Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2018 жылғы 12 қараша

Мазмұны:

1) Петропавлда өткен Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығы 15-ші форумының негізгі қорытындылары туралы;

2) Қазақстан мен Иран арасындағы консулдық консультациялар туралы;

3) Словакия Премьер-Министрінің Астанаға ресми сапары туралы;

4) Қазақстан мен Швеция Сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялары туралы;

5) Қазақстан мен Польша Сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялары туралы;

6) Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы 1-ші өңіраралық ынтымақтастық форумының өткізілуі туралы.

1) Петропавлда өткен Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығы 15-ші форумының негізгі қорытындылары туралы

Өздеріңізге мәлім, алдыңғы аптада Петропавл қаласында өткен Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығы 15-ші форумының қорытындылары бойынша екі елдің президенттері 2019-2021 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойған болатын. Бұл құжат саяси, экономикалық, мәдени, гуманитарлық және басқа да салаларда екі елдің практикалық өзара іс-қимылын одан әрі тереңдетудің басымдықты шараларын айқындайды.

Аталған іс-шаранының негізгі мақсаты Қазақстан мен Ресей арасындағы туристтік саладағы өзара іс-қимылды кеңейту, оның ішінде, екі елдің іскер топтары мен мемлекеттік құрылымдары арасындағы кооперациялық байланыстарды тереңдету арқылы туризмнің әртүрлерін дамыту және алға жылжытудың озық тәжірибесімен алмасу, туристік индустрияға өзара инвестициялардың келуін ынталандыру болып табылады.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туристтерге өту үшін ыңғайлы жағдайларды жасау масқатында Қазақстан-Ресей шекарасындағы шекаралық өткізу бекеттерін жаңғырту, туристік көліктік-логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру, бірлескен күш-жігермен Каспий теңізіндегі туризмді дамыту және ғарыштық туризмді дамытуға ықпал етуді ұсынды.

Сонымен қатар, Форум аясында 35-ке жуық құжатқа қол қойылды, олардың ішінде 3 үкіметаралық, 3 ведомствоаралық, 10 өңіраралық және 19 коммерциялық сипаттағы құжаттар.

Келесі Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы 2019 жылы Омбы қаласында өтеді.

2) Қазақстан мен Иран арасындағы консулдық консультациялар туралы

13-14 қарашада Тегеран қаласында Қазақстан мен Иран арасындағы консулдық консультациялардың сегізінші отырысы өтеді. Қазақстан тарапынан Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің директоры Тауболды Үмбетбаев төрағалық етеді.

Іс-шара барысында тараптар консулдық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін қарастырады. Атап айтқанда, консулдық құқықтық және визалық, сондай-ақ екі ел азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері қарастырылатын болады.

Қазақстан мен Иран арасындағы консулдық консультациялардың жетінші отырысы 2016 жылы Астана қаласында өткен болатын.

3) Словакия Премьер-Министрінің Астанаға ресми сапары туралы

14-16 қарашада Словакия Премьер-министрі Петер Пеллегринидің Астанаға ресми сапары өтеді. Аталған сапар екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастары тарихында словак үкіметінің басшысы деңгейіндегі алғашқы сапар болмақ.

Сапар шеңберінде Петер Пеллегринидің Қазақстан Президенті және Премьер-Министрімен кездесулері, сондай-ақ Қазақстан-Словакия бизнес-форумына қатысуы жоспарлануда.

Словакия Қазақстанды Орталық Азияда алдыңғы қатарда орын алатын, экономикасы серпінді дамыған және маңызды әріптес ретінде қарастыратындығын атап өтеміз. Братислава өзара тиімді сауда, экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға тұрақты қызығушылық танытуда. Өз кезегінде, Словакияның транзит-көліктік, машина жасау, әскери-техникалық өнеркәсіп, иновациялық технология салалары еліміз үшін айтарлықтай қызығушылық тудырады.

Қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2018 жылдың қаңтар-тамыз кезеңінде Қазақстан мен Словакия арасындағы екіжақты сауда айналымы 33,5 млн. АҚШ долларын құрады.

4) Қазақстан мен Швеция Сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялары туралы

14 қарашада Астанада Қазақстан мен Швецияның Сыртқы істер министрліктері арасындағы екінші консультациялары өтеді. Қазақстан тарапынан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, Швеция тарапынан Шығыс Еуропа және Орталық Азия департаментінің басшысы Андре вон Бекерат төрағалық етеді.

Консультациялардың күн тәртібінде кең ауқымды бағыттарды қамтитын мәселелер, атап айтқанда, сауда-экономикалық және парламентаралық байланыстар саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективалары, ғылым мен техника саласындағы өзара әрекеттесу, құқықтық және консулдық мәселелер, сондай-ақ аймақтық және халықаралық ынтымақтастықты, соның ішінде ядролық қаруды таратпау және ядролық қауіпсіздік мәселелері кіреді.

Екі ел арасындағы сауда айналымы 2018 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында 374,2 млн. АҚШ долларын құрағанын атап өтеміз.

5) Қазақстан мен Польша Сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялары туралы

15 қарашада Варшавада Қазақстан мен Польша Сыртқы істер министрліктері арасындағы жоспарлы консультациялары өтеді. Қазақстан тарапынан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, Польша тарапынан Сыртқы істер министрінің орынбасары Бартош Чихоцкий төрағалық етеді.

Қазақстан мен Польша арасында ешқандай проблемалық мәселелер жоқ екенін атап өтеміз. Екі ал арасындағы байланыстар тұрақты, дәйекті сипатта және өзара тиімді мен сындарлы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

2018 жылдың қаңтар-тамыз аралығында тауар айналымы 816 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш 2017 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 72,5 пайызға жоғары болып табылады.

6) Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы 1-ші өңіраралық ынтымақтастық форумының өткізілуі туралы

2017 жылғы наурызда Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевтің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында Мемлекет басшылары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізуге уағдаласқаны сіздерге мәлім. Алғашқы форумды екі елдің үкімет басшыларының бірінші орынбасарлары деңгейінде өткізу туралы шешім қабылданды.

Осы ретте 1-ші форум 16 қарашада Шымкент қаласында өтеді. Қазақстан тарапының делегациясын Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин, Өзбекстан тарапынан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ачилбай Раматов басқарады.

Іс-шараның тақырыбы «Өнеркәсіптік ынтымақтастық» болмақ, ал негізгі мақсаты екі елдің өңірлері арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету болып табылады.

Соның ішінде:

  • Қазақстан мен Өзбекстанның іскер топтары мен өңірлері арасындағы өзара тиімді және практикалық ынтымақтастықты орнату;
  • өңірлік ынтымақтастықтың кең ауқымы бойынша диалог құру және екі жақты қатынастардың өзекті мәселелері;
  • экономиканың шикізаттық емес секторларында екі жақты ынтымақтастықты дамыту;
  • өңіраралық және трансшекаралық инвестициялар көлемін ұлғайту;
  • өзара саудадағы кедергілерді жою;
  • құқықтық базаны жетілдіру болып табылады.
Қосылған : 12.11.2018, 17:20, Өзгертілген : 12.11.2018, 17:20