Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Нұр-Сұлтан, 2019 жылғы 21 қазан


Мазмұны:

1) Беларусь Республикасы Президентінің Қазақстанға сапары туралы;

2) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ТМД ҮБК-ге қатысуы туралы;

3) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ЕАҮК-ге қатысуы туралы;

4) Қазақстан-Британ үкіметаралық комиссиясының 6-шы отырысы туралы;

5) Қазақстандық делегацияның Қосылмау қозғалысының саммитіне қатысуы туралы


1. Беларусь Республикасы Президентінің Қазақстанға сапары туралы

24-25 қазанда Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың Қазақстан Республикасына ресми сапары өтеді.

Беларусь Президентінің сапарын өткізудің негізгі мақсаты екі мемлекет арасындағы қатынастарды қарқындату және сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге баса назар аудара отырып, өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша дәстүрлі достық Қазақстан-Беларусь байланыстарына қосымша серпін беру болып табылады.

Келіссөздер барысында халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша сыртқы саяси бағыттағы өзара іс-қимыл мәселелері, интеграциялық бірлестіктер мен көпжақты ұйымдардағы екі елдің қызметі, сондай-ақ Қазақстан-Беларусь ынтымақтастығын одан әрі дамыту перспективалары талқыланады.

Тараптар сондай-ақ сауда-экономикалық, транзиттік-көліктік және отын-энергетикалық ынтымақтастықты, өнеркәсіптік кооперацияны, сондай-ақ ІТ және жоғары технологиялар саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтудің бірлескен тәсілдерін қарастырады.

Келіссөздер қорытындысы бойынша мемлекет басшылары Бірлескен мәлімдеме қабылдап, ынтымақтастықтың түрлі салаларындағы бірқатар екіжақты келісімдерге қол қояды деп күтілуде.

Сонымен қатар, сапар аясында Қазақстан-Беларусь бизнес-форумы өтіп, оның барысында кәсіпкерлік қоғамдастықтың алдында тұрған перспективалар мен міндеттер талқыланады, сондай-ақ Қазақстан мен Беларусь бизнес-құрылымдары арасында жаңа байланыстар орнатылады деп жоспарлануда.

Жалпы, бұл сапар Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының мүдделеріне жауап береді және Қазақстанның екіжақты дәстүрлі достық қарым-қатынастарын нығайту мен дамытуға деген қызығушылығын растайды.


2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ТМД ҮБК-ге қатысуы туралы

25 қазанда Мәскеу қаласында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин ТМД Үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысына қатысады.

Отырыс барысында Үкімет басшылары Достастық аясындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы мен перспективаларын талқылайды.

Атап айтқанда, 2011 жылы ТМД-ға қатысушы мемлекеттер қол қойған Еркін сауда аймағы туралы шартты іске асыру, сондай-ақ ТМД елдері арасындағы қызметтердің еркін саудасы туралы Келісім жобасын келісу барысы туралы пікір алмасу өтеді.

Отырыс шеңберінде заттар мен материалдардың құрамы мен қасиеттерінің стандартты үлгілерін жасау және қолдану бойынша ынтымақтастықты, сондай-ақ құқық қорғау саласындағы өзара іс-қимылды тереңдетуді көздейтін бірқатар халықаралық шарттарға қол қою жоспарланған.

Іс-шараға қатысушылар ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қоғамды цифрлық дамыту саласындағы ынтымақтастық тұжырымдамасын және оны іске асыру жөніндегі бірінші кезектегі іс-шаралар жоспарын бекітеді. Сондай-ақ, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету стратегиясына және 2025 жылға дейінгі кезеңге құс тұмауы мен Ньюкасл ауруымен күресу және алдын алу бойынша ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің бірлескен іс-қимыл кешеніне қол қою жоспарлануда.


3. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ЕАҮК-ге қатысуы туралы

25 қазанда Мәскеу қаласында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысының жұмысына қатысады.

Осы жылы бұл Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің үкімет басшыларының төртінші кездесуі болады. 

Отырыс барысында Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграциялық өзара іс-қимылдың бірқатар өзекті мәселелері қаралады. Үкімет басшылары қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың аралық қорытындыларын жасап, Еуразиялық экономикалық одақтағы алдағы жұмыстың бағыттарын анықтайды.

Сауда-экономикалық ынтымақтастық және мүше мемлекеттер арасындағы өзара сауданы кеңейту, Еуразиялық экономикалық одақтағы ішкі нарығы аясындағы кедергілерді жою, сондай-ақ экономиканың жекелеген салаларындағы интеграциялық әлеуетті дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылатын болады.

Іс-шара барысында бірқатар келісімдерге қол қою жоспарланған.


4. Қазақстан-Британ үкіметаралық комиссиясының 6-шы отырысы туралы

23-24 қазанда Лондон қаласында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Британ үкіметаралық комиссиясының 6-шы отырысы, «Kazakhstan Global Investment Forum 2019» инвестициялық форумы, сондай-ақ Қазақстан-Британ Іскерлік кеңесі өтеді.

Мемлекеттік және жеке сектордың өкілдері кірген қазақстандық делегацияны Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко басқарады.

Аталған іс-шаралардың негізгі мақсаттары екіжақты инвестициялық және сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамыту болып табылады. 

Сапар барысында Роман Василенконың Ұлыбритания министрліктері мен ведомстволарының, халықаралық құрылымдардың басшылығымен және британдық бизнестің «капитандарымен» екіжақты кездесулері жоспарланған.


5. Қазақстандық делегацияның Қосылмау қозғалысының саммитіне қатысуы туралы

25-26 қазанда Бакуде (Әзербайжан) Қосылмау қозғалысының саммиті өтеді. Іс-шараға Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев бастаған қазақстандық делегация қатысатын болады.

Саммит «Қосылмау қозғалысының Баку саммиті: Бандунгтік қағидаттарды басшылыққа ала отырып, қазіргі заманғы сын-қатерлерге бірлесіп және тиісті жауап беруді қамтамасыз ету» (NAM Baku Sumit: Upholding the Bandung Principles to Ensure Concerted and Adequate Response to the Challenges of Contemporary World) тақырыбына арналған.

Қазақстан үшін қосылмау қозғалысы халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелер бойынша бастамаларды ілгерілету мақсатында маңызды тұғырнама болып табылады.

1961 жылы пайда болған қосылмау қозғалысы бүгінгі таңда Азия, Африка, Латын Америкасы, Еуропа, Мұхит және т.б. 120 мемлекеттерін біріктіреді. Тағы 17 ел, соның ішінде Қазақстан бақылаушы ретінде қосылмау қозғалысы форумдарының жұмысына қатысады.

Қосылған : 21.10.2019, 18:00, Өзгертілген : 21.10.2019, 18:00