​Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2019 жылғы 11 ақпан

Мазмұны:

1) «Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қою туралы;

2) Энергетика министрі бастаған қазақстандық делегацияның Үндістанға сапары туралы;

3) Душанбеде өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің бірінші Арнайы жұмыс тобының және Аға лауазымды тұлғалары комитетінің отырысы туралы;

4) Қазақстаның Аустрия, Германия және Испаниямен дипломатиялық қатынастарының орнатылуына 27 жыл толуда.

1) «Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қою туралы

Өздеріңізге белгілі, 8 ақпанда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойып, осылайша біздің мемлекет бұл тарихи құжатты ратификациялады.

Аталған құжат қазақстандық дипломаттардың және басқа да мемлекеттік органдардың Каспий маңы елдерімен 20 жылдан астам жүргізген келіссөздердің нәтижесі болып табалады.

Каспий теңізінің мәртебесін реттеу және халықаралық, саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың құқықтық режимін құру мәселесі жағалаудағы барлық мемлекеттер үшін стратегиялық маңызы бар аймақ болып қала береді.

Былтырғы жылы 12 тамызда «Каспий бестігі» тарихындағы маңызды оқиға - Ақтау қаласында Каспий маңы елдерінің басшылары аймақ үшін - Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойған болатын.

Мемлекет басшысы атап өткендей, Конвенция «Каспий теңiзiнiң конституциясы» болып табылатын, аймақтағы қауіпсіздік, тұрақтылық пен гүлденудiң кепiлi болуға тиiс.

Құқықтық мәселелерді шешу тек жағалаудағы мемлекеттердің өзара іс-қимылына ғана емес, сонымен қатар инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай туғызуға, Каспийдің бесжақты сауда-экономикалық байланыстарын сыртқы әлеммен, көліктік инфрақұрылыммен және тұтастай алғанда аймақтың транзиттік әлеуетін дамытуға оң әсерін тигізеді.

Бұдан бөлек, Конвенция Қазақстандық секторының түбін делимитациялауды аяқтауға, сондай-ақ мемлекеттік шекараның бүкіл периметрі бойынша, оның ішінде Каспий теңізінің шекарасын делимитациялауды аяқтауға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда, Қазақстанмен қатар Конвенцияны Түрікменстан ратификациялады.

2) Энергетика министрі бастаған қазақстандық делегацияның Үндістанға сапары туралы

9-11 ақпан аралығында Нью-Дели қаласында «Petrotech-2019» халықаралық конференциясына қатысу үшін, сондай-ақ, екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бастаған қазақстандық делегацияның Үндістанға сапары өтуде. Қазақстан делегациясының құрамына сондай-ақ Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев кіреді.

Сапар барысында Қазақстан делегациясы Үндістанның Мұнай және табиғи газ министрі Дхармендра Прадханмен, сондай-ақ «ONGC» ең ірі мұнай және газ корпорациясының басшылығымен кездесулер жоспарлануда.

Оған қоса, сапар шеңберінде Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев Үндістан Сыртқы істер министрінің орынбасары Гитеш Сармамен, Үндістан импорттаушылар сауда палатасының президенті, сондай-ақ Қазақстанмен ынтымақтастыққа қызығушылық танытып отырған Үндістан бизнес-қоғамдастығының бірқатар компанияларымен кездесулері өтті.

Үндістан Қазақстанның маңызды саяси және сауда-экономикалық әріптесі екенін атап өткіміз келеді. 2018 жылдың 11 айында Үндістанмен екіжақты сауда көлемі 1 млрд. 80 млн. АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстаннан экспорт 860 млн. долларға, ал Үндістаннан импорт 223 млн. долларға жетті. Сонымен бірге, 2017 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда көлемі 945,7 млн. долл. құраған болатын.

2005-2017 жылдар кезеңінде Қазақстан экономикасына тікелей инвестициялардың көлемі 271 млн. АҚШ долларын құрады. Үндістанның инвестициялары негізінен энергетика, қаржы және фармацевтика салаларына бағытталған.

Қазіргі таңда, елімізде үнді капиталы бар 560-қа жуық заңды тұлғалар, филиалдар және өкілдіктер тіркелген. Соңғы жылдары «SB «PNB» «Siva Swathi Textiles» және «Sava Health Care» сияқты компаниялар Қазақстанда табысты жұмыс атқаруда.

Жалпы алғанда, бұл сапардың нәтижелері еліміздің экономикалық мүдделерін одан әрі дамытуға, соның ішінде отандық өнімдерді Үндістан нарығына экспорттауға және үнді инвестицияларын тартуға қосымша серпін беретініне үміттенеміз.

3) Душанбеде өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің бірінші Арнайы жұмыс тобының және Аға лауазымды тұлғалары комитетінің отырысы туралы

13-14 ақпанда Душанбе қаласында Тәжікстан Республикасының төрағалығымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің бірінші Арнайы жұмыс тобының және Аға лауазымды тұлғалары комитетінің отырысы өтеді. Қазақстан делегациясы Сыртқы істер министрлігінің өкілдерінен тұрады.

Отырыс шеңберінде Тәжікстанда жоспарланған Ұйымның 5-ші Саммиті Декларациясының жобасын қарастырылуы жоспарлануда. Сондай-ақ, жұмыс тобы Кеңеске мүше елдер арасындағы сенімділік шараларын жүзеге асыру бойынша мәселелерді талқылайды.

