Стратегиялық әріптестіктің 10 жылдығы: Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері

АСТАНА, 2018 жылғы 11 маусым – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық әріптестіктің 10 жылдығына арналған баспасөз конференциясы өтті.

Іс-шараға Қазақстан Парламентінің Мәжілісіндегі «Қазақстан-Франция» парламентаралық ынтымақтастық тобының төрағасы Омархан Өксікбаев және Франция Ұлттық Ассамблеясындағы достық тобының төрағасы Пьер Кабаре, Франция парламентінің депутаттары, сондай-ақ Қазақстандағы бірқатар француз компанияларының басшылары қатысты.

Іс-шараны ашқан Омархан Өксікбаев, Франция Еуропа елдерінің ішінде Қазақстанмен стратегиялық әріптестік туралы шартты (2008 ж. 11 маусым) жасасқан алғашқы ел болуын ерекше атап өтті. Ол бүгінгі екіжақты байланыстардың дамуы – ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Париждегі ресми сапары кезіндегі қабылданған уағдаластықтардың жемісі екендігін атап өтті.

Осы Келісім екіжақты қатынастардың барлық салаларда дамуына маңызды ықпал еткенін атап өткен жөн. 2008 жылдан мұнай мен газ, уран, титан, көлік, машина жасау, азық-түлік пен өңдеуші және басқа да өнеркәсіптерде бірқатар бірлескен экономикалық және инвестициялық жобалары іске асырылды. Ал осы жылдан бері екі ел арасындағы жалпы тауар айналымы 43 миллиард долларға жетті.

Соңғы 10 жыл ішінде Франция жалпы көлемінің 63% шамасында қазақстандық экспорттың баратын алты елдерінің қатарына жатады (РФ, ҚХР, Италия, Нидерланды және Швейцариядан кейін). Бүгінгі таңда Қазақстанда француз капиталы қатысуымен шамасы 130 компания жұмыс істеуде. Стратегиялық әріптестіктің 10 жыл ішінде француз инвестициялары 11,5 млрд. доллар құрады. Бұл Францияның іскерлік топтары атынан елімізге жоғары сенімнің көрсеткіші.

Алайда осы ынтымақтастық кен өндіруші өнеркәсіп саласымен ғана шектелмейді. Қазақстан «Airbus», «Alstom», «Total», «Orano», «Vicat», «Thales», «Danone», «Lactalis», «Soufflet», «Sanofi» және т.б. Франция мен әлем өнеркәсіптің ірі көшбасшыларын тарта білді. Француз технологияларын пайдалана отырып, Қазақстан өз бұйымдарын (темір жол локомотивтер мен автокөліктер) көрші елдерге экспорттауды да бастады. Ал алдағы уақытта «Total» мен «Urbasolar» жаңғыртылатын энергия саласындағы жобаларды ұсынады. Сонымен қатар, «Air Liquide» компаниясы мұнай өндіріске арналған техникалық газдарды шығару, ал «Bureau Véritas» электрондық автосақтандыру жүйесін құру жөнінде жобалары әзірлеуде.

Бұдан басқа «Airbus» шығаратын әр бесінші француздық ұшақ қазақстандық титанды пайдалануымен жасалғанын, ал Францияның атом электр станциялары біздің елімізде өндірілген уранмен істеп тұрғанын атап өткен жөн.

Пьер Кабарэ Қазақстан Францияның Орталық Азиядағы алғашқы сауда-экономикалық серіктесі екендігін атап өтті. «Бұл негізінен инвесторлар үшін жасалған тартымды жағдайлармен байланысты», - деді ол. Сондай-ақ П.Кабарэ еліміздің басшылығына халықаралық жанжалдарды шешу жөніндегі белсенді шаралар үшін алғыс білдірді.

«Сонымен қатар, біз Қазақстанда франкофонияны дамыту және Франциядағы қазақстандық студенттердің санын арттыруға қызығушылық білдіреміз», - деп айтты П.Кабарэ. Ол Қазақстан жастарын француздық жоғары оқу орындарында оқу үшін «Болашақ» бағдарламасы және «Абай-Верн» жаңа стипендиясының мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды. П.Кабарэ алдағы уақытта да жас қазақстандықтармен Францияның Ұлттық Ассамблеясында танысу кездесулерін өткізуге дайындығын білдірді.

Баспасөз конференциясы барысында Франция депутаты Буон Тан ынтымақтастықтың қазіргі форматымен шектелмей, парламентаралық байланыстарды кеңейтуді ұсынды. Сондай-ақ депутат Франция кәсіпкерлері үшін ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашатын еліміздің көліктік-логистикалық әлеуетін ерекше атап өтті.

Франция депутаттар тобы алты күндік сапары аясында Қазақстан Республикасы Парламенті мен билеуші партия басшылығымен кездеседі және бірқатар Қазақстан-Француз бірлескен кәсіпорындарына, сондай-ақ Алматыдағы «Сорбонна – Қазақстан» Институтына барады.


Қосылған : 11.06.2018, 12:00, Өзгертілген : 11.06.2018, 12:00