БҰҰ Бас хатшысы Қазақстанның теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге көмек көрсету үшін «жол картасын» дайындау туралы ұсынысын қолдады


НЬЮ-ЙОРК, 2020 жылғы 5 наурыз - БҰҰ мамандандырылған агенттіктері мен құрылымдары теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобына практикалық көмек көрсету үшін «жол картасын» әзірлейді. Бұл туралы осы елдер тобының өкілдері БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен Қазақстанның төрағалығымен Ұйымның штаб-пәтерінде өткен кездесуде келіскен.

Кездесуде Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров теңізге шығар жолы жоқ елдер тобының төрағасы ретінде теңізге шығу мүмкіндігінің болмауы, географиялық алыстығы және құрлықішілік оқшауланушылық салдарынан, халықаралық сауда бағдарларына және әлемдік сауда жолдарына қол жетімділіктің болмауынан мұндай елдер үшін басты қиындықтар туралы айтты. Ол халықаралық сауда рәсімдерін жеңілдету, шағын және орта бизнестің әлеуетін нығайту, инфрақұрылымды дамыту және құрылымдық мәселелерін шешу салаларында әріптестікті орнатудың маңыздылығын баса атап өтті.

«БҰҰ-ның көптеген жобалары әрбір нақты мемлекет үшін жасалуда, дегенмен көп теген проблемалар трансшекаралық сипатқа ие. Біз теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер үшін Вена іс-қимыл бағдарламасын іске асырудың нақты қадамдарын белгілейтін жол картасын БҰҰ-ның мүдделі субъектілерімен бірлесіп дайындау қажет деп санаймыз», - деді Қ.Омаров.

Өз кезегінде А. Гутерриш теңізге шығар жолы жоқ елдердің проблемаларын еңсерудің практикалық шарасы ретінде «жол картасын» құру идеясын қолдады. БҰҰ Бас хатшысы сондай-ақ теңізге шығар жолы жоқ елдерді «бір-бірімен өзара байланысты» елдерге айналдыратын көлік дәліздерін құру үшін мемлекеттер арасындағы тығыз өңірлік ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

БҰҰ Бас хатшысының қатысуымен кездесу алғаш рет Қазақстанның төрағалығымен өтті. Кездесуге теңізге шығар жолы жоқ елдердің жаһандық тобына кіретін мемлекеттердің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдері, сондай-ақ БҰҰ Хатшылығының жоғары лауазымды өкілдері қатысты.

Бүгінгі таңда Топтың құрамына 32 мемлекет: Африка континентінің 16 елі, Азиядан 10, оның ішінде Орталық Азия барлық бес мемлекеті мен Ауғанстан, Еуропадан 4 және Оңтүстік Америкадан 2 ел кірді.

Қазақстан әлем мұхиттарынан ең алыс қашықтықта (шамамен 3750 шақырым) орналасқан және теңізге шығар жолы жоқ әлемдегі ең ірі ел болып табылады.

Қосылған : 6.03.2020, 15:55, Өзгертілген : 6.03.2020, 15:55