Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2018 жылғы 1 қазан

Мазмұны:

1) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер басшылары кеңесінің отырысына қатысуының негізгі қорытындылары туралы;

2) 24-29 қыркүйек аралығында қазақстандық делегацияның Нью-Йорк қаласында өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблея 73-ші сессиясының жұмысына қатысуының негізгі қорытындылары туралы;

3) Экономика және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық жөніндегі қазақстандық-испандық Үкіметаралық аралас комиссияның 8-отырысының қорытындылары туралы;

4) Лондондағы Қазақстан-Британия инвестициялық форумы туралы;

5) Герман Бундестагының депутаты, Германия Сыртқы істер министрлігінің Ресей, Орталық Азия және Шығыс әріптестігі елдерімен ынтымақтастығы жөніндегі қоғамаралық үйлестірушісі Дирк Визенің сапары туралы;

6) Астанада өтетін Дүниежүзілік мұнай кеңесінің отырысы туралы.


1) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер басшылары кеңесінің отырысына қатысуының негізгі қорытындылары туралы

28 қыркүйекте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республикасының төрағалығымен Душанбе қаласында өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (әрі қарай - ТМД) Мемлекет басшылары кеңесінің кезекті отырысына қатысты.

Кездесу барысында ТМД Мемлекеттер басшылары Достастық шеңберіндегі өзара іс-қимыл туралы пікірлер алмасулар, сондай-ақ ұйым қызметінің тиімділігін одан әрі арттыру мәселелері қарастырылды.

Мәдени-гуманитарлық салада ТМД Мемлекеттер басшылары 1948 жылғы 10 желтоқсандағы Адам құқықтары жөніндегі жалпы декларацияның қабылданғанына 70 жыл толуына орай, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы және Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына орай бірлескен мәлімдемелер қабылдады.

Бәрімізге белгілі, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын тойлау 2020 жылы өтеді. Осыған орай, Мемлекеттер басшылары Саммит барысында ұйымдастырушылық іс-шараларды, сондай-ақ, Отан қорғаушыларды мәңгі есте қалдыру шаралары бойынша 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оларға теңестірілген адамдарды әлеуметтік қорғауды көздеген бірлескен іс-шаралар Жоспарын қабылдады.

Сондай-ақ, қабылданған шешімге сәйкес, 2021 жылы «Достастық мәдени астаналары» атты Мемлекетаралық бағдарлама Тәжікстан Республикасында іске асырылатын болады.

Отырыс барысында Мемлекеттер басшылары екі халықаралық шартқа қол қойды - ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы конвенция және Ақпараттық технология саласындағы қылмыстармен күрес бойынша ынтымақтастық туралы келісім.

2019 жылы ТМД-ға төрағалықты Түрікменстан атқарады. Осыған орай, ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің кезекті отырысы 2019 жылы 11 қазанда Ашхабад қаласында өтеді.

Саммит қарсыңында, 27 қыркүйекте Душанбеде ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтіп, оған Сыртқы істер минстрінің орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев бастаған Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің делегациясы қатысты.

Аталған іс-шараға тек Украинадан басқа барлық ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволарының делегациялары қатысты.

Шағын форматтағы отырыс барысында тараптар халықаралық күн тәртібінің және ТМД аясындағы өзара іс-қимылдардың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Сондай-ақ, Саммит барысында 1948 жылғы 10 желтоқсандағы Адам құқықтары жөніндегі жалпы декларацияның қабылданғанына 70 жыл толуына орай бірлескен мәлімдеменің жобасын ТМД мемлекет басшылары кеңесімен қабылдау және қарауына енгізу туралы және ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысын 2019 жылы 5 сәуірде Мәскеу қаласында өткізу туралы Шешімдер қабылданды.

Кең ауқымды форматта ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы 2019-2020 жылдарға арналған басымды іс-шаралар Жоспарының жобасы туралы ТМД Атқарушы комитетінің баяндамасы тыңдалып, тараптармен қабылданды.

Жалпы алғанда, ТМД Сыртқы істер министрлерінің кеңесі ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің кезекті отырысының күн тәртібіне енгізілген мәселелерді қарау мен келісуге арналған болатын.

2) 24-29 қыркүйек аралығында қазақстандық делегацияның Нью-Йорк қаласында өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблея 73-ші сессиясының жұмысына қатысуының негізгі қорытындылары туралы

24-29 қыркүйекте Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов бастаған қазақстандық делегация Нью-Йорк қаласында БҰҰ Бас Ассамблеясының 73-ші сессиясының іс-шараларына қатысты.

Қазақстан делегациясы БҰҰ Бас Ассамблея 73-ші сессиясының жалпы дебаттарының ашылуына; Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуіне және аталған іс-шара шеңберінде өткен Қытай Халық Республикасынан Тәжікстанға төрағалықты тапсыру рәсіміне; Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің кездесуіне; Америка Құрама Штаттарының төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің ядролық таратпау және Корей Халық Демократиялық Республикасындағы ахуал жөнінде екі отырысына; Экономикалық ынтымақтастық ұйымы Министрлер кеңесінің кездесуіне; Теңізге шығу жолы жоқ дамушы елдер тобы мемлекеттерінің министрлер кездесуіне; БҰҰ Өркениеттер Альянсының достары тобының министрлер кездесуіне; «Нельсон Мандела Бейбітшілік саммиті» атты жоғары деңгейдегі іс-шарасына және тағы басқа іс-шараларға қатысты.

