Қазақстанның Елшісі жұмыс сапарымен Сауд Арабиясының Әл-Қасым өңірінде болды

2020 жылғы 14-15 қаңтарда Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын Әл-Қасым өңірінде болып, ол жерде Әл-Қасым губернаторы Фейсал бен Мишааль Әл Саудпен, өңірлік Сауда-өнеркәсіп палатасының Бас хатшысы Мұхаммед Әл-Хнайамен және аймақтағы бірқатар бизнес өкілдермен кездесулер өткізді. 

Кездесулер барысында тараптар түрлі бағыттарда, соның ішінде ауыл шаруашылық саласындағы екі елдің аймақтары арасындағы ынтымақтастықты орнату жолдарын талқылады. Елші сұхбаттастарын Қазақстанның аграрлық-өнеркәсіптік кешенінің қазіргі дамуы мен бұл саладағы инвестициялық мүмкіндіктерімен кеңінен таныстырды. 

Әл-Қасым өңірінің Корольдік экономикасында маңызды рөл ойнайтынына байланысты аймақтар арасында бауырластық байланыстар орнату мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. 

Тұңғыш Король Абдулазиз Әл Саудтың немересі болып табылатын ханзада Фейсал Қазақстанның даму қарқынын жоғары бағалап, екі елдің аймақтары арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту үшін бауырлас қарым-қатынастарды дамыту мен түрлі деңгейдегі өзара сапарларды ұйымдастыру арқылы жан-жақты қолғабыс көрсетуге дайындығын білдірді.

Әл-Қасым Сауда-өнеркәсіп палатасында өткен кездесуде тараптар өзара сапарлармен алмасу, бірлескен семинарлар ұйымдастыру, екі елде өтетін көрмелер, фестивальдар мен т.б. іс-шараларға қатыстыру арқылы  қазақ және сауд бизнесмендері арасында тікелей байланыстар мен әріптестік орнату бағытында күш-жігер салу жөнінде уағдаласты.

Қазақстан Елшісі жұмыс сапары аясында аймақтағы бірқатар ауыл шаруашылық кешендерімен танысып қайтты. Атап айтқанда, құрманың 125 түрі мен 40-тан астам апельсин, мандарин, грейпфрут секілді цитрус түрлерін өсіретін шаруашылық қызметімен танысты. Сонымен қатар, ол балық өсіретін өндіріс объектісінде болды. Теңіз жағалауында орналаспаса Әл-Қасым Корольдіктегі жалпы балық өнімінің шамамен 70 пайызын беретінін атап   өту керек. Бұған қоса, елдегі су тапшылығы мен ыстық ауа-райына қарамастан жыл бойы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отырған жаңа технологиялармен жабдықталған Корольдіктің жер суғару саласындағы тәжірибесімен танысты.   

Атап өтетін жайт, Әл-Қасым Сауд Арабиясының шөлді климатына қарамастан жасыл шалғындары бар, ешкі, қой, түйе жайылып, арпа, бидай, жеміс-жидек пен көкөністің көптеген түрлері өсетін ауыл шаруашылығы дамыған аймақ. Өңірдегі 9 миллион пальма ағашында өсетін алуан түрлі құрмалар, Сауд Арабиясына Таяу Шығыстағы құрма өндіруші елдер арасында жетекші орынды қамтамасыз етіп отыр. 

Аймақтың әкімшілік орталығы болып табылатын Бурайда қаласында 70 мыңнан астам студенті бар Сауд Арабиясындағы ең ірі университеттердің бірі орналасқан. Сондай-ақ, онда индустриалдық өндірістер дамып келеді, оның ішінде фармацевтикалық фабрикалар, цемент өндіруші зауыттар және т.б. бар.

Қосылған : 16.01.2020, 17:00, Өзгертілген : 16.01.2020, 17:00