​Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2018 жылғы 15 қазан

Мазмұны:

1) Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінің қорытындылары туралы;
2) Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Финляндияға ресми сапары және АСЕМ Саммитіне қатысу үшін Бельгияға сапары туралы;
3) БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде 15-19 қазан аралығында Қазақстан қатысатын оқиғалар туралы;
4) Қазақстан-Литва СІМ-аралық консультациялары туралы;
5) Оңтүстік Корея аумағында заңсыз жүрген еңбек мигранттарына «жасыл дәліз» ашу туралы.

1) Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінің қорытындылары туралы

Ең алдымен, бұқаралық ақпарат құралдарының назарын Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алтыншы Съезінің қорытындысына аударғымыз келеді. Бұл Қазақстан мен Елбасының конфессиялар мен өркениеттер арасындағы өзара түсіністік пен өзара әрекеттестікті қалыптастыруға қосқан үлесі. Астана Съезі әлемдік дін өкілдеріне заманауи қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша өз пікірін және өз шешімдерін ұсынуға мүмкіндік берді. Съездің Декларациясы 23 тармақтан тұрады. Съездің ашылуында ұсынылған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары қорытынды құжатқа енгізілді. Декларация Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы, ЮНЕСКО және басқа да халықаралық ұйымдарда құжат ретінде таратылады.

Қазақстандық БАҚ-тармен қатар, Съезді ақпараттық түрде қамту үшін 30 елдің 70-тен астам журналистері келді, ал олардың репортаждары мен сюжеттері Астанада өткен үнқатысудың маңыздылығы мен жетістігін көрсетеді. Съезге қатысушылар келесі Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезін 2021 жылы Астанада өткізу туралы келісімге келді.

2) Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Финляндияға ресми сапары және АСЕМ Саммитіне қатысу үшін Бельгияға сапары туралы

Мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлағандай, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Финляндия Республикасының Президенті Саули Ниинистёнің шақыруымен 16-17 қазанда Финляндияға ресми сапармен барады.
Бұл Қазақстан Президентінің Финляндияға екінші ресми сапары. Президент Н. Назарбаевтың Финляндияға алғашқы мемлекеттік сапары 2009 жылғы наурызда өткен.

Сапар бағдарламасына Финляндия Республикасының Президенті Саули Ниинистёмен жоғары деңгейдегі кездесу кіреді. Ынтымақтастықтың экономикалық бағытын нығайту мақсатында Мемлекет басшысы финляндиялық бизнес өкілдерімен кездеседі.
Сондай-ақ тараптар бірқатар құжаттарға, соның ішінде коммерциялық келісімшарттарға (20-дан астам құжат) қол қоюы тиіс.
2017 жылы Қазақстан мен Финляндия арасындағы екі жақты сауданың көлемі 307,9 млн. АҚШ долларына жетті, ал 2018 жылдың қаңтар-шілде айларында ол 160,1 млн. АҚШ долларын құрады (экспорт - 82,6 млн. доллар, импорт - 77,4 млн. млн. доллар).
Соңғы 13 жылдың ішінде - 2005 жылдан бастап 2018 жылдың 1 тоқсанына дейін - Финляндиядан Қазақстанға тартылған тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 334,0 млн. АҚШ долларын құрады. Бүгінгі таңда Қазақстанда финляндиялық капиталдың қатысуымен 50-ден астам кәсіпорын бар.

18 қазанда Бельгия Корольдігінің Брюссель қаласында 18-19 қазанда өтетін Азия-Еуропа Форумының (АСЕМ) 12-ші саммиті аясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Бельгия Королі Филиппен екі жақты кездесуі өтеді. Қазақстан - АСЕМ мүшесі болып табылатын Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет.
Сапар барысында Мемлекет басшысы машина жасау, металлургия, химия өнеркәсібі, цифрлы технологиялар, азық-түлік өнеркәсібі және мұнай өнеркәсібі («Alstom», «Royal Dutch Shell», «ENI», «Glencore International», «Danone», «Vitol Group» және т.б.) сияқты салаларда жұмыс істейтін 30-ға жуық ірі еуропалық компаниялар мен қаржы институттарының басшыларымен кездеседі.
АСЕМ Форумының маңыздылығы әлемдік жалпы ішкі өнімнің басым үлесін (60%) қамтамасыз ететін Батыс Еуропа мен Шығыс Азия елдері (жалпы 51 мемлекет) кіретін қатысушылардың құрамымен анықталады.
Қазіргі уақытта АСЕМ алаңында тек экономикалық мәселелер талқыланып қана қоймай, жаһандық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері де талқыланады.

3) БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде 15-19 қазан аралығында Қазақстан қатысатын оқиғалар туралы

- 15 қазанда Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Бас Ассамблеяның 73-ші сессиясының Бірінші комитетінің бастамасымен іске асырылған жұмыс аясында «Жел қайда соғады?» атты фильм көрсетіледі. Аталған фильмде 20-шы ғасырдың соңындағы жаһандық антиядролық күш-жігерлер, соның ішінде Семей ядролық сынақ полигонын жабу тарихы және Қазақстанның ядролық қаруын жою туралы бейнеленеді.

- 17 қазанда БҰҰ Бас хатшысының Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистураның «Астана» үштігі, «шағын топ» деп аталатын топ және басқа да тараптардың өкілдерімен бірқатар кездесулердің нәтижесі бойынша Сириядағы саяси жағдайды талқылауға арналған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ашық отырысы өтеді.
Сонымен қатар, Арнайы өкіл Стаффан де Мистура Сирия конституциялық комитетінің қалыптасу процесі туралы жаңартылған ақпаратты ұсынады.

