ДСҰ мүшелері Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасын шекарадағы жағдайды екі жақты форматта реттеуге шақырды

2017 жылғы 10 қарашада Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) Тауарлармен сауда жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы барысында Қырғыз Республикасының ДСҰ-ға жасаған өтініміне сәйкес қазақстан-қырғыз шекарасындағы жағдай туралы мәселе талқыланды.

Қырғыз Республикасының Экономика министрінің орынбасары Алмаз Сазбаков шекарада қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының ДСҰ-ның Тарифтер мен сауда жөніндегі бас келісімінің бірқатар ережелерін, сондай-ақ ДСҰ-ның санитарлық және фитосанитарлық шараларды қолдану, зияткерлік меншік құқықтары және сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі келісімдерінің нормаларын бұзғаны туралы баяндады. Қырғызстан өкілі сонымен бірге екі мемлекет шекарасында Қазақстан Республикасы қолданған шаралардың экономикалық салдары туралы атап өтті.

Қырғыз делегациясы басшысының мәлімдемесіне қатысты пікірлерінде ДСҰ мүшелері, атап айтқанда Жапония, Корея Республикасы, Молдова Республикасы туындаған сауда-экономикалық мәселелерді екіжақты консультациялар өткізу жолымен реттеу қажеттігін атап өтті және Қазақстан мен Қырғызстанды ДСҰ нормаларына сәйкес өзара қолайлы шешім табу мақсатында диалогты жалғастыруға шақырды.

Қазақстанның Тұрақты өкілі Жанар Айтжанова өзінің жауап сөзінде шекарада Қазақстан қолданып отырған шаралардың, ең алдымен, ЕАЭО-ның жалпы нарығына қауіпсіз өнімнің әкелінуін бақылауды қамтамасыз етуге және Қазақстан Республикасының ДСҰ нормаларына толық сәйкес келетін ұлттық заңнамасы нормаларының, сондай-ақ ЕАЭА келісімдерінің орындалуына бағытталғанын атап өтті.

Осыған байланысты жүк көлігінің салмақ өлшемдерінің сақталуын талап ететін көліктік бақылау шаралары кемсітушілік сипатта емес және қазақстандық және шетелдік тауар тасымалдаушыларына тапа тең деңгейде қолданылады. Осылайша, Қазақстан импорт тауарларына қатысты «ұлттық режимді» қолдану туралы ДСҰ-ның негіз қалаушы қағидаттарын толық орындап отыр.

Қырғызстанның қырғыз тауарларына қатысты алдын ала хабардар етілмей шектеу шараларын қолдану туралы өтініміне, Қазақстанның өкілі Қырғыз Республикасынан бірқатар жеміс-жидек түрлерінің импортына уақытша шектеулер енгізілгені туралы тиісті хабарламаның ДСҰ Хатшылығына 2016 жылғы қарашада жіберілгенін атап өтті.

Техникалық реттеу саласында Қазақстан контрафактылы тауарлар импортына жол бермеу мақсатында шығу елін анықтайтын қағидалардың негізінде Қырғызстанда шығарылған тауарлар үшін сәйкестілік сертификатын талап етеді.

Қазақстан тарапынан жүзеге асырылып отырған шекаралық тексеріс шекарадан өтетін жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын орындауларын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл ретте, Қазақстанның өкілі Қазақстан қолданатын барлық шаралардың ДСҰ келісімдерінің ережелеріне, атап айтқанда Тарифтер мен сауда жөніндегі бас келісімнің І (барынша қолайлы режимді қолдану туралы), III (ұлттық режимді қолдану туралы) және V (транзит еркіндігін қамтамасыз ету туралы) баптарына, сондай-ақ Санитарлық және фитосанитарлық шаралар қолдану жөніндегі келісім мен Саудадағы техникалық кедергілер жөніндегі келісімнің нормаларына толық сәйкес келетінін ерекше атап өтті.

Қазақстанның Тұрақты өкілі, жоғарыда аталған шекарадағы жағдайға байланысты мәселелерді осы екіжақты мемлекет аралық форматта және ЕАЭО-ның шеңберінде шешудің қажеттігін атап өтті. Сөзінің қорытындысында Қазақстандық дипломат Қырғыз Республикасын ЕАЭО кіру кезінде қабылдаған міндеттемелерін, сондай-ақ ДСҰ нормаларын толық орындауға шақырды.

Қосылған : 11.11.2017, 00:55, Өзгертілген : 11.11.2017, 00:55