Жеңіс күні Қазақстанның шетелдегі өкілдіктерінде аталып өтті

Беларусьте Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді еске алу іс-шаралары жөнінде

2018 жылғы 7 мамырда Қазақстанның Беларусьтегі Елшілігінің қатысуымен Беларусь аумағында Ұлы Отан соғысы кезінде қайтыс болған Қазақстанның жауынгерлері ескерткішіне, сондай-ақ Минск облысының Молодечно ауданындағы Радошковичи ауылында туыс бауырластар қабіріне гүл шоғын қою рәсімі өтті.

Іс-шараға ардагерлер, жергілікті билік органдарының басшылары, Беларусьте тұратын қазақ диаспорасының өкілдері, қоғамдық жастар ұйымдары, сондай-ақ Минскіде оқып жүрген офицерлер, курсанттар мен студенттер қатысты. Іс-шараның Құрметті қатысушысы Ұлы Отан соғысының ардагері, қазіргі уақытта Минск қаласында тұратын, полковник Мырзатай Берікбаев болды.

Қазақстан Елшісі Ермұхамет Ертісбаев өз сөзінде Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстаннан шыққан бірнеше ондаған мың жауынгер қаза тауып, Беларусьте жерленгенін атап өтті. Қазақстандық сарбаздар өздерінің әскери міндеттерін өздерінің өмір сүру құны арқылы орындап, әскери антқа адал болды. Олардың 84-і Беларусияны азат еткені үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.

Іс-шараның соңында Е.Ертісбаев Беларусь халқына құрбан болғандарды еске сақтағаны үшін алғысын айтып, Қазақстан өзінің қаһармандарын жоғары бағалайтындығын атап өтті.

Киевте қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысындағы жеңіске қосқан үлесі туралы кітаптың тұсаукесері өткізілді

2018 жылғы 5 мамырда Қазақстанның Украинадағы Елшілігімен «Украинаның Екінші дүниежүзілік соғыстағы тарихы ұлттық мұражайы» Мемориалдық кешенінде Украиналық-қазақстандық қатынастар институтының директоры Николай Степаненконың «Қазақстан-Украина: соғыс жалынымен шындалған достық» кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды.

Кітап Украина жерін Екінші дүниежүзілік соғыста неміс басқыншыларынан азат етудегі шайқастарға қатысқан қазақстандықтардың ерлігіне арналған.

Қазақстан Елшісі Самат Ордабаев кітаптың украиналық және қазақстандық қазіргі буын өкілдері үшін ерекше өзектілігін атап өтті. Ол майданға шақырылған 1,2 млн. қазақстандықтардың 600 мың азаматы Украина жерін азат етуге қатысқанын, оның тең жартысы ерлікпен қаза тапқанын еске салды. Украинаны азат етудегі ерлігі мен батылдығы үшін 156 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры жоғары атағын иеленді.

Профессор В.Кушерецтің айтуынша, Қазақстан мен Украина халықтары арасындағы достық пен өзара көмек көрсету тарихы тереңде жатыр және оның жарқын үлгісі ретінде Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде халықтарымыздың жауынгерлік достығын атауға болады.

Украинаның Екінші дүниежүзілік соғыстағы тарихы ұлттық мұражайының бас директоры Иван Ковальчук әйгілі қазақстандықтар – Қасым Қайсенов, Талғат Бегелдинов және Сағадат Нұрмағамбетовтің есіміне арналған экспозициялар туралы сөз қозғады.

Іс-шара шеңберінде украиналық Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның тумасы, Украина, Польша және Чехословакияны азат ету шайқастарына қатысқан Нұрбай Аманжоловты құттықтап, құрмет көрсетілді.

Дипломаттар, ҰОС ардагерлері, украиналық тарихшылар және мәдениет қайраткерлері Днепр өзенінен өту қаһармандары мемориалына гүл шоқтарын қойды.