- 18 қазанда Нью-Йоркте әлемдегі ядролық қарудан азат аймақтардың күш-жігерін нығайтуға бағытталған Ядролық талқылау форумының (Nuclear Discussion Forum) екінші сессиясы өтеді. Іс-шараны Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдігі Біріккен Ұлттар Ұйымының Қарусыздану мәселелері жөніндегі бюросымен бірлесе отырып өткізіледі.
Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі әлемде бар ядролық қарусыз аймақтардың күш-жігерін біріктіру және олардың арасындағы үздіксіз өзара іс-қимыл жасау механизмін құру бастамасын біздің Мемлекет басшысы 2017 жылғы 29 тамызда МАГАТЭ-нің Төменгі байытылған уран банкінің ашылу салтанатында жариялаған болатын.

Жоғарыда аталған іс-шараларға Қазақстан делегациясын Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев басқарады.


4) Қазақстан-Литва СІМ-аралық консультациялары туралы

Бүгін, 15 қазанда Қазақстан-Литва СІМ-аралық консультациялары өтіп жатыр. Қазақстан тарапынан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, ал Литва тарапынан – Сыртқы істер вице-министрі Дарюс Скусявичус қатысады.
Қазақстан мен Литва арасындағы қатынастарда шешімін таппаған мәселелер жоқ. Екіжақты қатынастар тұрақты, сындарлы сипатқа ие және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Литва Еуропалық одақ елдерінің арасында Қазақстанның ең ірі сауда әріптестерінің ондығына кіреді. 2018 жылғы қаңтар-шілде айларында тауар айналымы 913,9 млн. еуроны құрады (импорт - 209,7 млн. еуро, экспорт - 704,2 млн. еуро).

5) Оңтүстік Корея аумағында заңсыз жүрген еңбек мигранттарына «жасыл дәліз» ашу туралы

Корея Республикасының Үкіметі 2018 жылғы 1 қазаннан 2019 жылғы 31 наурызға дейін Оңтүстік Корея аумағында заңсыз жүрген шетел азаматтарына «жасыл дәліз» режимін енгізгенін жариялады.

Осы шара аясында, қазіргі кезде Корея Республикасының аумағында 30 күннен көп жүрген және тиісті визасы немесе жұмыс істеуге рұқсаты жоқ шетелдік азаматтар жоғарыда аталған 6 ай мерзім ішінде өз елдеріне тосқауылсыз оралуына болады. Бұл жағдайда оларға ешқандай айыппұл шаралар қолданылмайды және болашақта Оңтүстік Корея аумағына қайта кіруіне шектеу қойылмайды

Оңтүстік Кореяның аумағынан ерікті түрде шыққан Қазақстан азаматтарының Қазақстандағы Корея Республикасының дипломатиялық өкілдіктерінен тиісті виза алғаннан кейін Кореяға заңды түрде кедергісіз қайта кіруіне мүмкіндіктері бар.

Қазақстан Республикасының азаматтары аталған мерзімде өз еркімен шығу үшін Оңтүстік Кореяның халықаралық әуежайдағы иммиграциялық қызмет өкілдіктеріне алдын ала әуе билеттерімен және Қазақстанның паспортымен немесе қайтып оралу куәлігімен баруы қажет.

Сонымен қатар, 2018 жылдың қазан айынан бастап Оңтүстік Кореяның иммиграциялық билік өкілдері полициямен бірлесіп бүкіл елде заңсыз жүрген шетелдік мигранттарды ұстау үшін қатаң рейдтер жүргізуді бастады. Осы рейдтер барысында ұсталғандарды елді өз еркімен кетушілер деп есептемей, керісінше, оларға елдің заңын бұзушылар ретінде тиісті әкімшілік шараларды қолданатын болады, атап айтқанда қамауға алынып, 20 млн. корей вонасына дейін (шамамен 6,5 млн. тенге) айыппұл салынады және елден шығарылып, Корея Республикасының аумағына 10 жылға дейін кіруге тыйым салынады.

Осы ретте Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген Қазақстан азаматтарын «жасыл дәліз» шарасын пайдаланып, өз еркімен отанына оралуға шақырамыз. Өз еркімен шығу акциясы Кореяның иммиграциялық заңнамасын бұзушыларға әкімшілік жауапкершіліктен құтылуға және болашақта елге әр түрлі мақсатпен заңды түрде қайта келуіне үлкен мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, шет елдерде орнатылған заңдар мен рәсімдерді құрметтеу үшін шетелге шығатын Қазақстанның барлық азаматтарын, сондай-ақ төтенше жағдайлар туындаған жағдайда Қазақстан Республикасының жақын жерде орналасқан шетелдегі мекемелеріне хабарласуларын сұраймыз. Олар болмаған жағдайда, тікелей Астанадағы Сыртқы істер министрлігіне хабарласу қажет.

Ұзақ уақытқа, соның ішінде жұмысқа, оқуға немесе жеке мақсаттармен шет елдерге кеткен Қазақстан азаматтарына еліміздің тиісті Елшіліктерінде немесе консулдықтарында консулдық тіркеуге тіркелу қажет екендігін еске саламыз.

Қосылған : 15.10.2018, 18:00, Өзгертілген : 15.10.2018, 18:00