Қазақстанның инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндіктері Сауд Арабиясында таныстырылды

2019 жылғы 22-23 желтоқсан күндері Даммам және Рияд қалаларында еліміздің Сауд Арабиясы Корольдігіндегі (САК) Елшілігі Рияд және Шығыс (Аш-Шарқия) провинциялары сауда-өнеркәсіп палаталарының (СӨП) қолдауымен Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы сауда, инвестиция және туризм салаларындағы ынтымақтастықтың келешегіне арналған семинарлар өткізді.

Екі күндік іс-шараға Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын, «KAZAKH INVEST» ҰК Акционерлік Қоғамының, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) және бірқатар қазақстандық туристік компаниялардың басшылары мен өкілдері қатысты. 

Сауд тарапынан Шығыс провинциясы СӨП-ның төрағасы А.Альхальди, Рияд СӨП төрағасының орынбасары және екі палатаның атқарушы кеңестерінің мүшелері, 80-нен астам түрлі саудтық компаниялардың, оның ішінде «Zamil Group», «Al Hokair Holding Group», «Al Fanar Company», «Arab Petroleum Investment Corp.», «Awad Group», «Saudi Fund for Development» секілді ірі компаниялардың және т.б. басшылары мен өкілдері қатысты.

Б.Арын ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде қатысушыларды Қазақстанның экономикалық жетістіктерімен таныстырып, шетелдік инвесторларға ыңғайлы бизнес-орта құру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.  

Елші биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 25-жыл толғанына тоқтала отырып, осы жылдар ішінде Нұр-Сұлтан мен Рияд арасында конструктивті саяси диалог орнағанын атап өтті. Дегенмен, сауда-экономикалық байланыстардың тиісті деңгейде дамымай отырғанына және соңғы жылдарда өзара сауда көлемінің төмендеу тенденциясына назар аударды.

Осы ретте, ол саудтық бизнесмендерді бұл бағытта жұмысты белсендіруге, атап айтқанда, Қазақстанда өтетін түрлі инвестициялық жобаларға қатысуға, қазақстандық әріптестермен тікелей байланыс орнатуға үндеді. Сондай-ақ, саудтық кәсіпкерлерді Қазақстанға барып, бар мүмкіндіктермен көзбе-көз танысуға шақырды.

Өз кезегінде, Қазақстан делегацияның мүшелері тақырыптық таныстырылымдар жасады. «KAZAKH INVEST» басшылығы қатысушыларды ел экономикасының түрлі салаларына инвестиция тарту мақсатында ҚР Үкіметі атқарып жатқан шаралармен таныстырды. Оңтайлы және ашық бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдайдың жасалуы, атап айтқанда визалық режимнің жеңілдеуі, инвесторлар құқықтарының қорғалуы, әкімшілік кедергілердің барынша азаюы атап өтілді.

Қазақстандық аграрлық-өнеркәсіптік кешеннің дамуы, оның ішінде ауыл шаруашылық саласындағы тың инвестициялық мүмкіндіктер жөнінде кеңінен әңгімеленді.

Сонымен қатар қазақстандық өкілдер саудтық бизнесмендерді АХҚО қызметімен, оның аясындағы исламдық қаржыландыру секторымен жан-жақты таныстырды. Бұл Орталық тек Орталық Азия, Еуропа мен өзге аймақтарында ғана емес, сондай-ақ Таяу Шығыс елдері үшін айрықша қаржы хаб екені атап өтілді.

Бұған қоса, қатысушылар Қазақстанның туристік мүмкіндіктерімен таныстырылды. Туристік компаниялар еліміздің туристік кластерінің зор әлеуеті мен оның экологиялық туризмнен іскерлік туризмге дейін ұсынылатын көптеген түрлері барлығын атап өтті. 

Жалпы, іс-шара қатысушылардың Қазақстанмен жұмыс істеуге еген  жоғары ынтасын көрсетті. Мысалға, саудтық ең ірі компаниялардың бірі болып табылатын «Zamil Group» холдингінің негізін қалаушы Абдулрахман Замиль Қазақстан Үкіметінің ел экономикасын реформалау мен шетелдік инвесторларға ыңғайлы жағдай жасау бойынша атқарған шараларын жоғары бағалай отырып, саудтық компанияларды Қазақстандағы инвестициялық жобаларға белсенді қатысуға шақырды және бұл бағытта стратегиялық әріптeстік орнатуды ұсынды. 

Семинар аяқталған соң екі елдің компаниялары арасында «В2В» кездесулері өтті. Оның аясында сауд тарапы Қазақстанның түрлі саладағы нақты инвестициялық жобаларымен таныстырылып, болашақ іс-әрекеттерді үйлестіру үшін қызығушылық танытатын бағыттарда тікелей байланыстар орнатты.

Қосылған : 24.12.2019, 18:00, Өзгертілген : 24.12.2019, 18:00