Астана 20 жылдың ішінде әлемдік дипломатияның маңызды орталығына айналды деп есептейді конференция қатысушылары

АСТАНА, 2018 жыл 5 маусым – «20 жылдың ішінде Астана тәуелсіз Қазақстанның саяси, экономикалық және мәдени орталығы ғана болып қоймай, сондай-ақ дипломатияның, бітімгершілік пен халықаралық дамудың ірі орталығына айналды», - деп аталып өтті Қазақстан астанасының 20 жылдығына арналған «Астана - бейбітшілік қаласы» атты халықаралық конференция қатысушыларының бірлескен үндеуінде.

Конференцияны Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев ашты. Іс-шараға әр түрлі уақытта Астанада өткен халықаралық келіссөздер мен бітімгершілік үдерістерге қатысқан шетелдік саясаткерлер мен сарапшылар қатысты. Олардың ішінде Италияның бұрынғы сыртқы істер министрі Франко Фраттини, ИЫҰ-ның 9-шы Бас хатшысы Экмеледдин Ихсаноглу, ШЫҰ бұрынғы Бас хатшысы Мұратбек Иманалиев, БҰҰ Бас хатшысының Сирия жөніндегі арнайы өкілінің орынбасары Рамзи Эззельдин Рамзи, Франция, Жапония, Италия парламентшілері, сарапшылар мен дипломаттар бар.

«Астана заманауи, гүлденген Қазақстанның символына айналды және бүкіл елдің дамуы үшін басты флагман ретінде әрекет етуде. Бұл, ең алдымен, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңісі», - деді конференцияның ашылу барысында Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов.

Астананың халықаралық рөлі туралы айта отырып, Сыртқы істер министрі: «Қазақстан Президенті барлық күш-жігерін жұмсап, өңірлік және жаһандық ынтымақтастықты орнату, келіспеушіліктер туындаған тараптарды татуластыру, көшбасшылар арасын жақындастыру, халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту үшін кез келген мүмкіндікті жібермейді», - деп атап өтті.

Қатысушылар 2010 жылғы ЕҚЫҰ Саммиті, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, Сирия жөніндегі Астаналық процесі, ИЫҰ, ШЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ, ТМЫК, «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі сияқты маңызды оқиғалардың мұрасын талқылады.

«Осы оқиғалардың барлығында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өңірлік және ғаламдық деңгейде сенімділікті, қауіпсіздікті және өзара әрекеттестікті нығайтуға бағытталған дәйекті саясаты жатыр. Бұл саясат «Бейбітшілік. ХХІ ғасыр» деп аталатын манифестінде тұжырымдамалық дамуын алды. Онда адамзаттың «соғыс вирусынан» мәңгілікке құтылу қажеттігі көрсетіледі. Мемлекеттер арасындағы барлық дауларды реттеудің негізі бейбіт диалог пен бейбітшілік пен қауіпсіздікке, өзара сыйластық пен ішкі істерге араласпауға тең жауапкершіліктің қағидаттарына негізделген сындарлы келіссөздер болуға тиіс. Біз Еуразияның жүрегінде орналасқан заманауи, көрікті әрі серпінді қала – Астана халықаралық бейбітшілікті, қауіпсіздікті және өркендеуді қалыптастыруда маңызды рөл атқаруды жалғастыратынына сенім білдіреміз», - деп атап өтті іс-шараға қатысушылар қорытынды құжатта.

Еуропалық Одақтың Орта Азия бойынша арнайы өкілі Петер Буриан конференция қатысушылары алдында сөйлеген сөзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев бастамашылық еткен Астананы қазақ дәстүрлері мен заманауилықты үйлестіретін Қазақстанның заманауи елордасы ретінде құру көрінісі қысқа уақытта әрі сапалы түрде іске асырылғандығын мәлімдеді. «Қысқа мерзім аралығында Астана өзін өңірлік және жаһандық мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар бастамалар мен жаһандық маңызы бар іс-шараларды өткізу орны ретінде танытты», - деді П.Буриан.

«Ислам ынтымақтастық ұйымының даму жолындағы белгілі жетістіктері тікелей Астанамен байланысты, сондай-ақ бұл Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке ықылас танытуы нәтижесінде жүзеге асырылды. Президент ИЫҰ-ға мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің кездесуінде жаңғырту мен реформаны ХХІ ғасырдағы ислам әлемінің негізгі қағидалары ретінде айқындайтын ұйымның прогрессивті құжаттарының бірі болып табылатын ИЫҰ Астана декларациясының негізін қалады», – деп мәлімдеді ИЫҰ 9-хатшысы Экмелледин Ихсаноглу.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектурова, Варшаваның вице-мэрі Витольд Паль, Виннипег Университетінің профессоры Франк Альбо, бизнесмендер мен ғалымдар «Ақылды қалалардың» дамуына арналған сессия барысында хаб-қалалардың озық тәжірибелерін қарастырды және интеллектуалды қалалық технологияларды енгізу мәселелерін талқылады.

«Астана инновация, қаржы, сауда және көлікке арналған хаб ретінде» үшінші сессиясы ең алдымен «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы, Халықаралық IT-стартаптар технопаркін іске қосу аясында халықаралық сауда мен қызметтерді ілгерілетуді кеңейту мәселелеріне арналды. Сессияға АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов, АХҚО сот төрағасы Лорд Гарри Кеннет Вульф, АХҚО Халықаралық төрелік орталығының төрайымы Барбара Доман, АХҚО қаржы қызметтерін реттеу жөніндегі комитетінің төрағасы Барбара Сингер Джадж, Халықаралық салық және инвестициялар орталығының президенті Дэниель Витт, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының басшысы Рәпіл Жошыбаев қатысты.

Конференция барысында Вашингтон қаласының мэрі Мюриель Баузердің құттықтау хаты, сондай-ақ АҚШ Конгресінің мүшесі Эллиот Энгельдің Астананың 20 жылдығына орай жолдаған ресми мәлімдемесі оқылды. Конгрессменнің мәлімдемесінде 20 жылдық тарихы бар Астана Орталық Азиядағы ең заманауи қалалардың бірі сондай-ақ өңірдегі орталық және Шығыс пен Батыс арасындағы байланыстырушы көпір болып табылатындығы атап өтілді. Аталған жетістіктерге байланысты Астана ортақ мақсаттарға қол жеткізуде басқа елдер мен серіктестер үшін үлгі бола алады.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасы және ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының қоры конференцияны бірлесіп ұйымдастырды. Жақын арада халықаралық конференцияға қатысушылардың баяндамалар жинақтамасы басып шығарылады.

Қосылған : 6.06.2018, 15:00, Өзгертілген : 6.06.2018, 15:00