​Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2019 жылғы 21 қаңтар

Мазмұны:

1. Зимбабве Президентінің Қазақстанға ресми сапары туралы;

2. Моңғолия Сыртқы істер министрінің Қазақстанға ресми сапары туралы;

3. Ташкент қаласындағы қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Еуропа Одағы - Орталық Азия арасындағы жоғары деңгейлі 6-шы конференциясы туралы;

4. Саран қаласында «SES Saran» күн электр станциясының ашылуы туралы;

1) Зимбабве Президентінің Қазақстанға ресми сапары туралы

19-21 қаңтар аралығында Қазақстан-Зимбабве қарым-қатынасының тарихында тұңғыш рет Зимбабве Президенті Эммерсон Мнангагва Қазақстанға ресми сапармен келді. Бұл Зимбабвенің біздің елмен жан-жақты серіктестікті нығайтуға деген зор ұмтылыстың дәлелі болып табылады.

Зимбабве Президентінің бұл сапары ТМД елдеріне жасаған турнесі аясында өтіп жатыр, атап айтқанда Ресей, Беларусь, Әзербайжан және Қазақстанға сапарлары өтті.

Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуі өтіп, оның барысында екіжақты күн тәртібі мен сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективалары бойынша бірқатар мәселелер талқыланды.

Астана мен Хараре арасындағы ынтымақтастық перспективалық бағыттары туралы айта отырып, тау-кен және агроөнеркәсіптік салалардағы өзара іс-қимылдың әлеуетін атап өтуге болады.

Зимбабве 2017-2018 жылдарға арналған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелерін сайлау кезінде Қазақстанның кандидатурасын қолдаған болатын.

Жалпы алғанда, Зимбабве Президентінің сапары Африка бағытындағы 2014-2020 жылдарға арналған Қазақстан сыртқы саясаты тұжырымдамасын іске асыру мақсаттарына сай келеді.

2) Моңғолия Сыртқы істер министрінің Қазақстанға ресми сапары туралы

24-25 қаңтарда Қазақстан-Моңғолия қарым-қатынасының тарихында тұңғыш рет Моңғолияның Сыртқы істер министрі Дамдин Цогтбаатар Қазақстанға алғашқы ресми сапарымен келіп-кетеді. Сапар барысында мемлекет басшылығымен кездесулер жоспарланған, оның барысында екіжақты және көпжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланады.

Атап айтқанда, тараптар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстары мен екі елдің транзит-көліктік әлеуетін дамытуды, жоғары деңгейдегі өзара сапарларды ұйымдастыруды, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауды жоспарлап отыр.

Қазақстан Республикасы мен Моңғолия стратегиялық серіктестер болып табылады, сондай-ақ ежелгі тарихи және экономикалық байланыстарға ие. Екі мемлекетті біріктіретін «достық көпірі» ретінде Моңғолиядағы қазақ диаспорасы болып табылады.

3) Ташкент қаласындағы Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Еуропа Одағы - Орталық Азия арасындағы жоғары деңгейлі 6-шы конференциясы туралы

24-25 қаңтарда Ташкент қаласында Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Еуропа Одағы - Орталық Азия арасындағы жоғары деңгейлі 6-шы конференциясы өтеді.

Іс-шараға Орталық Азия және Еуроодақ елдерінің қоршаған орта, климаттың өзгеруі және су ресурстары саласындағы саясатына жауапты министрліктер мен ведомстволардың өкілдері қатысады.

Қазақстан делегациясын Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко басқарады. Делегация құрамына энергетика, ауылшаруашылық министрліктері мен Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының өкілдері кіреді.

Іс-шара Еуропалық Одақтың төрағалығымен, жобадағы жетекші ел - Италия және қабылдаушы ел – Өзбекстанның ұйымдастыруымен өтеді. Қатысушылар қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруі және су ресурстары саласындағы Еуропа Одағы мен Орталық Азия арасындағы болашақ ынтымақтастығының басымдықтарын айқындап, өзара пікір алмасады.

4) Саран қаласында «SES Saran» күн электр станциясының ашылуы туралы

23 қаңтарда Қарағанды облысындағы Саран қаласында Орталық Азиядағы ең ірі 100 МВт қуаты бар «SES Saran» күн электр станциясының ашылуы жоспарлануда.

Аталған іс-шараға Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің өкілдері және Германияның Қазақстандағы Елшісі Тило Клиннердің қатысуы көзделуде.

Жобаны «Canadian Solar Inc» компаниясынан 300 мыңнан астам күн модулін қолданатын Германия, Чехия және Словакия республикаларының инвестициялық тобы жүзеге асырды.

Бұдан бұрын аталған жоба «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің аясында «Қазақстан» павильонында таныстырылған болатын.

Қосылған : 21.01.2019, 17:20, Өзгертілген : 21.01.2019, 17:20