БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері Орталық Азия елдерінің терроризмге және экстремизмге қарсы күрестегі күш-жігерін жоғары бағалады

2018 жылы 2 шілдеде БҰҰ-ның штаб-пәтерінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Орталық Азия бойынша терроризмге қарсы комитетінің ашық брифингі өтті, онда мемлекеттердің терроризмге қарсы әрекет ету саласындағы Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын жүзеге асыру мәселелері қаралды.

Іс-шараға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүдделі мүше мемлекеттерінің делегациялары, ШЫҰ өңірлік антитеррорлық құрылымының, ТМД терроризмге қарсы орталығының, Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың, БҰҰ Орталық Азияға арналған алдын алу дипломатиясының өңірлік орталығының басшылығы, ЕҚЫҰ, Еуроодақтың, БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының, INTERPOL өкілдері және басқалары қатысты.

2009 - 2017 жылдар аралығында БҰҰ ҚК Терроризмге қарсы комитетінің Атқарушы директораты Өзбекстанға (2009 және 2015 жж.), Қырғызстанға (2012 және 2016 жж.), Қазақстанға (2016 ж.), Тәжікстанға (2017 ж.) және Түркменстанға (2017 ж.) бағалау сапарларын жүзеге асырды. Осы сапарлардың нәтижесінде Орталық Азия мемлекеттері терроризмге және экстремизмге қарсы тұру саласында ұлттық деңгейде бірқатар маңызды шараларды қабылдағаны аталды. Дегенмен, өңірдегі қауіпсіздікке Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыстар және олардың салдарынан болған шетелдік террористік жауынгерлердің көрші Ауғанстанға және өздері шыққан еліне, соның ішінде Орталық Азия мемлекеттеріне көшуі қауіп төндіруде. Сонымен бірге, терроризмді қаржыландыру көздерінің бірі болып табылатын қару-жарақ пен есірткі заттарын заңсыз сату жағдайды одан әрі қиындатуда.

Брифингке қатысушылар Орталық Азия мемлекеттерінің БҰҰ агенттіктерімен ынтымақтастықта ашықтығы мен қызығушылығын атап өтті. Терроризмге және экстремизмге қарсы тұру бойынша елдердің қабылдайтын шаралары халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Орталық Азия мемлекеттерінің терроризм мен экстремизмге қарсы күресте өзара және өңірлік халықаралық ұйымдармен тығыз іс-қимыл жасауға ұмтылысы оң бағаланды. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Владимир Воронков мысал ретінде Ұйым тарихында алғаш рет 2011 жылы БҰҰ Орталық Азиядағы Жаһандық терроризмге қарсы стратегиясын іске асыру үшін Бірлескен іс-қимыл жоспары қабылданғанын айтты. Оның шеңберінде 2018 жылдың сәуір айынан бастап оның үшінші кезеңі сәтті іске асырылуда.

Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері өңірдегі елдердің осы жауыздыққа қарсы күресте қабылдаған алдын ала шараларын, оған қоса, азаматтық қоғаммен, жастармен, әйелдермен, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен жұмысын, сондай-ақ адам құқықтарының сақталуын және т.б оң бағалады.

Ашық брифингтің барысында террористік қауіп-қатерімен одан әрі тиімді күресу мақсатында «БҰҰ Орталық Азиядағы Жаһандық терроризмге қарсы стратегиясын кешенді іске асыру жолында» жобасының үшінші кезеңін жүзеге асыруға ерікті жарна ретінде БҰҰ Терроризмге қарсы орталығының қорына бірінші болып үлесін қосқан Қазақстанның рөлі ерекше аталып өтті.

Оған қоса, 2018 жылы мамырда Орталық Азия елдерінің сарапшыларын шақыра отырып, зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизм мен терроризмнің өңірде таралуына ықпал ететін себептер мен шарттарды жою туралы тәжірибе жүзіндегі іс-шара өткізілді.

Қазақстан делегациясы өз сөзінде 2018 жылы наурызда ұлттық деңгейде БҰҰ Жаһандық терроризмге қарсы стратегиясына толығымен сәйкес келетін 2018-2022 жылдарға арналған Діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұру жөніндегі мемлекеттік бағдарлама қабылданғанын атап өтті.

Жаһандық мақсаттарға қол жеткізу үшін терроризмді жаһандық қауіп деп танып, БҰҰ барлық сипаттағы қарарларын және зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизмге қарсы күреске бағытталған шешімдерді міндетті түрде ұстану; халықаралық әріптестермен ақпарат алмасудың, атап айтқанда күдікті транзакциялар үшін деректерді сұрау бойынша құқықтық шекті құру және террористік ұйымдардың қайырымдылық қорлардың есебінен қаржыландырылуын қатаң бақылау, бұл үшін қаржы операциялар шегін бақылау қажет; террористер тізімін жаңартуды жақсарту және активтерге ұлттық деңгейде тыйым салу, сондай-ақ ШЫҰ және ҰҚШҰ тәжірибесін пайдала отырып, террористік ұйымдардың бірыңғай тізімін құру; террористік қылмыстарды жүзеге асыруға қатысқан тұлғаларды іздеу, ұстау және беру үшін бірыңғай іс-қимыл тетігін әзірлеу ұсынды.

Қосылған : 2.07.2018, 17:05, Өзгертілген : 2.07.2018, 17:05