Размер шрифта
Цвета сайта

Қазақстан Таяу Шығыста баянды бейбітшілік пен тұрақтылықтың орнатылуына мүдделі. Бұл өз кезегінде бейбіт еңбек пен аймақтық өзара ынтымақтастығы мақсатында елдердің орасан зор материалдық және зияткерлік қорларын тиімді пайдалануға зор мүмкіндік беретін еді.

Қазақстан палестиналықтар мен израильдіктер арасындағы мәселелерді шешу мақсатында олардың барлық келіссөздер әлеуетін толығымен пайдалануын қолдайды. Мүдделі тараптар күш-жігерінің басты мақсаты БҰҰ ҚК 242 және 338 қарарлары, мадрид қағидаттары мен “жерді бейбітшілікке айырбастау” формуласы негізінде барлық бағыттағы бейбіт үрдісті жандандыру және алға жылжыту, Таяу Шығыс жанжалының барлық қатысушылары “Жол картасы” бейбіт реттеу жоспарында көрсетілген өздерінің міндеттемелерін орындау болуы тиіс.

Қазақстан Палестина халқының өз тағдырын өзі шешу құқығын, босқындарды қайтару мәселесінің әділ шешімін, тәуелсіз Палестина Мемлекетінің құрылуын қолдайды және де басып алынған Палестина аумағының демографиялық құрамын күштеп өзгертуге қарсы.

Дегенмен, Қазақстан лаңкестіктің барлық нышандары мен түрлерін айыптайды және осыған байланысты Израильдің қауіпсіздікте өмір сүруге деген талпынысын қолдайды. Содырлар мен экстремистердің әрекеттері израильдіктер мен палестиналықтар арасында көпжылдық келіссөздер барысында қол жеткізілген оң нәтижелерді жоққа шығарады. Алайда, террористік құрылымдармен күрес Палестинаның бейбіт тұрғындарын құрбандыққа және қайғы-қасіретке душар етпеуі тиіс.

Қазақстанның Иерусалимге қатысты ұстанымы бұл мәселені оның құқықтық статусын біржақты өзгертпей, БҰҰ белгілі қарарларына сәйкес шешу қажеттігін көздейді. Алайда, бұл мәселенің Израиль және оның келіссөздер бойынша араб әріптестеріне де өзектілігін назарға ала отырып, егер де шешімдер бейбіт келіссөздер нәтижесінде қол жеткізілетін болса, ҚР бұл мәселенің, сондай-ақ Таяу Шығыс жанжалының басқа маңызды тұстарының кез келген шешіміне құрметпен қарайды.

Қазақстан, сондай-ақ сирия-израиль бағытындағы келіссөздер үрдісін жандандыруға шақыра отырып, Сирияға жаулап алынған Голан жоталарының қайтарылуын қолдайды.

Жалпы Қазақстан бейбіт реттеу үрдісі қоса-демеушілер мен халықаралық және аймақтық ұйымдардың күш-жігері, сондай-ақ келіссөздер үрдісіне қатысушылардың ізгі ниеті Таяу Шығыста берік, толық және әділ бейбітшілікке қол жеткізеді деген үмітін білдіреді.