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына қатысты өткізілген іс-шара

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 73-жыл толуына, сондай-ақ фашистік концлагерден тұтқындарды босатуына орай 2018 жылғы 6 және 9 мамырда Қазақстан Республикасының Аустриядағы Елшілігінің қызметкерлері Кеңестік азат етуші жауынгерлерге арналған «Маутхаузен» мемориалдық кешеніндегі және «Шварценберг» алаңындығы ескерткіштеріне гүлшоқтарын қою салтанатына қатысты. 1945 жылдың сәуір айында Аустрия астанасы үшін шайқаста 14 мыңнан астам бұрынғы КСРО-дағы барлық ұлттардан тұратын кеңес солдаттары мен офицерлері қаза тапты. Ұлы Отан соғысының соңғы аптасында Аустрия аумағында қаза тапқан мыңнан астам қазақстандық жауынгерлер жерленген. Сол кезеңдегі даңқты және қайғылы оқиғалар жыл сайын тарих тереңіне кетіп барады. Алайда, Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі үшін өз өмірлерін қиған ардагерлеріміздің есімдері біздің мәңгі есімізде сақталады.

Грекияда Жеңіс күні аталып өтті

Қазақстанның Афинадағы Елшісі Алексей Волков Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 73-жылдығына орай өткізілген салтанатты іс-шараларға қатысты.

Кеңес сарбазына арналған ескерткішке гүл шоғын қою рәсімінде сөз алған қазақстандық дипломат «фашизмді жеңу күні әлем тарихына батылдық пен батырлық символы ретінде қалғанын» айрықша атап өтті. Сонымен қатар, ол «қазақстандықтар, Кеңес Одағының басқа да халықтары секілді, жан аямай нацизмді жоюға айтарлықтай өз үлесін қосқанын сөзге тиек етті.

Жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Елші А. Волков Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем.XXI ғасыр» манифесі жайлы айтып берді. Аталған бастама жойқын соғыстарды тоқтатуға, саналылық пен үнқатысуға, сабырлық пен парасаттылыққа бағытталғаны мәлім.

Гүлшоғын қою рәсімінен кейін Қазақстанның Афинадағы Елшілігінің ұжымы «Өлімсіз полк» акциясына қатысты. Ұйымдастырушылар берген ақпаратқа сәйкес, Элладада тұратын қазақстандық диаспора мен отандастарымызды қоса алғанда, іс-шараға 4 мыңнан адам қатысты. Аталған шара Афинада төртінші рет өткізіліп, ТМД-дан тыс қатысушылар саны бойынша ең ірі акцияға жатады.

Қазақстанның Әзербайжандағы Елшілігі Жеңіс күніне орай салтанатты рәсіміне қатысты

2018 жылғы 9 мамырда Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Бейбіт Исабаев, Қазақстан Елшілігінің қызметкерлері, ҚР Қорғаныс министрлігінің Әзербайжандағы Әскери атташесінің аппараты Баку қаласының Нариман ауданындағы Әскери даңқ мемориалдың жанындағы дәстүрлі түрде өтетін Жеңіс күніне орай жыл сайынғы салтанатты рәсіміне қатысты.

Ауданның Атқарушы билігі ұйымдастырған мерекелік рәсімге Әзербайжанның Милли Меджлис депутаттары, Қорғаныс министрлігінің өкілдері, ТМД елдерінің Әзербайжандағы дипломатиялық миссияларының басшылары мен қызметкерлері, әскери атташелері де қатысты.

ТМД-ге қатысушы мемлекеттері – Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан және Өзбекстан елдерінің атынан Б.Исабаев іс-шараның қатысушыларын Жеңіс күнімен құттықтап, іс-шараға қатысқан соғыс ардагерлеріне майдандардағы және тылдағы қаһармандық және фашизммен жанкешті күрес үшін шынайы алғысын білдірді.

Қазақстан Елшісі Әзербайжанның және басқа да елдердің Жеңіске қосқан зор үлесін атап өтіп, Жеңіс жолындағы соғыс кезінде әскери қажеттілігіне жіберілген әзербайжандық мұнайдың маңыздылығына назар аударды.

Сөз сөйлеу барысында «Біз бейбітшілік үшін көп адамдардың өмірін қиған алапат соғыс жеңімпаздарының ұрпағы болғанымызға мақтанамыз.», - деп атап өтті Қазақстан дипломаты.

Б.Исабаев бейбітшілікті сақтауға және атақты, сүйікті соғыс ардагерлерді ілтипат пен қамқорлыққа бөлеуге шақырып, соғысты келешек ұрпақ бастан кешірмейтініне сенім білдірді.

