Размер шрифта
Цвета сайта

Халықаралық көрмелер бюросы (ХКБ) Халықаралық дүниежүзілік көрмелер туралы Париж конвенциясы ережелерінің орындалуын бақылау мақсатында 1928 жылы құрылды. Бірінші әмбебап көрме 1851 жылы Лондон қаласында өтті. Қазіргі уақытта осы халықаралық ұйымға 167 ел кіреді. Қазақстан 1997 жылы ХКБ-ның мүшесі болды. Ұйымның штаб-пәтері Парижде орналасқан.

ХКБ-ның бас органы жылына екі рет жиналатын Бас ассамблея болып табылады. Оның жұмысына ұйымға мүше мемлекеттердің үкіметтерімен тағайындалған делегаттар қатысады. Бас ассамблеяда Париж конвенциясы ережелерін орындаумен, жаңа мүшелерді қабылдаумен байланысты мәселелер қарастырылады, дүниежүзілік көрмелерді тіркеу, сыныптау және ұйымдастыру, ұйым бюджетінің ережелері қарастырылады және бекітіледі, ХКБ Бас хатшысының, басқарушы органдарының, сондай-ақ көрмелерді ұйымдастырушы елдердің баяндамалары тыңдалады.

Халықаралық көрмелер бюросының Президенті екі жылға сайланады және тағы бір рет екіжылдық мерзімге қайта сайлануға құқығы бар. Оның құзыретіне өкілетті фунцкцияларды іске асыру және Бас ассамблеяның отырыстарын өткізу кіреді. Қазіргі уақытта Халықаралық көрмелер бюросының Президенті Фердинанд Наги (Румыния) болып табылады.

Негізгі ұйымдастырушылық жұмыс ХКБ атқарушы органдарының жұмысын үйлестіретін, Бас ассамблея отырыстарының дайындығын іске асыратын, көрмелерді өткізу жөніндегі елдер қорытындыларының өтінімдерін дайындайтын, ұсынылған жобаларға баға берумен айналысатын, көрмелер жұмысының барысы мен нәтижелерін талдайтын ХКБ хатшылығымен жүзеге асырылады. 1994 жылдан бастап Бас хатшы Висенте Гонсалес ЛОССЕРТАЛЕС (Испания) болып табылады.

Халықаралық көрмелер бюросының басқарушы органдарының құрылымына Атқарушы комитет, Регламент комитеті, Әкімшілік және бюджет комитеті, Ақпарат және коммуникация комитеті кіреді. Халықаралық көрмелер бюросының 146-шы Бас ассамблеясы кезінде 2009 жылғы қарашада Қазақстан Монако (төраға), Бельгия, Моңғолия, Филиппин, Доминикан Республикасы, Словения, Сальвадор және Того кіретін Ақпарат және коммуникация комитетіне сайланған болатын.

Халықаралық көрмелер бюросы шеңберінде ең ірі іс-шаралар Дүниежүзілік әмбебап және мамандандырылған көрмелер болады. Әмбебап көрмелерді белгілі бір тақырыпсыз әр бес жыл сайын өткізеді, ал мамандандырылған көрмелер үшін ұйымдастырушылардан экспозицияға бағыт беру үшін жобаның нақты тақырыбы талап етіледі.