Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Нұр-Сұлтан, 2019 жылғы 28 қазан

Мазмұны:

1) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Нидерландыға сапары туралы;

2) Қазақстан-швейцария үкіметаралық комиссиясы туралы;

3) Ведомствоаралық комиссияның отырысы туралы;

4) Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы СІМ-аралық консультациялар туралы;

5) БҰҰ бойынша ҚР СІМ брифингі туралы;

6) Мексикаға бару жөніндегі ұсыныс;

7) «Дипломатия жаршысы» журналының жаңа шығарылымы туралы.


1.    Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Нидерландыға сапары туралы

30 қазанда Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Маминнің Нидерланд Корольдігіне ресми сапары өтеді.

Бұл Қазақстан Үкіметі басшысының екі жақты қарым-қатынастар тарихында Нидерландыға алғашқы сапары болады. Оның барысында Нидерланд Премьер-Министрі Марк Рюттемен кездеседі. Келіссөздер барысында тараптар екіжақты инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың келешегін талқылайды деп күтілуде.

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин сондай-ақ Қазақстан-голланд бизнес-форумына қатысып, Shell, BITFURY, SUEZ GROUP, Farm Frites, Dutch Fruit Solutions Kazakhstan компанияларымен келіссөздер жүргізеді және бірқатар инновациялық нысандарды аралайды.

2.    Қазақстан-швейцария үкіметаралық комиссиясы туралы

Бүгін 28 қазанда Берн қаласында сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-швейцария үкіметаралық комиссиясының 10-шы отырысы өтуде.

Қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасының сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов басқаруда.

Үкіметаралық комиссияның жұмысы екіжақты инвестициялық және сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамытуға бағытталған.

Сапар барысында Бақыт Сұлтановтың федералдық үкімет және Швейцария бизнес өкілдерімен екіжақты кездесулері жоспарланған.

3.    Ведомствоаралық комиссияның отырысы туралы

29 қазанда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаевтың төрағалығымен Халықаралық гуманитарлық құқық және адам құқықтары жөніндегі халықаралық шарттар жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 19-шы отырысы өтеді. 

Отырыс шеңберінде құқық қорғау саласындағы ҚР халықаралық-құқықтық міндеттемелерін іске асыруға қатысты маңызды мәселелер талқыланады, олар біздің елімізде құқық қорғау стандарттарын жетілдіруге ықпал ететін болады.

Атап айтқанда, адам құқықтары саласындағы халықаралық шарттар ережелерінің орындалу барысы туралы кезекті ұлттық баяндамаларды дайындау мен қорғауды шолуға қатысты мәселелерді талқылау; БҰҰ-ның шарттық органдары мен арнайы рәсімдерінің ұсынымдарын іске асыру; Қазақстанның БҰҰ-ның халықаралық шарттарына қосылуы жоспарланып отыр.

4.    Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы СІМ аралық консультациялар туралы

29-30 қазанда Бішкек қаласында Қазақстан мен Қырғызстан Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде сыртқы істер министрліктерінің кеңесі өтеді. Қазақстандық делегацияны Министрдің орынбасары Марат Сыздықов, қырғыз тарапын – Министрдің бірінші орынбасары Нуран Ниязалиев басқарады.

Кеңес барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы Қырғызстанға мемлекеттік сапарын дайындау және оның шеңберінде Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Жоғары Мемлекетаралық Кеңесінің 5-ші отырысын ұйымдастыру, сондай-ақ екіжақты күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелерді талқылау жоспарлануда.

5.    ҚР СІМ-нің БҰҰ бойынша брифингі туралы

1 қарашада ҚР СІМ ғимаратында Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпус үшін «Біріккен Ұлттар Ұйымы және Қазақстан: тұрақты болашақ жолында бірге» тақырыбында брифинг өтеді.

Брифинг барысында БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерриштің БҰҰ күнін (24 қазан) мерекелеуге арналған бейне-жолдауы, ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің және БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Норимаса Шимомураның сөз сөйлеулері, сондай-ақ 2021-2025 жылдарға арналған тұрақты даму саласындағы БҰҰ-ның Қазақстанмен ынтымақтастығының жаңа негіздемелік бағдарламасы бойынша тұсаукесері күтілуде.

6.    Мексикаға бару бойынша ұсыныс

Қазіргі уақытта көші-қон дағдарысына байланысты мексикалық билік өз шекарасында бақылауды күшейтуде. Соның салдарынан әлемнің көптеген мемлекеттерінің азаматтары Мексика аумағына жіберілмей, кері бағытта депортациялануда.

Осыған байланысты, Мексика шекарасында қиындықтар туындауын және осы елге жоспарланған сапардың үзілуін болдырмау үшін Мексикаға туристік және іскерлік сапарларды уақытша тоқтатуды ұсынамыз.

Мексикаға бару қажет болған жағдайда, Мексиканың уәкілетті органдарын алдын-ала және уақытылы хабардар ету мақсатында саяхатқа қатысты барлық ақпаратты қоса бере отырып, Мехикодағы Қазақстан Республикасының Елшілігін ескерткен жөн болады.

Сондай-ақ, кез келген елдің мемлекеттік шекарасы арқылы өту осы мемлекеттің ішкі саясаты болып табылатынын және осыған байланысты қазақстандық дипломатиялық өкілдік тарапынан жәрдем көрсету Мексика аумағына еркін кіруге кепілдік бермейтініне назар аударамыз.

7.    «Дипломатия жаршысы» журналының жаңа шығарылымы туралы

Бүгін өзінің оқырмандарына дәстүрлі түрде сапалы контент ұсынатын «Дипломатия жаршысы» журналының күзгі нөмірі шығады.

Шығарылымда ядролық қарусыздану мәселесіне, атап айтқанда Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа (ЯҚТШ) және Қазақстанның осы саладағы бастамаларына ерекше назар аударылды. 

Қазақстанның Беларусь, Қырғызстан және Бразилиямен екіжақты және көпжақты қарым-қатынасын журнал беттерінде аталған елдердің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары терең және мазмұнды ашып, талдайды. 

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға алғашқы мемлекеттік сапары осы тоқсанның ең жарқын оқиғаларының бірі болды. Бұл тұрғыда Қазақстан-Қытай қатынастарының ауқымы мен тереңдігі туралы Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Сяо бөліседі. 

Күзгі шығарылымда басқа да қызықты материалдар ұсынылды: ЭКСПО-2017 көрмесінің мұрасы негізінде Қазақстанда жасыл технологияларды дамыту; ҚР бұрынғы сыртқы істер министрі, БҰҰ жанындағы Қазақстанның бірінші Тұрақты өкілі Ақмарал Арыстанбекованың «Қазіргі әлемдегі дипломатия» монографиясына, сондай-ақ қазақстандық дипломат Ильяс Қозыбаев жазған «Сәлім Құрманғожин мен үшін кім болды» атты кітабына рецензиялар ұсынылады.

Өздеріңіз білетіндей, «Дипломатия жаршысы» қазақ, орыс («Вестник дипломатии») және ағылшын тілдерінде («The Diplomatic Herald of Kazakhstan») шығарылады. Журналдың электрондық нұсқасы PDF және HTML форматтарында Министрліктің ресми сайтында қол жетімді.


Қосылған : 28.10.2019, 17:15, Өзгертілген : 28.10.2019, 17:15