Қазақстан СІМ басшысы Иран Президентін ұлықтау рәсіміне қатысты

Тегеранда Иранның жаңадан сайланған Президенті Хасан Руханидің қызметке кірісуінің салтанатты рәсімі болды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ұлықтауға Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов қатысты.

Салтанаттың қарсаңында Қ.Әбдірахмановтың Иранның жаңадан сайланған Президентімен кездесуі болып өтті. «Бүгін Иранның ғана емес, сіздің еліңіздің барлық достарының өміріндегі айтулы күн. Сізді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан құттықтау мен үшін үлкен құрмет. Соңғы жылдар ішінде Сіз Қазақстан басшысымен бірлесіп екіжақты қатынастарды стратегиялық ынтымақтастық деңгейіне көтердіңіздер», - деді Қ. Әбдірахманов.

Қазақстандық министрдің айтуы бойынша, екі елдің сыртқы саясатының міндеті 2016 жылдың ішінде өткен Н.Назарбаевтың Тегеранға және Х.Руханидің Астанаға сапарларының шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтардың толық іске асырылуына барынша жәрдемдесу болып табылады. Транзиттік көлік саласындағы, туризм, ауыл шаруашылығы салаларындағы, кен өндіру саласындағы жобаларды сапалы жүзеге асырудың маңызы зор, - деді Қ. Әбдірахманов.

Министр Иран Президентін 10-11 қыркүйекте Астанада өтетін Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитіне жүргізіліп жатқан дайындық туралы хабардар етті және Қазақстан Президентінің бүкіл ислам әлемі үшін маңызды осы іс-шараға қатысуға шақыруын жеткізді.

Өз кезегінде Иран Президенті де екі елдің даму үстіндегі ынтымақтастығын қанағаттандық сезіммен атап өтті. «Президент Н.Назарбаев пен екеуіміздің арамызда екеуара достық және өзара толық түсіністік бар. Қазақстанның көшбасшысы – әлемде аса құрметті тұлға, ол бүкіл өңір үшін көптеген жақсы істер істеді», деп атап өтті Иран Президенті. Х.Рухани Астанадағы ғылым және технологиялар жөніндегі ИЫҰ саммитінің өткізілуіне ризашылығын білдірді және Иранның осы маңызды оқиғаға қатысатынына сендірді. Бұдан басқа, Х.Рухани терроризмге қарсы күресте ынтымақтастықтың қажеттігіне, Ирак пен Сирияның аумағынан лаңкестердің ығыстырылуы салдарынан оның таралуына жол бермеу керектігіне күмән жоқтығын айтты.

Президент мұнай бойынша СВОП операцияларын, Қазақстан-Түркменстан-Иран темір жол магистралын дамытуды, Каспийде теңізбен жүк және жолаушылар тасымалдарын жолға қоюды, сондай-ақ ауыл шаруашылығын қоса алғанда, барлық бірлескен экономикалық жобалар бойынша Иранның Қазақстанмен өзара тығыз іс-қимыл жасауға дайын екенін атап көрсетті. Каспий маңы мемлекеттерінің сауда, кеме қатынасы, экология салаларындағы ынтымақтастығы жемісті дамуда. Теңіздің құқықтық мәртебесімен байланысты бірқатар мәселелерді бірлесіп реттеу ғана қалды, деді Х.Рухани.

Қазақстан-Иран ынтымақтастығының барынша егжей-тегжейлі мәселелері Қ. Әбдірахмановтың өз әріптесі – Иран Сыртқы істер министрі Мохаммад ДжавадЗарифпен жүргізген келіссөздердің барысында талқыланды. Ағымдағы сәтте бірнеше жүздеген миллион доллар сомасындағы 21 инвестициялық жоба бірлескен әзірлеуде жатыр. Көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты арттыру Парсы шығанағының жағасындағы Иранның Бандар-Аббас порттық қаласында Қазақстан Консулдығының тезірек ашылуына ықпал ететін болады, ол туралы екі ел арасында уағдаластық та бар.

М.Зариф Иран үшін Қазақстан маңызды дос және көрші болып табылады деп атап өтті. Өткен жылғы президенттер деңгейіндегі өзара сапарлар екіжақты қатынастарды айтарлықтай ілгерілетті. Иранда Президент Н.Назарбаевқа оның өңірлікжәне халықаралық істердегі рөлі үшін үлкен құрметпен қарайды. М.Зарифтің айтуы бойынша, Қазақстан Иранның ядролық бағдарламасы бойынша бірлескен жан-жақты іс-қимыл жоспарына қол жеткізуде және оны іске асыруда пайдалы іс атқарды және Иран Қазақстанның осы мәселеге іскерлік қатысуын жалғастырады деп үміттенеді. Иран министрі кәсіпкерлер үшін оңайлатылған визалық режимді қамтамасыз ету, туристермен алмасуды ұлғайту қажеттігі, сондай-ақ банкаралық байланыстарды жолға қою мәселелерін қозғады.

Келіссөздер барысында тараптар халықаралық күн тәртібінің әртүрлі мәселелері, оның ішінде Сирия бойынша Астана процесінің кезекті раундына дайындық, Таяу Шығыстағы жағдай, сондай-ақ исламаралық жақындасу саласындағы бастамалар бойынша пікір алысты.

Тегеренға жасаған бір күндік сапарының барысында Қ.Әбдірахманов Қазақстанда жұмыс істейтін немесе біздің елге инвестиция салғысы келетін Иранның ірі бизнесмендерімен консультациялар өткізді. Министр Қазақстан Үкіметінің экономикалық дипломатияны күшейту және экономиканың басым секторларына инвесторлар тарту жөніндегі шаралары туралы хабардар етті. Иран кәсіпкерлерімен кездесу кезінде Қазақстан мен Иранның арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды арттыру үшін шешу қажет болып тұрған өзекті проблемалар сөз болды.

Қосылған : 5.08.2017, 23:40, Өзгертілген : 5.08.2017, 23:40