Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2018 жылғы 10 қыркүйек

Мазмұны:

  1. ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің саммитіне қатысуының негізгі нәтижелері туралы;
  2. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде 10-14 қыркүйек аралығында Қазақстан қатысатын оқиғалар туралы;
  3. «Ауғанстан әйелдерінің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту» аймақтық конференцияның негізгі нәтижелері туралы;
  4. Қазақстан мен Словенияның сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялар туралы;
  5. Қазақстан делегациясының Варшавада ЕҚЫҰ-ның адами өлшемдер жөніндегі кездесуіне қатысуы туралы;
  6. «Дипломатия жаршысы» журналының үшінші нөмірін шығару туралы;
  7. Қазақстан Республикасының Литвадағы Елшілігінің әкімшілік-техникалық қызметкеріне қатысты тәртіптік шаралар туралы;
  8. Түркиядан жаңа туған қызды жеткізу туралы.


1) ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің саммитіне қатысуының негізгі нәтижелері туралы

Белгілі болғандай, 2018 жылдың 3 қыркүйегінде Шолпон-Ата қаласында Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің 6-шы саммиті өтті. Оған Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің барлық басшылары, сондай-ақ Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев пен Мажарстанның Премьер-министрі Виктор Орбан құрметті қонақтар ретінде қатысты.

Саммит барысында Қазақстанның Түркі кеңесіне төрағалығы Қырғызстанға өтті. Астанада 2015 жылы қыркүйекте өткен 5-ші саммиттен кейін, Қазақстан 3 жыл бойы осы ұйымда төрағалық етті.

Саммит қорытындысында мемлекет басшылары келесі құжаттарға қол қойды және қабылдады:

- Түркі кеңесі мен ТүркіПА, ТҮРКІСОЙ, Түркі академиясы сияқты басқа да түркі халықаралық ұйымдардың соңғы үш жылдағы жұмыс динамикасын, сондай-ақ олардың алдағы жоспарлары мен міндеттерін бейнелейтін декларация;

- Түркітілдес мемлекеттер интеграциясының тұжырымдамасы. Аталған құжатты Мемлекет басшысы Н. Назарбаев Түркияның Бодрум қаласында өткен 4-ші Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің саммитінде бастама ретінде ұсынды;

- Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің жаңа бас хатшысын және оның орынбасарын, сондай-ақ Түркі академиясының президентін тағайындау туралы шешім қабылданды. Осы шешіммен еліміздің танымал дипломаты, Түркі кеңесінің құрылуының негізінде тұрған Бағдад Әміреев Ұйымның бас хатшысы лауазымына тағайындалды. Оған қоса, Қазақстанның өкілі Дархан Қыдырәлі Түркі академиясының президенті лауазымына жаңа мерзімге тағайындалды;

- Түркі кеңесінің жанында Мажарстанның байқаушы ел мәртебесіне ие болу жөніндегі шешім;

- Шыңғыс Айтматовтың 90-жылдығына орай екі бірлескен мәлімдеме, сондай-ақ ұлттық спорт және жастар саясаты саласындағы ынтымақтастықты дамыту;

- Түркі ұйымдарының тиімділігін арттыру мақсатында оларды реформалау туралы шешім. Осы шешімді орындау үшін Бас хатшы Бағдат Әміреевке қазіргі Түркі ұйымдары мен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің мүше елдердің жауапты мемлекеттік органдарымен консультацияларды өткізу туралы тапсырма берілді. Бұл жұмыстың нәтижелері бойынша Кеңестің хатшылығы реформа тұжырымдамасының жобасын әзірлеу тиіс. Тұжырымдама жобасы 2019 жылы Әзербайжанда өтетін келесі 7-ші Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің Саммитінде қарауға ұсынылуы тиіс.

2) БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде 10-14 қыркүйек аралығында Қазақстан қатысатын оқиғалар туралы

12 қыркүйекте Қазақстан делегациясы Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің БҰҰ бітімгершілік реформасы мәселелері жөніндегі отырысына қатысады. Оның шеңберінде бітімгершілік операциялардың тиімділігін арттыру жөнінде мәселелердің талқылануы жоспарлануда.

Аталған отырыста БҰҰ Бас хатшысының бейбітшілік операцияларды қолдау жөніндегі орынбасары Жан-Пьер Лакруа баяндама жасайды.

Естеріңізге сала кетсек, үстіміздегі жылдың қазан айының соңында Қазақстан Үндістанның бітімгершілерімен бірге Ливандағы БҰҰ-ның Уақытша күштеріне 120 әскери қызметкерін жібереді.

Сондай-ақ бірқатар басқа мемлекеттермен БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларға бірлесіп қатысу туралы алдын ала уағдаластықтар бар. Олардың мән-жайлары мен ұйымдастырушылық-құқықтық аспектілері зерттелуде.

3) «Ауғанстан әйелдерінің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту» аймақтық конференцияның негізгі нәтижелері туралы

2018 жылдың 5 қыркүйегінде Астана қаласында өткен «Ауғанстан әйелдерінің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту» аймақтық конференциясы Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың 2018 жылдың қаңтарында АҚШ-қа жасаған ресми сапарының уағдаластықтарына сәйкес ұйымдастырылды. Астана мен Вашингтон Орталық Азиядағы және Ауғанстандағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлкен мән береді. Бұл үдерісте Ауғанстандағы әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселесі маңызды.

Назарларыңызды кейбір практикалық нәтижелерге аударғымыз келеді:

1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019-2020 жж. ауғандық әйелдерге қосымша шәкіртақы тағайындалды. Бұл 1000 ауғандық азаматтық мамандарын 50 млн. АҚШ долларына арналған арнайы білім беру бағдарламасы бойынша оқытуға Қазақстанның бастамасы болып табылады;

2) Қазақстан, Өзбекстан және Еуропалық Одақтың Қазақстан мен Өзбекстанның жоғары оқу орындарында ауғандық әйелдерін кәсіптік даярлау және оқыту бойынша пилоттық жобаны бастау туралы ниеті (Еуропалық Одақ осы бағыттағы пилоттық жобаны жүзеге асыру үшін 2 миллион евро бөлуге дайын екендігін білдірді);

3) іс-шара шеңберінде Ауғанстанның Әйелдер сауда-өнеркәсіп палатасы мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасындағы Іскер әйелдері кеңесі және «Қазақстанның іскер әйелдері ассоциациясы» арасында екі меморандумға қол қойылды.

Конференцияның қорытындысы бойынша, «Ауғанстандағы әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі Астана декларациясы» қабылданды. Аталған құжатта шарада талқыланған бастамалар және Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына инвестиция құюға бағытталған. Нәтижесінде ол ауғандық әйелдер мен қыздардың өмір сүру және білім алу жағдайларын жақсартуға ықпал етеді және олардың құқығы мен мүмкіндіктерін, соның ішінде, саяси және экономикалық салаларда кеңейтеді.

4) Қазақстан мен Словения арасындағы сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялар туралы

10 қыркүйекте Любляна қаласында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко және Словения Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Андрей Логардың тең-төрағалығымен Қазақстан мен Словения сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялар өтеді. Консультациялар барысында саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерінің кең ауқымы талқыланып, сондай-ақ халықаралық күн тәртібі бойынша пікір алмасу өтеді.

11 қыркүйекте ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко жыл сайынғы Блед стратегиялық форумында «Көпполярлы әлемдегі медиация - үміт және шындық» панельдік сессиясына қатысып сөз сөйлейді.

5) Қазақстан делегациясының Варшавада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) адами өлшемі жөніндегі жиналысына қатысуы туралы

10-21 қыркүйек аралығында Варшава қаласында ЕҚЫҰ-ға 57 мүше-елдердің делегациялары, халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросының (ДИАҚБ) Адами өлшем саласындағы міндеттемелердің орындалуына шолу жөніндегі жыл сайынғы жиналысы өтеді.