Сонымен қатар, Қазақстан делегациясы Біріккен Ұлттар Ұйымының алаңдарында 40-тан астам екіжақты кездесулер өткізді, соның ішінде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Ангола, Армения, Әзербайжан, Біріккен Араб Әмірліктері, Грекия, Доминикан Республикасы, Корей Халық Демократиялық Республикасы, Куба, Марокко, Норвегия, Судан, Украина сыртқы істер министрлерімен және бірқатар басқа елдердің өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізді.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 73-ші сессиясы шеңберінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтерген бастамасы аясында жүзеге асырылған маңызды саяси құжат - Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу мінез-құлық кодексіне қол қойылды. Құжатқа 28 қыркүйекте әлемнің 70-тен астам мемлекетінің жоғары өкілдері қол қойды.

Мінез-құлық кодексі халықаралық қоғамдастық тарапынан айтарлықтай қолдау алды. Құжат қалған елдердің қол қоюы үшін ашық.

Осылайша, 2015 жылы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық 70-ші сессиясында жарияланған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың терроризмнен азат әлемге кең жаһандық коалиция құру жөніндегі бастамасы жүзеге асырылуда.

Кодекс инновативті сипатта және алғашқы рет қауіпсіздік, терроризммен күресу және дамудың өзара тәуелділігін таниды. Құжат 2045 жылға қарай терроризмге қарсы халықаралық міндеттемелердің кең ауқымын іс жүзінде жүзеге асыруға және терроризмнен азат әлемге кең жаһандық коалиция құруға серпін беруге бағытталған. Оның террористік актілерді жасауға территорияны бермеу, терроризмге төзбеушілік және мұндай құбылысқа мемлекеттік және қоғамдық біртұтас тәсіл сияқты маңызды элементтері бар.

3) Экономика және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық жөніндегі қазақстандық-испандық Үкіметаралық аралас комиссияның 8-отырысының қорытындылары туралы

27 қыркүйекте Астанада Қазақстан Ұлттық экономика вице-министрі Әсет Ерғалиев пен Испания Сауда жөніндегі мемлекеттік хатшысы Шиана Мендес Бертолоның тең төрағалығымен Экономика және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық жөніндегі қазақстандық-испандық Үкіметаралық аралас комиссияның 8-отырысы өткізілді.

Іс-шара барысында қазақстандық-испандық сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндігі талқыланды.

Қазақстандық тарап Қазақстанның экономикасына инвестиция салу үшін келешегі зор болуы мүмкін инвестициялық және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалар туралы хабардар етті.

Комиссия шеңберінде «Қазақстан-Испания» іскерлік кеңесінің

5-отырысы өткізілді. Оның қызметі екі елдің бизнес өкілдерінің арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Іскерлік кеңес «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі» АҚ-ның басқарма төрағасы Айдар Әріпханов пен «МАХАМ» компаниясының президенті Хосе Фернандо Санчес-Хунконың тең төрағалығымен өткізілді.

Іс-шара шеңберінде «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі» АҚ мен Сауда саласындағы мемлекеттік хатшылығы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға және «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі» АҚ мен «Cofides» испан компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған.

4) Лондондағы Қазақстан-Британия инвестициялық форумы туралы

2 қазанда Лондон қаласында «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы және Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен «Kazakhstan Global Investment Forum» атты халықаралық инвестициялық форумы өтеді.

Форум жұмысына өндіріс, агроөнеркәсіп, қаржы қызметтері, химиялық өнеркәсіп, тау-кен өндіру өнеркәсібі және металлургия, баламалы энергетика, инфрақұрылым, логистика салаларынан 150-ден астам басшыларының қатысуы жоспарлануда. Қазақстан делегациясын Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев басқарады.

5) Герман Бундестагының депутаты, Германия Сыртқы істер министрлігінің Ресей, Орталық Азия және Шығыс әріптестігі елдерімен ынтымақтастығы жөніндегі қоғамаралық үйлестірушісі Дирк Визенің сапары туралы

2-4 қазан аралығында Герман Бундестагының депутаты, Германия Сыртқы істер министрлігінің Ресей, Орталық Азия және Шығыс әріптестігі елдерімен ынтымақтастығы жөніндегі қоғамаралық үйлестірушісі Дирк Визенің Астана және Алматы қалаларына сапары өтеді.

Іс-сапар шеңберінде еліміздің Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевпен, Парламент Мәжілісінің депутаты Альберт Раумен және Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенкомен кездесулер жоспарлануда. Кездесулер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланады, оның ішінде білім беру саласындағы өзара іс-қимыл, парламентаралық дипломатияны дамыту, сондай-ақ жоғары деңгейдегі тұрақты байланыстар.

6) Астанада өтетін Дүниежүзілік мұнай кеңесінің отырысы туралы

1-3 қазан аралығында Астанада Дүниежүзілік мұнай кеңесінің отырысы өтеді. Оның шеңберінде Кеңес ұлттық комитеттерінің мүше елдері салалық министрліктерінің басшылары, энергетикалық компаниялар мен ірі қауымдастықтар басшыларының қатысуы жоспарлануда. Сонымен қатар, аталған кеңестік Атқарушы және Бағдарламалық комитеттерінің кездесулері, сондай-ақ жас мамандардың қатысуымен іс-шаралар өтеді.

Форум аясында «Инвестициялық мүмкіндіктер: тұрақты өсімге арналған жаңа шешімдер» тақырыбында арнайы конференцияның өткізілуі жоспарлануда. Аталған іс-шара әлемдік қоғамдастықтың назарын аударуға және жалпы алғанда Қазақстанның мұнай өнеркәсібінің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған.

Қосылған : 1.10.2018, 17:05, Өзгертілген : 1.10.2018, 17:05