​Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2018 жылғы 22 қазан

Мазмұны:

1) Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Финляндияға ресми сапары және Бельгияда өткен АСЕМ Саммитіне қатысуы туралы;
2) Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің отырысы туралы;
3) Қазақстандағы инвесторлардың құқықтарын қорғау бойынша дипломатиялық корпус үшін брифингі туралы;
4) Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының жаңа ғимаратының тұсаукесері туралы;
5) Биологиялық және уытты қаруларға тыйым салу туралы конвенцияны жүзеге асыру бойынша аймақтық семинар туралы;
6) АҚШ Сауда жөніндегі министрінің Қазақстанға сапары туралы;
7) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алғашқы медициналық - санитарлық көмек көрсету жөніндегі жаһандық конференциясы туралы.

1) Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Финляндияға ресми сапары және Бельгияда өткен АСЕМ Саммитіне қатысуы туралы

Мемлекет басшысының Финляндия мен Бельгияға өткен сапарларының нәтижелері ерекше назар аударарлық.

Президент Саули Ниинистёмен өткен келіссөздер Финляндия Қазақстанның тұрақтылықты қамтамасыз етудегі және Орталық Азияның тұрақты дамуына жағдай жасаудағы негізгі серіктес ретінде, ал Хельсинки Астана үшін Солтүстік Еуропа мен Еуропалық Одақтда маңызды әріптестердің бірі екендігін көрсетті. Бұған мемлекет басшыларының жеке қарым-қатынасы арқасында қол жеткізілген саяси диалогтың сенімділігі мен ашықтығы ықпал етеді.

Финляндиямен келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар маңызды келісімдерге, меморандумдарға және коммерциялық келісімшарттарға қол қойылды. Олардың іске асырылуы еліміз үшін үлкен экономикалық пайда әкеледі (жалпы сомасы 545 млн. АҚШ долларынан астам сомаға 20 құжат). Штаб-пәтері Финляндия астанасында орналасқан және өзара іс-қимыл Скандинавия елдерімен ынтымақтастықта сапалы жаңа бет ашатын Солтүстік инвестициялық банкпен ынтымақтастық туралы Негіздемелік Келісімге қол қоюды ерекше атап өткім келеді.

Брюссельде Мемлекет басшысының АСЕМ Саммитіне қатысуымен бірге екіжақты маңызды кездесулер мен іс-шаралар өткізілді. Бұл Еуропа және Азия көшбасшыларымен кездесулері, соның ішінде, Бельгия Королі Филиппен, Франция Президенті Эмманюэль Макронмен, Еуропалық комиссияның төрағасы Жан-Клод Юнкермен, сондай-ақ, Ұлыбритания, Германия, Италия, Қытай, Литва, Нидерланды, Ресей, Оңтүстік Корея, Жапония және т.б. елдердің мемлекет және үкімет басшыларымен кездесулері халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша, әсіресе, қауіпсіздік тақырыбынан нәтижесіз санкцияларға қарсы тұруға ұстанымдарды салыстыруға мүмкіндік берді. Байланыстарды жоғары деңгейде жалғастыру жоспарлаған.

АСЕМ 12-ші саммиті әлемдік саясат пен экономикадағы дағдарыстық құбылыстардың аясында, мемлекеттердің дамуында теңсіздіктің өсуі және жаһанданумен бірге жүретін екіжақты процестер ерекше мәнге ие болды.

Осыған орай, Саммиттің пленарлық отырысында Мемлекет басшысы әлемдік державаларды (бірінші кезекте АҚШ, Ресей Федерациясы, Қытай және Еуропа Одағы елдері) бұл мәселелерді шешуде жауапкершілікті алуға шақырды.

Осы мақсатта Қазақстан Президенті БҰҰ-ның арнайы сессиясын, соның ішінде, қажет болған жағдайда, Астанада өткізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Мемлекет басшысының бұл ұсынысы түрлі халықаралық топтар арасында қызығушылық тудырып, қазіргі уақытта Қазақстан осындай кездесуді ұйымдастыру бойынша тиісті пысықтау жұмыстарын бастайды.

Азия мен Еуропа көшбасшылары саммитінің нәтижелері бойынша қорытынды құжат - Саммит Төрағасының мәлімдемесі қабылданды. Аталған мәлімдеме саяси және қауіпсіздік, экономика және қаржы, білім беру және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара байланысты ынтымақтастық мәселелерін қамтиды.

