Хорватиядағы Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына арналған «дөңгелек үстел»

ЗАГРЕБ, 2019 жылғы 29 мамыр - Қазақстанның Хорватиядағы Елшілігі белгілі қоғам қайраткерлері, сондай-ақ Хорватияның БАҚ және ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен «Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлауы» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Қазақстанның елшісі Төлежан Барлыбаев кездесудің қатысушыларын президенттік сайлауға дайындық, ҚР Орталық сайлау комиссиясының азаматтардың сайлау құқықтарының сақталуын бақылау жөніндегі қызметі, сондай-ақ Қазақстандағы сайлау алдындағы науқан барысы туралы хабардар етті. Президенттік сайлау адалдық, транспаренттік және әділдік қағидаттары негізінде ұлттық және халықаралық құқық нормаларына сәйкес өтетіні атап өтілді.

Қазақстандағы сайлау процесінің бәсекелестік ортасы, соның ішінде оппозиция көшбасшыларымен бірге қоғамның барлық топтар өкілдерінің қатысуы атап өтілді. Елші сондай-ақ Қазақстандағы сайлауды бақылау үшін әлемнің түрлі елдерінен, Хорватия Республикасын қоса алғанда, көптеген халықаралық бақылаушылар, журналистер мен ҮЕҰ өкілдерінің келуі туралы мәлімдеді.

Талқылау барысында «дөңгелек үстелге» қатысушылар алдағы сайлау Қазақстанның болашағы үшін және Қазақстан-Хорват ынтымақтастығы үшін маңыздылығы туралы пікір алмасты. Атап айтқанда, Хорват дипломатиясының ардагері, СІМ бұрынғы басшысы Будимир Лончар Қазақстанның сыртқы және ішкі саясатының стратегиялық бағытының сабақтастығына сенім білдіріп, қазіргі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың адал және ашық демократиялық сайлау өткізу туралы қағидатты ұстанымын атап өтті.

Хорватияның бұрынғы президенті Степан Месич Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлін және оның Мемлекет басшысының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ерікті шешімін жоғары бағалады. Оның бағалауынша, бұл «дана және жауапты қадам елдің болашағы үшін биліктің бейбіт жолмен берілуінің теңдессіз үлгісі» болып табылады. С.Месич мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы ҚР басшылығының шешімін қолдап, оның Қазақстанның тұрақтылығы мен тұрақты дамуын сақтау үшін маңыздылығын атап өтті.

«Хорватия-Қазақстан» достық қоғамының төрағасы Андрия Карафилипович Н. Назарбаевтың жеке күш-жігерінің арқасында Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында қажетті еңбек тәжірибесі мен болашақ ұрпақ алдында жауапкершілігіне ие басқарушы буын саясаткерлерінің жаңа тобы туылғанын атап өтті. Ол 2019 жылғы 9 маусымда қазақстандықтар елдің одан әрі дамуы мен өркендеуінің пайдасына таңдау жасайтынына сенім білдірді.

HRT-1 Хорват теледидарының бірінші арна жаңалықтар бөлімінің Шеф-редакторы Миро Бранкович Қазақстандағы сайлау науқанының ашықтығын, сондай-ақ қазақстандық тарап шетел журналистері үшін жасаған президенттік сайлауды жариялау бойынша қолайлы жағдайларды атап өтті.

«Дөңгелек үстел» соңында Т.Барлыбаев еркін білдіру күні 2019 жылғы 9 маусымда сағат 7.00 – ден 20.00-ге дейін Загребтегі Қазақстан Елшілігі жанында №287 сайлау учаскесі ашылатынын, онда Хорватияда тұрақты тұратын немесе уақытша келген сайлау құқығы бар Қазақстан азаматтары дауыс бере алады деп хабарлады.

https://www.index.hr/vijesti/clanak/veleposlanik-k...


Қосылған : 29.05.2019, 16:20, Өзгертілген : 29.05.2019, 16:20