«Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерімен танысты

Нью-Йорк, 2019 жылғы 29 қараша - Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі Нью-Йорктің жетекші университеттерінде оқитын «Болашақ» бағдарламасы стипендиаттарына арнап БҰҰ штаб-пәтерімен таныстыру іс-шарасын ұйымдастырды. Іс-шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін мерекелеуге арналды.

Колумбия және Нью-Йорк университеттерінің қазақстандық магистранттары БҰҰ Бас Ассамблеясының, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің залдарында, конференциялар ғимаратында болды, сондай-ақ 1997 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымына Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сыйға берген «Алтын Адамның» көшірмесін көрді.

Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінде «Болашақтықтармен» кездесу барысында Елші Қайрат Омаров қазақстандық дипломаттардың БҰҰ-дағы жұмысының ерекшеліктері, Н.Назарбаев ұсынған Біріккен Ұлттар Ұйымы шеңберіндегі негізгі халықаралық бастамалар, оның ішінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру туралы, Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу тәртібінің кодексін ұсыну, Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні және тағы басқалары туралы айтып берді. Ол сонымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымының жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, адам құқықтарын қорғау, экономикалық және әлеуметтік прогреске атсалысу бойынша қазіргі кездегі рөлі туралы өз ойымен бөлісті.

Елші Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде 2017-2018 жылдардағы жұмысының негізгі басымдықтары туралы айтып, магистранттардың сұрақтарына жауап берді.

«Біз өңіріміздегі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайланған алғашқы мемлекет болдық, және бүгінде Қазақстанның халықаралық беделі әлемдік аренада еліміздің мүдделерін әрқашан нық және шебер қорғап келген Елбасының көреген бастамалары мен дипломатиялық күш-жігерінің арқасында айтарлықтай өсті. Бүгінде бұл біздің дипломаттарымыздың БҰҰ-дағы жұмысын едәуір жеңілдетіп отыр», - деп баса айтты Қ.Омаров.

Әңгіме соңында Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінің басшысы «Болашақ» бағдарламасының жас стипендиаттарына оқуда сәттілік және жаңа шабыт тіледі.

Кездесуге қатысушылар арасында халықаралық қатынастар және әлемдік саясат, мемлекеттік басқару, PR және корпоративтік коммуникациялар, журналистика және білім берудегі сандық медиа салаларындағы болашақ мамандар болды.


Қосылған : 30.11.2019, 12:25, Өзгертілген : 30.11.2019, 12:25