​Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2018 жылғы 10 желтоқсан

Мазмұны:


1) Мемлекет басшысының Санкт-Петербург қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысуының негізгі қорытындылары туралы;
2) Елбасы жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның БҰҰ Бас Ассамблеясының Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын қабылдағанына 70 жыл толуына және халықаралық Адам құқығы күнiне арналған дөңгелек үстелдің өткізілуі туралы;
3) Қазақстан делегациясының Марракеш қаласында өтетін Қауіпсіз, тәртіпті және тұрақты көші-қон жөніндегі Ғаламдық шартты қабылдау жөніндегі жаһандық конференцияға қатысуы туралы;
4) Қазақстан мен АҚШ арасындағы Кеңейтілген стратегиялық әріптестік жөніндегі комиссиясының отырысы туралы;
5) Қазақстан делегациясының Берлин Еуразиялық клубының отырысына қатысуы туралы;
6) Қазақстан мен Румыния арасындағы саяси консультациялары туралы.

1) Мемлекет басшысының Санкт-Петербург қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысуының негізгі қорытындылары туралы

6 желтоқсанда Санкт-Петербург қаласында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтті. Оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастаған қазақстандық делегация қатысты.

Отырысқа қатысушылар 2018 жыл ішінде Еуразиялық экономикалық одағының жұмысын қорытындылап, еуразиялық интеграцияның бұдан әрі дамуы, соның ішінде сауда, энергетика, цифрлы экономика секілді салалардағы дамудың түйінді бағыттарын белгілеп, Ұйым қызметінің ұйымдастырушылық мәселелерін қарастырды.

Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі интеграциялық процестерді бұдан әрі дамыту туралы декларация мемлекеттер басшылары қол қойған басты құжат болды. Құжат Ұйым туралы шартпен белгіленген салалардағы интеграцияны дамыту мен жаңа экономикалық бағыттар бойынша интеграциялық ынтымақтастықты көздейді.

Өз сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Ұйым шеңберінде әр бағыты бойынша объективті экономикалық орындылық бар болған жағдайда өзара іс-қимылды бұдан әрі кеңейтуді жалпы қолдайтынын атап өтті.

Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одағының түйінді мақсаттары – тауарлар, қызметтер, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысына қол жеткізуге қолданылған шараларды атап өтіп, Ұйымның толық құқықты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қосымша күш-жігерлерді қосуға шақырды. Атап айтқанда, ол Ұйымға мүше елдері азаматтарының зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімнің жобасы бойынша жұмысты аяқтау, 2025 жылға дейін өзара саудадағы барлық кедергілерді жою мен экономиканың түйінді секторларындағы зәкір жобаларды іске асыруды ұсынды.

Отырыстың нәтижелері бойынша энергоресурстардың жалпы нарықтарын қалыптастыру, ғарыштық және геоақпараттық қызметтерді ұсыну саласындағы даму туралы, сондай-ақ Ұйымның халықаралық қызметі туралы шешімдерге қол қойылды.

Бұған қоса, 2019 жылы Еуразиялық экономикалық одағының органдарында төрағалық етуді Армения Республикасына тапсыру туралы шешім қабылданды.

Еуразиялық интеграциялық жобаға 25 жыл толуы мен Ұйым туралы шартқа қол қойылғанына 5 жыл толуына орайластырылған Жоғары кеңестің кезекті отырысы 2019 жылғы мамыр айында Астанада өтеді.

2) Елбасы жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның БҰҰ Бас Ассамблеясының Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын қабылдағанына 70 жыл толуына және халықаралық Адам құқығы күнiне арналған дөңгелек үстелдің өткізілуі туралы

Бүгін Астанада Елбасы жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның БҰҰ Бас Ассамблеясының Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын қабылдағанына 70 жыл толуына және халықаралық Адам құқығы күнiне арналған дөңгелек үстелі өткізілді.

Іс-шараға еліміздің Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Қуаныш Сұлтанов, Үкімет өкілдері, сондай-ақ Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық корпустың және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстел барысында адам құқықтары мен бостандықтарының іске асуы туралы, халықаралық стандарттарға сәйкес адам құқықтарын қорғау мен қамтамасыз етудің ұлттық тетіктерін одан әрі жетілдіру жайында кеңінен пікір алмасу болды.

Іс-шараға қатысушылардың жасаған баяндамалары мен сөйлеген сөздерінде халықаралық құқықтың нормаларын ұлттық заңнамаға енгізу мәселелері, адам құқықтарын қорғаудың халықаралық және ұлттық тетiктерiн жетілдіру, сондай-ақ адам құқықтарын сотта және соттан тыс институттарда қорғаудың өзекті мәселелері айтылды.

Дөңгелек үстелге қатысушылар адам құқықтары саласында Қазақстан ратификациялаған халықаралық келісім-шарттардың құқық қорғау тетіктерін жетілдірудегі және адам құқығын қорғаудың ұлттық жүйесін нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті.

Сондай-ақ бүгінгі дөңгелек үстел аясында Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов сөз сөйледі. Өз сөзінде ол 2009 жылы Қазақстан Адам құқықтары жөніндегі кеңестің (АҚК) арнайы рәсімдерінің барлық мандаттарына ашық шақыру жіберіп, мандат иелерін үнемі қабылдайтынын атап өтті. Осылайша, 2019 жылдың мамыр айында БҰҰ-ның терроризмге қарсы күрестегі адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын көтермелеу және қорғау жөніндегі арнайы баяндамашысы ресми сапармен Қазақстанға келеді.

