​Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2018 жылғы 29 қазан

Мазмұны:

1) Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінде 29 қазанда Қазақстан қатысатын оқиғалар туралы;
2) Қазақ тіліне аударылған 1949 жылғы Женева конвенцияларының презентациясы туралы;
3) Астанада өтетін Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Әзербайжан Үкіметаралық комиссиясының 15-ші отырысы туралы;
4) «Қазақстан Республикасының экспорттық әлеуеті» тақырыбында дипломатиялық корпус пен халықаралық бизнес қауымдастығына арналған брифинг өткізу туралы;
5) Ресей Федерациясының Үкіметі Төрағасының Қазақстанға ресми сапары туралы;
6) Бразилия Сыртқы істер министрінің Қазақстанға ресми сапары туралы;
7) Астанада өтетін ТМД Үкімет басшылары кеңесінің отырысы туралы.

1) Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінде 29 қазанда Қазақстан қатысатын оқиғалар туралы

29 қазанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорк қаласындағы штаб-пәтерінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шеңберінде Қазақстанның қатысуымен бірқатар маңызды іс-шаралар өтеді, олардың ішінде:

- Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің Батыс Сахарадағы референдум өткізу жөніндегі БҰҰ миссиясының мандатын ұзарту туралы шешім жобасын қабылдау.

Айта кетерлік жайт, қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бес қызметкері Біріккен Ұлттар Ұйымының Батыс Сахарадағы референдум жөніндегі миссиясында қызмет атқарады. 2018 жылдың соңына дейін үш офицерді ротация негізінде ауыстыру жоспарлануда, оның ішінде бір әйел әскери қызметкер бар. Біріккен Ұлттар Ұйымы біздің елімізге Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери сарбаздары есебінен Батыс Сахарадағы БҰҰ Миссиясының алтыншы бос лауазымымен қамтамасыз етті.

- Сондай-ақ, Сириядағы гуманитарлық жағдай жөніндегі консультациялар және Палестина мәселесін қоса алғанда, Таяу Шығыстағы брифинг пен Судан және Оңтүстік Судандағы ахуал бойынша консультацияларды атап өтуге болады.

2) Қазақ тіліне аударылған 1949 жылғы Женева конвенцияларының презентациясы туралы

Бүгін Сыртқы істер министрлігінде қазақ тіліне аударылған 1949 жылғы Женева Конвенцияларының және оларға қосымша хаттамалардың ресми презентациясы өтті.

Іс-шараға Халықаралық Қызыл Крест комитетінің вице-президенті Жиль Карбонье, дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ мемлекеттік органдар және жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

3) Астанада өтетін Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Әзербайжан Үкіметаралық комиссиясының 15-ші отырысы туралы

30-31 қазанда Астана қаласында Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Әзербайжан Үкіметаралық комиссиясының 15-ші отырысы өтеді. Аталған отырыста Қазақстан тарапынан Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Әзербайжан тарапынан Энергетика министрі Парвиз Шахбазов төрағалық етеді.

Іс-шара шеңберінде тараптар 2017 жылғы 7 желтоқсанда өткен Комиссияның 14-ші отырысының шешімдерін жүзеге асыру барысын, сондай-ақ, сауда-экономикалық, транзит-көліктік, мәдени-гуманитарлық салаларда екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін қарастырады.

Сонымен қатар, 2017 жылы сәуір айында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Әзербайжанға ресми сапарының қорытындылары бойынша екі мемлекет басшылары қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асыру барысын талқылау жоспарлануда. Атап айтқанда, өзара тауар айналымын арттыру мәселесі және Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту бойынша Жол картасын орындау барысы қарастырылады.

4) «Қазақстан Республикасының экспорттық әлеуеті» тақырыбында дипломатиялық корпус пен халықаралық бизнес қауымдастықтарына арналған брифинг өткізу туралы

30 қазанда Сыртқы істер министрлігінде «Қазақстан Республикасының экспорттық әлеуеті» тақырыбында дипломатиялық корпус пен халықаралық бизнес қауымдастықтар өкілдері үшін брифинг өткізілуі жоспарлануда.

