«ЭКСПО-2017» көрмесі бойынша қорытынды есеп Халықаралық көрмелер бюросында ұсынылды

2017 жылғы 6 қазанда Париж қаласында ЭКСПО-2017 Комиссары Рәпіл Жошыбаев бастаған қазақстандық делегация Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) Атқарушы комитетінің кезекті отырысына қатысты.

Өз сөзінде Р.Жошыбаев Астанада өткен халықаралық көрменің қорытындылары, көрмеге қатысқан ресми қатысушылар мен келушілердің саны, көрме аясында өткен ірі халықаралық іс-шаралар мен олардың нәтижелері туралы баяндады. Оның айтуынша, бастапқыда тіркеу дерекнамасында ЭКСПО-2017 көрмесіне 100 мемлекет пен 10 халықаралық ұйым қатысады деп жоспарланған болатын. Комиссар бұл жоспардың орындалғанын және көрмеге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйымның қатысқанын атап өтті.

Сонымен қатар, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК»АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ербол Шорманов көрменің экономикалық әсері, көрме аумағында болған мәдени және тақырыптық іс-шаралар, сондай-ақ ЭКСПО-2017 инфрақұрылымын көрмеден кейінгі пайдалану жөнінде баяндады. Е.Шормановтың айтуы бойынша Көрме туризмнің дамуына серпін беріп, еліміздің халықаралық аренада танылуын арттырды.

Таныстырылым қорытындысы бойынша ХКБ басшылығы мен мүшелері көрменің нәтижелерін жоғары бағалады. ЭКСПО-2017 жобасы «Болашақ энергиясы» тақырыбында инновацияларға бастама болып, байыпты ойлар мен пікір алмасуға арналған бірегей алаңға айналғанын атап өтті.

Атқарушы комитет аясында Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталеспен кездесу өтті. ХКБ Бас хатшысы Қазақстан халқын ЭКСПО-2017 көрмесінің сәтті өтуімен құттықтап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрмені өткізудегі жеке назары мен тұрақты қолдауы үшін алғысын білдірді. Лоссерталес мырзаның айтуынша,ЭКСПО-2017 көрмесінің жетістігі болашақта барлық мамандандырылған көрмелерге үлгі болатынын атап өтті.

Сонымен қатар, Атқару комитетінің мүшелері «Пекин-2019», «Дубай-2020» көрмелеріне дайындық бойынша баяндамаларын тындады, ЭКСПО-2022/2023 мамандандырылған көрмесіне кандидаттар: Миннеаполис (АҚШ), Лодзь (Польша) Буэнос-Айрес (Аргентина) қалаларының дайындығын талқылады. Келесі мамандандырылған көрменің қабылдаушы елі 2017 жылғы қарашада өтетін ХКБ Бас ассамблеясында дауыс беру кезінде белгілі болады.

Қосылған : 6.10.2017, 15:30, Өзгертілген : 6.10.2017, 15:30