Размер шрифта
Цвета сайта

Сыртқы саясат ведомствосы қызметінің негізгі бағыттары - шетел инвестицияларын тарту, отандық экспорттаушыларға дайын өнімді әлемдік нарықтарға шығаруға жәрдемдесу, сонымен қатар индустриялық-инновациялық жобалар мен «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыруға қатысу болып табылады. Бұл туралы бүгін Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын іске асыруға арнаған брифингте айтты.

Мемлекет басшысы осы бағыттағы тиімділік тұрғысынан перспективалық тетіктерді айқындап берді. Олардың ішінде Ұлттық инвестициялық және экспорттық стратегияларды әзірлеу мен қабылдау, «Kazakh Invest» және «Kazakh Export» инвестициялар мен экспорт жөніндегі ұлттық компанияларды құру, сондай-ақ, сыртқы сауда мәселелері бойынша Үкімет құрылымындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бар.

Қайрат Әбдірахмановтың айтуынша, Қазақстанда инвесторлармен барлық деңгейде өзара іс-қимыл орнататын тиімді институттар құрылған.

«Мемлекет басшысының төрағалығымен жүйелі түрде Шетел инвесторлары Кеңесінің отырысы өткізіліп тұрады, кезекті отырыс Астанада ЭКСПО-2017 Көрмесін өткізу барысында болады. ҚР Премьер-Министрі басшылық ететін Инвестициялық ахуалды жақсарту кеңесі мен «Инвестициялық штаб» деп аталатын инвесторларды тарту мәселелері жөніндегі Үкіметтік кеңес жұмыс істейді. Сонымен қатар Инвестициялық омбудсмен институты қызмет атқарады», - деді Қ. Әбдірахманов.

Министр мемлекеттік органдардың бірлесіп атқарған жұмыстарының нәтижесінде Қазақстанға 2005-2016 жылдар аралығында 242 млрд. АҚШ доллары, соның ішінде өткен жылы 20,6 млрд. АҚШ доллары тікелей шетел инвестициялары тартылғанын мәлімдеді.

«Мемлекет басшысы экономикалық дипломатияның нығаюына ерекше көңіл бөлуде. Шетелдік ресми сапарларының көбісі оның шетелдік бизнес қоғамдастығымен кездесулерді қамтиды, коммерциялық келісімдер жасалады», - деп баса айтты министр. Мысалы, Президенттің 2016 жылы Иранға жасаған сапары барысында жалпы жиынтық құны 1,4 млрд. АҚШ долларын құрайтын 48 келісімге, Түркияда – 520 млн. АҚШ долларын құрайтын 20 құжатқа, Сауд Арабиясында – 200 млн. АҚШ долларын құрайтын 10 құжатқа, Жапонияда – 1,2 млрд. АҚШ долларын құрайтын 13 құжатқа, Оңтүстік Кореяда – 640 млн. АҚШ долларын құрайтын 24 құжатқа қол қойылды. Мемлекет басшысы осы жылы Біріккен Араб Әмірліктеріне жасаған сапары барысында 6,3 млрд. АҚШ долларын құрайтын бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.

2016 жылы шетелде сауда-экономикалық және инвестициялық тақырыпта 300-ден астам іс-шара өткізілді, шетелдік делегациялардың Қазақстанға және қазақстандық делегациялардың түрлі іс-шараларға қатысуы, сондай-ақ әлеуетті әріптестермен арнайы кездесулер мен келіссөздер өткізуі үшін шет елдерге 600-ден астам жұмыс сапары ұйымдастырылған.

Оған қоса, Қ.Әбдірахманов ҚР СІМ бастамасымен құрылған «Дипломатиялық бизнес клубының» аясында Оңтүстік Қазақстан облысының инвестициялық мүмкіндіктерін зерделеу мақсатында үстіміздегі жылы шетелдік елшілердің осы өңірге сапары жоспарлануда.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен (ЭЫДҰ) өзара іс-қимыл туралы айта келе, сыртқы саяси ведомство басшысы ЭЫДҰ-ның осы жылғы «Еуразия аптасы» Ұйымнан тыс, Алматыда 23-25 қазанда өтетінін атап өтті. «Еуразия аптасының» мақсаты – Еуразия мемлекеттері мен Ұйымға мүше елдер арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайту үшін жағдайлар жасау болып табылады.

Осы ретте, Қ. Әбдірахманов арнайы Жұмыс тобы мен «Жол картасы» қабылданған, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) шетелдік мамандарына қызмет көрсету бойынша «бір терезе» құру мәселесі жөнінде әңгімеледі.

Сонымен қатар, министр қоғамның рухани жаңғыруы жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның, соның ішінде «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын ҚР СІМ-нің іске асыру барысы туралы хабардар етті.