімді пайлануға байланысты негізгі жауапкершілікті халықаралық қауымдастықтың қадағалауымен Ауғанстанның үкіметіне міндеттеу қажеттігі туралы пікірге қосылады. Ауғанстандағы жағдайдың дамуы - елді қалпына келтіру үдерісіне қатысатын мүшелердің, шекаралас және аймақтағы елдердің сапалы араласуына байланысты болмақ.

Осыған байланысты Қазақстан Ауғанстанның аймақтағы интеграциялық үдерістерге белсенді араласуын, өзара экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуын, оның ішінде Қазақстан-Ауғанстан үкіметаралық комиссиясының жұмысын белсендіру арқылы қазақстан тауарлары мен инвестициясын ауған нарығына енгізу, Қазақстанда экономика, өндіріс, қаржы, көлік және білім саласына қажетті ауғандық білікті мамандар дайындауды қолдайды.

Қазақстан Үкіметі 2007 жылғы 11 қазанда бекітілген Ауғанстанға жәрдемдесу жөніндегі 2007-2008 жылдарға арналған жоспарға сәйкес 2008 жылғы шілде айында АИР Қаржы министрлігінің арнайы есеп шотына Бамиан провинциясында аурухана, Саманған провинциясында мектеп салуға және Құндыз-Талукан тас жолын жөндеуге 2 млн. 380 мың АҚШ доллары аударды.

Сонымен қатар, Қазақстан жыл сайын ізгілік көмек көрсетуде. 2014ж. ақпандағы ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес,  Ауғанстанға ресми ізгілік көмек ретінде бидай ұны, құмшекер және сары май жолданды. Қазірге дейін Ауғанстанға жалпы 20,15 мың тонна шамасында (жалпы сомасы 17,09 млн. АҚШ долл.) азықтық көмек көрсетілді.

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Үкіметі ауған студенттерін оқыту бойынша білім бағдарламаны жүзеге асыруда. Бұл бағдарлама 2010-2020 жылдары аралығында 1 мыңға дейін ауғандық азаматтарын еліміздің оқу орындарында оқытуды көздейді. Оны іске асыруға республикалық бюджетте 50 млн. АҚШ доллары көлемінде қаражат қарастырылған.