Будапештте Абай Құнанбайұлының 175-жылдығын атап өтті

2020 жылғы 29 қаңтарда Будапештте Қазақстан Республикасының Елшілігі ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы делегациясының қатысуымен қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының 175-жылдық мерейтойын мерекелеу аясында дөңгелек үстел өткізді, «Әлем таныған Абай» кітап-иллюстративті көрмесі мен «Абай әлемі» фотокөрмесі ұйымдастырылды.   

Мажарстан мен Қазақстанның шығармашылық зиялы қауымының, қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени ортасының өкілдері, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы бастаған абайтанушылар, қазақ диаспорасы, сондай-ақ қазақ тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін үйреніп жүрген мажарлық студенттер қатысқан іс-шара Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі Өкілдігінің ғимаратында өтті.   

Өз сөзінде Елші Ж.Әбдрашов Қазақстан мен Мажарстан арасында   саяси-экономикалық қарым-қатынастар ғана дамып қоймай, сонымен қатар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та қарқынды ілгерілеп келе жатқанын, атап айтқанда Будапештте А.Құнанбайұлының ескерткіші бар екенін атап өтті.  

Мажар тарапынан Мажарстан Премьер-министрінің кеңесшісі, мажарлық Пен-Клуб Президенті Г.Сёч сөз алып, әлемдік мәдени мұраға үлесін қосқан Абайдың еңбегінің терең пәлсапалық ойларына тоқталды.  Сонымен қатар Қазақстан мен Мажарстан арасында екіжақты мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастардың дамуына жоғары баға берді.   

Іс-шара барысында мажар тілінде М.Әуезовтің «Абай жолы» кітабының тұсаукесері болды.   

Іс-шарадан кейін Будапешт қаласында орталық парктегі Астана көшесінде Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі болды.    Қазақ диаспорасы, сондай-ақ қазақстандық және мажарлық студенттер Абайдың өлеңдері қара сөздерін оқып, әндерін орындады. 

Қосылған : 29.01.2020, 20:45, Өзгертілген : 29.01.2020, 20:45