Экономикалық дипломатия – Қазақстан-Словения өзара іс-қимылының басымдығы

БЛЕД (СЛОВЕНИЯ), 2018 жылғы 10 қыркүйек – Қазақстан мен Словения халықаралық аренада экономикалық дипломатия мен ынтымақтастыққа баса назар аудара отырып, саяси тұрғыдағы жан-жақты ынтымақтастық пен әріптестікті нығайтуға ниетті. Бүгін өткен Қазақстан-Словения саяси консультацияларының басты күн тәртібі осындай.

Қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, Словения делегациясын - Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Андрей Логар басқарды.

Дипломаттар саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара әрекеттестіктің кең ауқымын егжей-тегжейлі талқылап, әріптестікті кеңейтуге деген өзара бейілділігін растады. Сыртқы істер министрліктері арасында экономикалық дипломатия аясындағы өзара іс-қимылды жандандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді (2017 жылы екіжақты сауда айналымы 100 млн. еуродан астам құрады). Р. Василенко бүгін ҚР СІМ алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі Қазақстанға инвестициялар мен жаңа технологияларды тарту болып табылатынын айтты.

Осыған орай, 2018 жылғы 5-6 маусымда Астанада өткен Қазақстан-Словения экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының төртінші отырысының нәтижелерін, сондай-ақ екіжақты бизнес-форум аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды жоғары бағалады.

Сонымен қатар, өз салаларында көшбасшы болып табылатын және бүкіл әлемде өкілдіктері бар Словения компанияларының – KRKA (дәрі дәрмектер), Iskratel Group (IT шешімдер), Gorenje (тұрмыстық техника), Bisol Group (күн батареясы) табысты жұмысы атап өтілді. Жалпы, Қазақстанда 20-ға жуық Словения компаниялары қызмет көрсетеді.

Тараптар ынтымақтастықтың IT (ақпараттық технологиялар), фармацевтика, көлік инфрақұрылымы, логистика, туризм, сауықтыру медицинасы, жасыл технологиялар және басқа да салаларын перспективалы деп белгіледі.

Р. Василенко словениялық әріптестерін қазақстандық экономикаға инвестициялау мүмкіндіктері және Қазақстандағы шетелдік инвесторлар үшін артықшылықтар туралы хабардар етті. Осыған орай, Словения тарапын «ЭКСПО-2017» базасындағы жобалар – «Астана» Халықаралық қаржы орталығын, IT-стартаптар халықаралық технопаркін және «жасыл» технологиялар және «Болашақ энергиясы» инвестициялық жобаларын дамыту орталығын іске асырудағы белсенді ынтымақтастыққа шақырды.

Сондай-ақ, тараптар Еуразиядағы транзит-көліктік әлеуетті дамыту аясындағы өзара іс-қимылды жандандыруға, оның ішінде «Белдеу және жол» бастамасын және Словенияның Копер портының мүмкіндіктерін пайдалану іске асыру өзара іс-қимылды жандандыруға деген ортақ ынталарын растады.

Келіссөздер барысында Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде қызметі, Сириялық реттеу жөніндегі Астана процесі, Орталық Азия, Еуропалық Одақ және Балқан өңірінің елдері арасындағы өзара іс-қимылдың песрпектива мәселелері бойынша пікір алмасулар орын алды. Р. Василенко Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім аясында Қазақстан азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету бойынша келіссөздер бастау мәселесі бойынша қолдау көрсеткені үшін Словения тарапына алғысын білдірді.

Қазақстандық дипломат Словенияда болған кезде Қазақстанның Марибор мен Ново-Горица қалаларындағы Құрметті консулдары Горазд Шифрер мен Димитрий Пициганың қызметімен танысты, сондай-ақ «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның Орталық және Шығыс Еуропадағы тәуелсіз өкілі болып табылатын Қазақстан-Словения бизнес клубының Президенті Деян Штанцермен сұхбат өткізді.

Сондай-ақ, Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосы басшысының орынбасары сапар барысында Словенияның Повир ауылындағы әзірше «Кассе Себеро» ретінде белгілі Қазақстанның қаһарман-партизанының қабіріне гүл қойды. Бүгінгі күні, ҚР құзыретті органдары 1943 жылы қайтыс болған жауынгердің жеке басын анықтау бойынша жұмыс жүргізуде.

Қосылған : 10.09.2018, 21:45, Өзгертілген : 10.09.2018, 21:45