Алғаш рет Латвия астанасында Қазақстандық «Абай» ақпарат орталығы ашылды

РИГА - «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Елшілігі Рига қаласында Латвия Университетінің Академиялық кітапханасында Қазақстандық «Абай» ақпарат орталығын ашты.

Орталықта Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптары, тарихи, ғылыми-танымдық және көркем әдебиет салаларындағы танымал қазақстандық жазушылардың қазақ, орыс, неміс және ағылшын тілдеріндегі еңбектері қойылған. Жалпы ҚР Ұлттық кітапханасы «Абай» орталығына 200-дей кітап сыйға тартты.

Орталықтың ашылу салтанатына ҚР Ұлттық кітапханасы мен Латвия Академиялық кітапханасының басшылары, Латвия Парламентіндегі «Латвия-Қазақстан» достық тобының депутаттары, министрліктер мен ведомстволардың қызметкерлері, БАҚ, академиялық топтар, зиялы қауым, сондай-ақ қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

Салтанатты шараға жиналған қонақтар, «Абай» орталығының кітаптар дүниесі оқырмандардың өткір қызығушылығын тудырып, қазақ халқының мәдени байлығымен етене танысуға мүмкіндік береді деген пікірде болды. Бұл Қазақстанның асқан белестері мен экономикада, саясатта және әлеуметтік салада қол жеткізген жетістіктерін әдебиет арқылы жеткізуге зор мүмкіндік болмақ.

Шараның ресми бөлігінде ҚР Ұлттық кітапханасы мен Латвия Университеті Академиялық кітапханасы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Тарихы 1524 жылдан бастау алатын Латвия Университетнің Академиялық кітапханасы (бұрын Рига қалалық кітапхана, Мемлекеттік тарихи кітапхана, Латвия Ғылым академиясының орталық кітапханасы атын иеленді) Латвия аумағындағы ең ірі орда саналып, Еуропадағы ең көне кітапханалардың бестігіне кіреді.

Қітапхананың қорында жүзге жуық ежелгі құндылықтар сақталған, антиктік авторлардың, ежелгі дүние әдебиетінің классиктері – Горацийдің, Тит Ливийдің, Овидийдің және басқа да жазушылардың еңбектері жиналған. Олардың тұпнұсқа тіліндегі туындылары Орталық кітапхананың букинистік көркі болып табылады.

Қосылған : 14.05.2019, 17:00, Өзгертілген : 14.05.2019, 17:00