Іс-шараның мақсаты - бұл саладағы Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктерін, жаңа бастамаларын, экспорттық келісімшарттардың қолдау құралдарын және құрылып жатқан институционалдық негізді Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық корпусына таныстыру болып табылады.

Брифингке Ұлттық экономика министрлігі, Инвестициялар және даму министрлігі, «Kazakh Export» Экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басшыларының қатысуы күтілуде.

Іс-шара барысында Сыртқы істер министрлігі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Kazakh Export» Ұлттық компаниясы арасында Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға және Бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қою жоспарланған. Аталған құжаттар шеңберінде кең ауқымды мәселелер бойынша өзара әрекеттестік жоспарлануда, атап айтқанда, ақпарат алмасу мен нарықтық талдаудан бастап экспортты дамытудағы нақты серіктестермен жұмыс жасау, үздік халықаралық тәжірибені зерделеу, халықаралық іс-шараларға қатысу және бұқаралық ақпарат құралдарына қолдау көрсетуге дейін.

Сыртқы істер министрлігі өз жұмысындағы маңызды басымдықтарының бірі қазақстандық бизнестің шет елдерде құқықтарын қорғау және қолдау мәселесі болып табылады. Осы орайда Министрлік қазақстандық экспорттық өнімдерді ілгерілетуге белсенді түрде қолғабыс көрсетуде.

5) Ресей Федерациясының Үкіметі Төрағасының Қазақстанға ресми сапары туралы

1 қарашада Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Дмитрий Медведевтің Қазақстан Республикасына ресми сапары өтеді.

Сапар барысында мемлекет басшылығымен кездесулер жоспарлануда. Қазақстан мен Ресей Үкіметтерінің басшылары арасында өтетін кездесуде Қазақстан-Ресей сауда-экономикалық, өңіраралық, көліктік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығы салаларын дамыту перспективалары мен олардың ағымдағы жағдайын, сондай-ақ, «Байқоңыр» кешенінде өзара әрекеттестік мәселелері бойынша пікір алмасады.

Сонымен бірге, тараптар екі елдің интеграциялық одақтастық шеңберіндегі өзара іс-қимыл мәселелерін талқылайды.

6) Бразилия Сыртқы істер министрінің Қазақстанға ресми сапары туралы

1-2 қарашада Бразилия Федеративтік Республикасының Сыртқы істер министрі Алоизио Нунес Астанаға қазақстан-бразилиялық қарым-қатынастары тарихында алғашқы ресми сапарымен келеді.

Аталған тарихи сапар Қазақстан мен Бразилия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылуының 25 жылдық қарсаңында және екі ел ынтымақтастығының достығын бекітуге жаңа кезеңін бастамақ.

Халықаралық аренада абыройлы ойыншы, «G20» және БРИКС мүшесі ретінде Бразилия Латын Америка елдері арасында Қазақстанның негізгі әріптесі және осы аймақта бас сауда әріптесі болып табылады. 2017 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Бразилияның екі жақты тауар айналымы 135 миллион АҚШ долларынан асты. 2016 жылдан бастап екі ел арасында визасыз режим орнатылған.

7) Астанада өтетін ТМД Үкімет басшылары кеңесінің отырысы туралы

2 қарашада Астанада Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысы өтеді.

Отырыс барысында ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Үкімет басшылары сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың, сондай-ақ мәдениет пен қаржы саласындағы өзара іс-әрекеттің көкейкесті мәселелерін қарастырады.

Отырыс қорытындысы бойынша ядролық апат болған жағдайда дайындықты қамтамасыз етуге, салықтық әкімшілік саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, ғарыш кеңістігін зерттеу және бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы бірлескен қызметті жүзеге асыруға, жылжымалы ұялы байланыс жүйесін дамыту және пайдаланудағы ынтымақтастыққа бағытталған бірқатар халықаралық шарттарға қол қою күтілуде.

Қосылған : 29.10.2018, 17:00, Өзгертілген : 29.10.2018, 17:00