Сөз соңында Қазақстан Елшісі соғыс ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтап, оларға зор денсаулық, амандық тілеп, Бакудегі ТМД-ге қатысушы елдердің дипломатиялық миссияларының басшыларымен бірге Әскери даңқ мемориалына гүл қойды.

Ржев қаласында қазақстандық сарбаздарға арналған Мемориал кешені күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін қайта ашылды

8 мамыр Тверь облысына қарасты Ржев қаласында қазақстандық сарбаздардан жасақталған 100-ші, 101-ші атқыштар бригадасына арналған Мемориал кешені күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін қайта ашылды.

«Бүгін баршамыз адамзат тарихындағы ең қанқұйлы соғыстағы Ұлы Жеңіс күні қарсаңында, қасиетті Ржев жерінде ерекше шарада бас қосып отырмыз. Сөз жоқ, баршамыздың арманымыз – белгілісі бар, белгісізі бар мыңдаған боздақтарымыз аңсап өткен, осы жолда құрбан болған бейбіт өмір мен берекелі тіршілік. Олай болса, ел үшін туып, жері үшін мерт болған аталарымыз бен апаларымыздың рухы ұрпақтарын әрқашан да жебеп жүрсін», – деді Қазақстанның Елшісі Иманғали Тасмағамбетов ашылу рәсімінде.

Елші Мемориал кешенінің күрделі жөндеу жұмыстары Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен жүргізілгенін айта отыра, осы кешенде есімі жазылған талай боздақтардың артында қалған туған-туыстарының атынан жөндеу жұмыстарына етене араласқан Ақтөбе облысы әкімдігінің басшылығына алғысын жеткізді.

Мәрмәр тастармен көмкерілген көлемі 27 метрге жететін Қазақстан картасын сомдаған мемориал кешенінде кезінде 100-ші және 101-ші бригадалар жасақталған Ақтөбе, Алматы қалалары мен Елордамыз Астана бейнеленген. Айта кету керек, елшілікте қызмет ететін дипломаттардың етене араласуымен Ресейдің Қорғаныс Министрлігіне қарасты Орталық мұрағатынан 10 мыңнан астам қазақстандық сарбаздың есімі табылып, тайға таңба басқандай мемориал тақтайға жазылды.

Өз кезегінде сөз алған Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, «баяғыдан ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр-салтымыз бар. Бейбіт өмір сүріп, мемлекетіміздің дамуына жағдай жасау деген. Біз ешқашан ұмытпауымыз керек. Сондықтан мұның қазіргі ұрпақтарға ғана емес, келешек ұрпаққа да үлкен маңызы болады. Өйткені сіздер жақсы білесіздер, Қазақстан тәуелсіздік алған уақыттан бері, мысалы, Семей полигонын жапты. Ондағы мақсат дүниежүзінде бейбітшілік болсын, адамдар емін-еркін өмір сүрсін деген».

Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық жауынгерлерден жасақталған 100-ші және 101-ші атқыштар бригадасына арналған мемориалдық кешен 2010 жылдың желтоқсан айында тұрғызылған болатын. Алайда, уақыт өте келе жөндеу жұмыстарын қажет еткен кешен араға біраз уақыт салып, Елшіліктің ұйытқы болуымен жасақталды.

1942-1943 жылдар аралығында аталған бригадалар және 6 қазақстандық бөлімше «Марс» әскери операциясы аясында Ржев, Вязьм, Оленино және Белым қалаларында жауға ерлікпен тойтарыс көрсетті. Соның нәтижесінде, Сталининград түбінде қоршауда қалған фашистердің Паулюс тобына Орталықтан көмек күші жетпеді. Жалпы Ржевтегі ұрыс Мәскеуді қорғаудағы шайқаста шешуші рөл атқарды. Қанқұйлы шайқаста қазақстандық боздақтардың 80% оққа ұшты. Сайып келгенде, шешуші кезеңде қызыл әскер сарбаздарының 1 миллион 350 мыңы бақилық болды.

Қосылған : 10.05.2018, 15:45, Өзгертілген : 11.05.2018, 17:25