Іс-шараға қатысу үшін құрамына Қазақстан халқы Ассамблеясы, Адам құқықтары жөніндегі өкілінің офисы, Орталық сайлау комиссиясы, Сыртқы істер, Ақпарат және коммуникация, Қоғамдық даму, Ішкі істер министрліктерінің және Бас прокуратураның өкілдері кіретін Қазақстанның ресми делегациясы құрылған болатын.

Жыл сайынғы жиналысқа қатысу шеңберінде Қазақстанның делегациясы еліміздегі бес институционалдық реформалар аясында адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы реформалар жөнінде ЕҚЫҰ бойынша серіктестерін хабардар етеді.

6) «Дипломатия жаршысы» журналының үшінші нөмірін шығару туралы

12 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің «Дипломатия жаршысы» атты ведомстволық журналының үшінші нөмірін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шығару жоспарланып отыр.

Журналда ең маңызды халықаралық іс-шаралар мен оқиғалар, ең алдымен Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін іс-шаралардың талдауына ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің басылымы Астананың ресми пікірі бар жарияланымдарды ғана емес, сондай-ақ еліміздің және шет елдердің беделді саясаткерлері, дипломаттары және сарапшыларының мақалаларын қамтиды.

Журналдың ағымдағы баспасында дінаралық диалог мәселелері, Қазақстан-Қытай қатынастары, Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімнің 10-жылдығы, экономикалық дипломатия, консулдық қызмет және басқа да тақырыптар басылып шығады.

7) Қазақстан Республикасының Литвадағы Елшілігінің әкімшілік-техникалық қызметкеріне қатысты тәртіптік шаралар туралы

2018 жылғы 7 қыркүйекте Литваның жол полициясы рейдінің барысында Литвадағы Қазақстан Елшілігінің техникалық персоналының жүргізуші-механик болып жұмыс істейтін қызметкер айдап келе жатқан Toyota Avensis автокөлігі тоқтатылды. Алкотестермен тексеру нәтижесінде аталған қызметкерде ағзадағы алкоголь рұқсат етілген нормасынан асып түсті.

Полиция әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы әзірлеп, содан кейін елшілік қызметкері босатылды. Қызметтік автокөлік біздің елшіліктің дипломатымен елшілік аумағына жеткізілген. Жергілікті полиция жол-көлік оқиғасы, қоғамдық тәртіпті бұзуға немесе бұзақылыққа қатысты ешқандай талап қойған жоқ.

Аталған қызметкерге қатысты ішкі тергеу жүргізіледі, содан кейін тиісті шешім қабылданады. Қазіргі уақытта ол ұзақ мерзімді шетелдік сапарынан қайтарылып, қазіргі таңда Астанада екенін хабарлаймыз.

8) Түркиядан жаңа туған қызды жеткізу туралы

Жаңадан туылған қызды Түркиядан Қазақстанға жеткізу мәселесі Сыртқы істер министрлігінің ерекше бақылауында болды.

ҚР Сыртқы істер министрлігі мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі біргелесіп іс-қимыл алгоритмін әзірледі. Қазақстандық дәрігерлер өздерінің түрік әріптестерімен келіссөздер жүргізді. Туылған нәрестені ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық авиацияның арнайы ұшағымен тасымалдау туралы шешім қабылданды.

Түркияда бұл мәселені біздің Елші және Стамбулдағы Бас консул жеке бақылауға алып, бұл істі соңына дейін шешті.

Бүгін таңертең санитарлық авиацияның арнайы ұшағы Алматы қаласының әуежайына келіп қонды. Кішкентай қыз бен оның шешесі Алматыдағы Педиатрия институтына жеткізіліп, қазақстандық дәрігерлердің бақылауында.

Қосылған : 11.09.2018, 19:20, Өзгертілген : 11.09.2018, 19:20