АХҚО Әзербайжан кәсіпкерлеріне таныстырылды

БАКУ, 2018 жылғы 30 қараша – Әзербайжан астанасында Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен және Әзербайжан Республикасы кәсіпкерлер (жұмыс берушілер) ұлттық конфедерациясының ұйымдастыруымен «Астана» Халықаралық қаржы орталығын» таныстыру шарасы өтті.

Іс-шараға Әзербайжан Республикасының бизнес-қауымдастығы мен қаржы институттарының 70-тен аса өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Елшісі Б.Исабаев қатысушыларды «Астана» Халықаралық қаржы орталығының» қызметімен және оның мүшелеріне берілетін артықшылықтары мен мүмкіндіктерімен таныстыра келе, АХҚО құру идеясы Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевқа тиесілі екенін атап өтті.

Қазақстан Елшісі Әзербайжанның бизнес және іскер топтарының өкілдерін АХҚО алаңына шақыра отырып, аталмыш құрылым Орталық Азия, Таяу Шығыс, Еуропа, Кавказ сырты, ЕЭО елдері мен Батыс Қытай өңірі үшін қаржы хабына айналатын және екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың қолайлы алаңы болатынын жеткізді.

Өз кезегінде АХҚО атқарушы директоры Айдар Қазыбаев Орталық аясында ағылшын құқығы қағидасы мен әлемдегі алдыңғы қатарлық қаржы орталықтарының стандарттарына негізделген арнайы юрисдикция қызмет атқаратынын назарға сала отырып, қараша айында NASDAQ, Шаңхай қор биржасы, Goldman Sachs стратегиялық әріптестері болып табылатын АХҚО Биржасында саудалар өткені туралы ақпараттандырды. «IPO-ға алғашқы болып әлемдік уран саласының көшбасшысы «Казатомпром» Ұлттық атом компаниясы АҚ кірді»,- деп қорытындылады ол.

Іс-шара соңында АХҚО өкілдері қатысушылар сұрақтарына жауап беріп, АХҚО алаңының мүмкіндіктеріне қызығушылық танытқан әлеуетті инвесторлармен екіжақты кездесулер өткізді.

Қосылған : 30.11.2018, 18:00, Өзгертілген : 30.11.2018, 18:00