Саммиттің қорытынды құжаты Қазақстан тарапынан қаржылық институттардың аймақтық ынтымақтастығын нығайту (АХҚО-ны дамыту контексінде) және дінаралық диалогты нығайту жөніндегі бастамаларды қамтиды. Бұл құжатта біздің еліміз үшін, атап айтқанда, кәсіптік білім, көлік және логистика, азық-түлік қауіпсіздігі, энергетика және инновация саласындағы, соның ішінде энергия тиімділігі технологиялары саласындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары бар.

АСЕМ Еуразия құрлығындағы өзара байланысты мәселеге ерекше назар аударады, ол елдерді, адамдар мен қоғамдарды тығыз экономикалық және гуманитарлық өзара ықпалдастықты ынталандыру мақсатында біріктіруге бағытталған.

Еуропалық Одақ Саммиттің қарсаңында Еуропалық Одақпен Азиядағы өзара әрекеттесу стратегиясын қабылдап, экономикалық дипломатияны тереңдетуге бағытталған, көпжақты және еркін сауданы кеңейтуге және ЕО-ның Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін нығайтуға бағытталған. Бұл құжатта Еуропа мен Азияның арасындағы «көпір» рөлі және үлкен транзиттік-көлік әлеуеті ескеріле отырып, Орталық Азия аймағына, әсіресе, Қазақстанға ерекше роль беріледі.

2) Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің отырысы туралы

22-24 қазанда Ереванда Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде қолайлы іскерлік ахуалды қалыптастыруға, өндірістік байланыстарды нығайтуға, экспорттық әлеуетті дамытуға, шетелдік инвесторлар үшін тартымды жағдайлар жасауға бағытталған үшінші «Еуразиялық апта 2018» атты халықаралық форумы өтеді.

Аталған іс-шара шеңберінде 22 қазанда Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің кезекті отырысы өтеді. Қазақстан делегациясын Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин басқарады.

«Еуразиялық апта» форумы - Еуразия экономикалық одаққа және Еуразиялық экономикалық комиссияға мүше елдердің ұйымдастыруымен өтетін жыл сайынғы шара. Форум өткізу бойынша бастама 2015 жылдың мамыр айында Одаққа мүше елдердің бес премьер-министрінің шешімімен мақұлданды. Іс-шараға бизнес және көрме бөліктері кіреді, сондай-ақ екі жақты (B2B) және бизнес өкілдері мен үкімет арасындағы (B2G) байланыстарды қалыптастыруға ықпал етеді.

Форум алашқы рет 2016 жылдың қазан айында Мәскеу халықарылық форумы алаңында өткізілді. Екінші форум 2017 жылғы тамызда Астанада ЭКСПО-2017 көрмесі шеңберінде өтті. Іс-шара жыл сайын Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттері және үшінші елдерден 2 мыңнан астам қатысушыларды жинайды.

3) Қазақстандағы инвесторлардың құқықтарын қорғау бойынша дипломатиялық корпус үшін брифингі туралы

23 қазанда Сыртқы істер министрлігінде шетелдік дипломатиялық корпусы үшін жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері мен «Protecting Business and Investments» Жобалық офисінің жұмысымен таныстыру бойынша брифинг ұйымдастырылады. Іс-шараның тақырыбы - «Қазақстан Республикасындағы инвестициялық қызметті жүзеге асыруда инвесторлардың құқықтарын қорғау».

Жобалық офис Сыртқы істер министрлігі, Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Инвестициялар және даму министрлігі арасында Инвесторларға қызмет көрсету орталығының алаңында күш-жігерді біріктіру және инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін үш жақты меморандумды орындау шеңберінде құрылды.

4) Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының жаңа ғимаратының тұсаукесері туралы

23 қазанда Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымы күнін мерекелеу қарсаңында (24 қазан) БҰҰ жаңа ғимаратының ресми тұсаукесері жоспарланған. Іс-шараға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы аймақтық офистерінің жоғары өкілдері қатысады. ЮНИСЕФ-тің Еуропа мен Орталық Азия елдері жөніндегі аймақтық директоры Афшан Хан, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық бюросының аймақтық директоры Жужанна Якаб және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық желісінің «Сау қалалары» мэрлерінің қатысуы күтілуде.

Біріккен Ұлттар Ұйымының жаңа ғимараты БҰҰ агенттіктерінің ең жоғары қауіпсіздік талаптарын қанағаттандыру үшін салынған Алматы қаласының ең заманауи архитектуралық нысандарының бірі болып табылады және Қазақстандағы БҰҰ агенттіктерінің үздіксіз жұмыс істеуі үшін қажетті ең озық жабдықтармен және жиһаздармен жабдықталады. 2018 жылдың соңында - 2019 жылдың басында БҰҰ агенттіктері жаңа ғимаратқа көшеді деп күтілуде.

