Қазақстан СІМ басшысы Брюссельде екіжақты кездесулер өткізді

Брюссель, 2018 жылғы 26 ақпан - Брюссельде «Қазақстан-ЕО» Ынтымақтастық кеңесінің отырысы аясында Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Федерика Могеринимен әңгімелесу барысында тараптар қазіргі халықаралық және өңірлік мәселелер, Ауғанстандағы жағдай және Орталық Азия мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастық бойынша пікір алмасты.

Еуропалық Комиссияның халықаралық ынтымақтастық және даму жөніндегі комиссары Невен Мимицамен кездесуі Орталық Азиядағы ЕО-ныңстратегиясын жаңарту үдерісін талқылауға арналды. Қ.Әбдірахманов Қазақстанның біздің өңіріміздің барлық елдерінің мүдделерін ескере отырып, оның ең жоғары тиімділігін қамтамасыз ету үшін жаңа құжат әзірлеуге белсенді түрде қатысуға дайын екендігін атап өтті. Тараптардың Ауғанстанға, оның ішінде білім беру саласына көмек көрсетудегі ынтымақтастығына ерекше көңіл бөлінді.

Министрдің Еуропалық Парламенттің Орталық Азия бойынша делегациясының Ивета Григуле бастаған топ мүшелерімен сұхбаты мағыналы болды.

Сыртқы саясат ведомствосы басшысы Бельгия Премьер-министрінің орынбасары, Сыртқы және еуропалық істер министрі Дидье Рейндерспен кездесу барысында екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың келешегін, Қазақстанға Бельгиядан инвестициялар мен технологияларды тарту мәселесін талқылады. Бельгияны БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2019-2020 жылдарға кандидат ретінде ұсынуына байланысты, Қ.Әбдірахманов Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі және Президент Н.Назарбаевтың бітімгерлік бастамалары жөніндегі іс-қимылдары туралы баяндады.

Сондай-ақ, Қ.Әбдірахманов Брюссельде Мальтаның сыртқы істер министрі Кармело Абеламен және Ирландияның сыртқы істер министрі Саймон Ковенимен кездесті.

Қосылған : 26.02.2018, 23:30, Өзгертілген : 26.02.2018, 23:25