ҚР Сыртқы істер министрлігінде «Қазақстан әлем балаларының көзімен» І Халықаралық сурет байқауының жеңімпаздары марапатталды



НҰР-СҰЛТАН, 2019 жылғы 5 қараша – ҚР Сыртқы істер министрлігінде «Қазақстан әлем балаларының көзімен» І Халықаралық сурет байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық миссиялар басшылары, Қазақстанның және шетел мәдениет және өнер қайраткерлері, алыс-жақын шетелден келген жас таланттар, БАҚ өкілдері қатысты. 

«Қазақстан әлем балаларының көзімен» Халықаралық сурет байқауы елімізде алғаш рет өткізіліп отыр. Жобаның мақсаты – әлем балаларын Қазақстанмен, оның тарихымен, мәдениетімен, географиясымен таныстыру, балалардың жеке және шығармашылық әлеуетін ашуға жағдай жасау. 

Байқауға 7-16 жас аралығындағы Әзербайжанның, Беларусьтің, Жапонияның, Италияның, Қазақстанның, Ресейдің, Түркияның және басқа да елдердің балғын суретшілері қатысты.

Байқауға қатысу үшін балаларға «Қазақстан халқының ертегілері мен аңыздары», «Қазақстан тарихы», «Қазақстан көріністері», «Қазақстанның киелі жерлері», «Халық мейрамдары» және «Қазақстан халқының салт-дәстүрлері» сияқты тақырыптар бойынша сурет жолдау ұсынылды.

Байқау қорытындысы бойынша жас суретшілердің 70 суретінен тұратын сурет көрмесі ұйымдастырылды.

Рәсімге қатысушыларға арнап №2 балалар музыка мектебінің жас домбырашылары мен скрипкашылары «Көңіл ашар» және «Rolf Lovland - Elan» композицияларын орындады. Байқау жеңімпаздары сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталды.

Марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко «Қазақстан әлем балаларының көзімен» байқауының елімізді танымал ету ісінде жасалған тағы бір қадам екендігін атап өтті. Байқауға балалардың түрлі елдерден қатысуы жас таланттардың Қазақстанға деген зор қызығушылығының белгісі. Ол байқауды жыл сайын өткізу дәстүрге айналатынын және оған қатысушылардың аясы кеңейе түсетініне үміттенетінін жеткізді. Р.Василенко ҚР Сыртқы істер министрлігінің атынан рәсімге қатысқан балаларды жеңістерімен құттықтап, оларға жаңа шығармашылық сәттіліктер мен жетістіктер тіледі.

Рәсімде сондай-ақ байқау қазылар алқасының төрағасы, еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ҚР суретшілер Одағының мүшесі Тілеужан Батанов та құттықтау сөз сөйледі.

Байқаудың ұйымдастырушылары – Нұр-Сұлтан қаласының Балалар көркемсурет мектебі-ЮНЕСКО клубы, Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасы, «Құланшы» қазіргі заман өнері Орталығы, «Байта» жас таланттардың шығармашылық бастамаларын қолдау қайырымдылық қоры және ҚР-дағы педагог-суретшілердің Халықаралық Одағының Өкілдігі.

Қосылған : 5.11.2019, 15:25, Өзгертілген : 5.11.2019, 15:25