Жақын арадағы перспективада адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі міндеттер Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында баяндалған. Бұл бағдарламалық құжатқа сәйкес, заңның үстемдігін қамтамасыз ету, әкімшілік және қылмыстық заңнаманы гуманизациялау, сот жүйесін реформалау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, азаматтық, әлеуметтік-экономикалық және мәдени құқықтар саласында нақты шаралар қабылдау үшін жаңа шаралар қабылданатын болады.

Бұдан басқа мониторинг жүйесін жетілдіру мақсатында елде адам құқықтарын қорғаудың жаһандық индикаторларына негізделген адам құқықтарының сақталуын бағалау үшін ұлттық көрсеткіштер әзірленуде.

Мемлекетіміздің адам құқықтары саласындағы белсенді саясаты Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі сайлау науқанының сәттілігінде маңызды рөл атқарып, еліміздің Кеңестің құрамына енуінің айқындылығын анықтады. Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу үшін Мінез-құлық кодексін насихаттауға көп көңіл бөлінеді. Бұл - Қазақстанның ажырамас адам құқықтарын іске асыруда, біріншіден, өмір сүру құқығын іске асыруға нақты үлесі болып табылады.

Сондай-ақ, Қазақстан 2022-2024 жылдарға арналған БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мүшелігіне өз кандидатурасын ұсынғанын хабарлаймыз. Қазақстан 2013-2015 жылдар аралығында БҰҰ АҚК-нің мүшесі болған. Еліміз қайта сайланған жағдайда, БҰҰ АҚК мүшесі ретінде белсенді жұмысты жалғастырады.

3) Қазақстан делегациясының Марракеш қаласында өтетін Қауіпсіз, тәртіптілік және тұрақты көші-қон жөніндегі Ғаламдық шартты қабылдау жөніндегі жаһандық конференцияға қатысуы туралы

10-11 желтоқсан аралығында Марокконың Марракеш қаласында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев бастаған Қазақстан делегациясы Қауіпсіз, тәртіпті және тұрақты көші-қон бойынша Ғаламдық шартты қабылдау жөніндегі үкіметаралық конференцияға қатысады.

Іс-шара жоғары саяси деңгейде, соның ішінде мемлекет немесе үкімет басшыларының қатысуымен өтетіні күтілуде. Іс-шараға Біріккен Ұлттар Ұймына барлық мемлекеттері мен Ұйымға бақылаушы мәртебесі бар мамандандырылған мекемелер қатысады деп күтілуде.

Жаһандық миграция туралы шарт мүше елдер үшін міндетті түрде міндетті емес және мигранттар мен босқындар мәселесі жеке құқықтық режимдермен реттеледі.

Ғаламдық көші-қон келісімшартының басты мақсаттарының бірі - қоныс аударған адамдарды өздерінің үйлеріне қауіпсіз және лайықты түрде қайтаруға жағдай жасау болып табылады, бұл адам құқықтарының жалпыға бірдей принциптерін көрсетеді.

4) Қазақстан мен АҚШ арасындағы Кеңейтілген стратегиялық әріптестік жөніндегі комиссиясының отырысы туралы
11 желтоқсанда Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев пен АҚШ Мемлекеттік хатшысы көмекшісінің бірінші орынбасары Элис Уэллс төрағалығымен Қазақстан мен АҚШ арасындағы Кеңейтілген стратегиялық серіктестік комиссиясының кезекті отырысы өтеді.
Іс-шарада екіжақты саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, сондай-ақ 2018 жылдың қаңтарында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелері талқыланады.
Сондай-ақ Элис Уэллстың Астанаға сапары шеңберінде Үкімет басшылығымен, Сыртқы істер министрлігімен және еліміздің басқа да ресми тұлғаларымен кездесулер жоспарлануда.

5) Қазақстан делегациясының Берлин Еуразиялық клубының отырысына қатысуы туралы

12-14 желтоқсан аралығында Берлин Еуразиялық клубының 25-ші отырысына қатысу үшін Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың Берлин қаласына жұмыс сапары жоспарлануда. Отырыстың негізгі тақырыбы «Каспийдің құқықтық мәртебесі: Еуропаның аймақпен ынтымақтастық перспективалары» болып табылады.

Берлин Еуразиялық клубы – Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту бойынша Үкіметтерге, бизнес және үкіметтік емес ұйымдарға ұсыныстар беру үшін арналған алаң болып табылады.

Сондай-ақ сапар аясында Роман Василенко Германияның Сыртқы істер Мемлекеттік министрі Нилс Анненмен, Федералдық үкіметі ғаламдық мәселелер, қарусыздану және таратпау жөніндегі Уәкілетті өкілінің міндетін атқарушысы Рюдигер Бонмен кездесулері көзделген.

6) Қазақстан мен Румыния арасындағы саяси консультациялары туралы

14-17 желтоқсанда Бухарест қаласында Қазақстан мен Румыния Сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялар өтеді. Қазақстан делегациясын Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, ал Румыния тарапынан Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Дэнуц Некулаеску басқарады.

Сапар шеңберінде сондай-ақ Румынияның Сыртқы істер министрімен, Коммуникациялар және ақпарат министрімен, Ауыл шаруашылығы министрімен, Іскерлік орта, сауда және кәсіпкерлік министрімен және Депутаттар үйінің төраға орынбасарымен екіжақты кездесулері жоспарлануда.

Қосылған : 10.12.2018, 16:50, Өзгертілген : 10.12.2018, 16:50