5) Биологиялық және уытты қаруларға тыйым салу туралы конвенцияны жүзеге асыру бойынша аймақтық семинар туралы

23-24 қазанда Алматыда Орталық референс-зертханасында Қазақстан Сыртқы істер министрлігімен Германия Федеративтік Республикасының қаржыландыруымен және қолдауымен биологиялық және улы қаруларға тыйым салу туралы конвенцияны іске асыруды қолдау тобымен бірлесіп аталған Конвенцияны жүзеге асыру және биоқауіпсіздік мәселелері жөнінде Орталық Азия үшін аймақтық семинар ұйымдастырылады.

Семинарға Орталық Азия, Германия елдерінің өкілдері, халықаралық ұйымдардың, соның ішінде Биологиялық және уытты қаруларға тыйым салу жөніндегі Конвенцияны іске асыруды қолдау тобы, Біріккен Ұлттар Ұйымының 1540 Комитеті, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының және Халықаралық ғылыми-техникалық орталығының өкілдері қатысады. Семинарға Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай, вакциналар мен басқа да иммунобиологиялық препараттар өндірісі, Орталық референс зертханасы негізінде бірлескен зерттеулер мен халықаралық ынтымақтастықтың келешегі және биологиялық және улы қаруларға тыйым салу жөніндегі конвенцияны жүзеге асыру мәселелері талқыланады.

6) АҚШ Сауда министрінің Қазақстанға сапары туралы

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың қаңтар айында Америка Құрама Штаттарына жасаған ресми сапарының нәтижесінде қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, 24-25 қазан аралығында АҚШ Сауда министрі Уилбур Росстың Қазақстанға сапары болады. Сапар шеңберінде Қазақстан-АҚШ арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық перспективаларын талқылау жоспарлануда.

Сапар барысында Уилбер Росстың мемлекет басшылығы және Үкімет мүшелерімен кездесулері, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларында екі елдің іскер топтары өкілдерінің қатысуымен қазақстандық-америкалық бизнес-форумдары ұйымдастырылады.

АҚШ Сауда министрінің Қазақстанға сапары екі жақты қатынастар тарихындағы алғашқы сапар болып табылады және екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті, соның ішінде сауда және инвестициялар салаларда одан әрі дамытуға ықпал етеді.

2017 жылы Қазақстанның АҚШ-пен сауда көлемі 1 млрд. 518 млн. АҚШ долларын құрады. Соның ішінде Қазақстанның АҚШ-қа экспорт көлемі - 354,6 миллион долларын құраса, АҚШ-тан Қазақстанға импорт көлемі 1 млрд. 164 млн. долларын құрады.

2018 жылдың қаңтар-тамыз аралығында екіжақты сауданың көлемі 1 млрд. 462 млн. долларға жетті. Бұл көрсеткіш 2017 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 29 пайызға жоғары (1 млрд. 133 млн.). Сонымен бірге 2017 жылмен салыстырғанда Қазақстанның АҚШ-қа экспортының көлемі 2,1 есе немесе 111 пайызға өсіп, 576 млн. АҚШ долларын құрады.

7) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алғашқы медициналық көмек көрсету жөніндегі жаһандық конференциясы туралы

25-26 қазанда Астанада Қазақстан Үкіметі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қорының қолдауымен «Алматыдан басталған денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамтуға және тұрақты даму мақсаттарына» атты тақырыбында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жөніндегі Жаһандық конференцияны өткізеді.

Конференция Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі Алматы декларациясының 40 жылдығын атап өтуге, оның бастапқы қағидаттарын растауға және алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудің саяси міндеттемелерін жаңартуға бағытталған.

Конференцияға 190-нан астам елдің өкілдері, соның ішінде, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Гебрейесус, ЮНИСЕФ-тің Атқарушы директоры Генриетта Фор, үкімет басшылары, денсаулық сақтау, білім беру министрлері, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, академиялық, ғылыми орта және жас мамандардың қатысуы күтілуде.

Конференцияның қорытындысы бойынша қазіргі заманның қиындықтарына қарсы тұруға арналған жаңартылған алғашқы медициналық-санитарлық көмек туралы Астана декларациясы түрінде қорытынды құжаттың қабылдануы жоспарлануда.

Оның ережелері Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейінгі тұрақты даму мақсаттарының біріне негіз ретінде денсаулық сақтаудың жалпыға бірдей қамтамасыз етілуіне қол жеткізуге мүмкіндік береді және заманауи цифрлық технологияларды пайдалана отырып алғашқы медициналық-санитарлық көмекті басымдықты дамыту негізінде халыққа медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.

Қосылған : 22.10.2018, 17:45, Өзгертілген : 22.10.2018, 17:45