Айта кетерлік жайт, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесін шақыру туралы бастама 1992 жылы 5 қазанда Нью-Йорк қаласында БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында ұсынылған. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы халықаралық бастамасы болып табылады.

4) Қазақстаның Аустрия, Германия және Испаниямен дипломатиялық қатынастарының орнатылуына 27 жыл толуда

27 жыл бұрын 11 ақпанда Қазақстан Аустрия Республикасымен, Германия Федеративтік Республикасымен және Испания Корольдігімен дипломатиялық қатынастарды орнатты. Еліміздің осы еуропалық мемлекеттермен ынтымақтастығы дәстүрлі түрде өзара тиімді серіктестік рухында дамып келуде. Атап айтқанда, сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Мысалы:

Аустрия

2018 жылдың 11 айында Аустриямен екіжақты сауданың көлемі 162,8 млн. АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстаннан экспорт 5,7 млн. долларға, ал Аустриядан импорт 157,1 млн. долларға жетті.

2005-2018 жылдар кезеңінде Аустриядан Қазақстан экономикасына тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 5,776 млрд. АҚШ долларын құрады.

Аустрия Қазақстандағы Еуропалық Одақ елдері арасынан үздік 10 шетелдік инвесторлардың тізіміне кіреді. Негізгі инвестициялық салалар қатарында машина жасау, химия және фармацевтикалық өндіріс.

Қазақстанда аустриялық капиталы бар 50-ге жуық компания жұмыс істейді. Соңғы жылдары Kapsch, Gebrueder Weiss, Herz Armaturen, Frauscher Sensor сияқты компаниялар Қазақстанда табысты жұмыс атқаруда.

Германия

Германия Қазақстанның Еуропадағы стратегиялық маңызды саяси және сауда-экономикалық әріптесі болып табылады. 27 жыл ішінде екі ел арасындағы ынтымақтастық жоғары деңгейге жетті. Атап айтқанда, Астана мен Берлин арасында берік саяси диалог, құқықтық база орнатылып, сауда-экономикалық өзара әрекеттесу ауқымды және серпінді дамып келеді.

Экономикалық дипломатияның басымдықтары контекстінде, Қазақстан экономикасына неміс инвестицияларын тарту жолында екіжақты ынтымақтастықтың маңызды механизмдері - Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобы, Қазақстан мен Германия стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі іскерлік кеңесі және Берлин Еуразиялық клубы сияқты бірлескен институттар мен бастамалар болып табылады.

2018 жылдың 11 айында Германиямен екіжақты сауданың көлемі 1,972 млрд. АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстаннан экспорт 437 млн. долларға, ал Германиядан импорт 1,535 млрд. долларға жетті.

Германия Қазақстандағы үздік 10 шетелдік инвесторлардың тізіміне кіреді. Соңғы төрт жыл ішінде құрылыс, химия, машина жасау, ауыл шаруашылығы, сауда, өнеркәсіптік өндіріс, бастапқы кен орындарын игеру және т.б. салаларда Қазақстан мен Германияның кәсіпорындары арасында 2 млрд. еуродан астам сомаға бірқатар экономикалық жобалар жүзеге асырылды.

Екі ел арасында табысты және жақында іске асырылған бірлескен жобалардың қатарында BASF компаниясымен Шымкент қаласындағы цемент зауытын жаңғырту, OBI халықаралық супермаркеттер желісін құру, Алматы облысындағы WILO электрлік сорғылар өндіретін зауыт салу, «Арселор-Миттал Теміртау» АҚ негізінде техникалық газдардың LindeAG концернінің өндірісі, Baumann Gmbh & Co.KG компаниясының ет өнімдерін өңдеу жөніндегі кешенді салу, Қарағанды облысының Саран қаласындағы Goldbeсk Solar GmbH компаниялар тобының күн энергетикалық паркін құру және т.б. жобалар бар.

Жалпы алғанда, 2005-2018 жылдар кезеңінде Германия Қазақстан экономикасына тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 8,649 млрд. АҚШ долларын құрады.

Германия Қазақстандағы үздік 10 шетелдік инвесторлардың тізіміне кіруде. Негізгі инвестициялық салалар қатарында машина жасау, химия және фармацевтикалық өндіріс.

Неміс инвестицияларының 90%-дан астамы Қазақстан экономикасының «шикізаттық емес» секторына, атап айтқанда өңдеу өнеркәсібіне бағытталған.

Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен 900-ден астам кәсіпорын жұмыс атқаруда. Қазақстан, өз кезегінде, Германияның көмірсутегі шикізатының төртінші ірі жеткізушісі болып табылады.

Испания

Испания Еуропадағы Қазақстанның негізгі саяси серіктестерінің бірі болып табылады. 2009 жылы Қазақстан мен Испания арасында стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойылды.

2018 жылдың 11 айында Испаниямен екіжақты сауданың көлемі 1,8 млрд. АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстаннан экспорт 1,63 млрд. долларға, ал Испаниядан импорт 167 млн. долларға жетті.

2005-2018 жылдар кезеңінде Испаниядан Қазақстан экономикасына тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 202 млн. АҚШ долларын құрады.

Қазақстанда испандық капиталы бар 65-тен астам компания жұмыс істейді. Соңғы жылдары Talgo, Indra, Maxam, Airbus Defense & Space сияқты компаниялар Қазақстанда табысты жұмыс атқаруда.

Қосылған : 11.02.2019, 17:15, Өзгертілген : 11.02.2019, 17:15