Еуропалық Одақ - Орталық Азия Сыртқы істер министрлері кездесуінің қорытындысы бойынша Бірлескен Коммюнике Самарқанд, 2017 жылғы 10 қараша

«ЕО және Орталық Азия:

Қауіпсіз әрі өсіп - өркендеген болашақ үшін бірге жұмыс істеу»


1. Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрлері және Еуропалық Одақтың (ЕО) Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі – Еуропалық комиссияның вице-президенті әрі халықаралық ынтымақтастық және даму жөніндегі Еуропалық комиссар 2017 жылғы 10 қарашада Самарқандта (Өзбекстан) ЕО және Орталық Азия елдерінің 13-ші министрлер конференциясы барысында кездесті.

2. Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша Стратегиясын қабылдаған соң он жыл ішінде Орталық Азиядағы бес ел және ЕО маңызды әріптес болды, олардың арасындағы диалог пен ынтымақтастық соңғы жылдары жаңа серпінге ие болды. Қатысушылар Орталық Азия елдері тәуелсіздігінің 26 жылы ішінде мемлекет пен қоғамды қалыптастырудағы қол жеткізген жетістіктерін мойындады, сондай-ақ өңірлік ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі таяуда жасалған соңғы қадамдарын құптады. Қатысушылар өңірдің тұрақтылығы мен өсіп-өркендеуіне, сондай-ақ егемендігіне ЕО-ның, соның ішінде ЕО-ның Орталық Азия бойынша Арнайы өкілінің маңызды жұмысы арқасында бейілділігін құптады.

3. Қатысушылар Еуропалық Одақ пен Орталық Азия елдері арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың жағдайын жан-жақты қарастырды және ЕО мен жеке елдер арасындағы министрлер деңгейіндегі, сондай-ақ ЕО мен өңір арасындағы кездесулердің жиілігін құптады. Сыртқы істер министрлерінің тұрақты кездесулері өзара түсіністікті жақсартуға ықпал етеді, ал салалық министрлердің кездесулері тәжірибе алмасу мен озық тәжірибелер үшін маңызды.

4. Мұндай форматтар, атап айтқанда Саясат және қауіпсіздік мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі диалог, сондай-ақ аға лауазымды тұлғалар деңгейіндегі көпжақты және екіжақты форматтардағы басқа кездесулер Орталық Азия мен Еуропалық Одақ елдері арасындағы байланыстарды нығайтуға және олардың жалпы мақсаттар мен міндеттерді шешудегі жұмысын жақсартуға септігін тигізеді.

5. Қатысушылар Орталық Азиядағы даму мәселелері бойынша басқа да халықаралық әріптестермен ынтымақтасуға дайын екендіктерін растады.

6. Қатысушылар өңірлік және халықаралық мәселелерді, қоса алғанда Ауғанстанды Орталық Азиядағы және оның төңірегіндегі, сонымен бірге Еуропалық Одақтың алдында тұрған қауіпсіздік проблемаларын қарастырды. Осыған орай, олар өңір елдерінің және ЕО тарапынан Ауғанстанға көрсетілген қолдауды құптады және осы бағытта бірлескен күш-жігерді жалғастыруға шақырды.

7. Қатысушылар ЕО мен Орталық Азия елдерінің арасындағы экономикалық қатынастарды нығайту мүмкіндігіне назар аударды. Қауіпсіздік, көші-қон, климаттың өзгеруі және орнықты экономикалық даму арасындағы өзара байланысты нығайту экономиканы күшейтуге ықпал етеді. Ашық қағидалар мен нормаларды, сондай-ақ электрондық басқару саласындағы шешімдерді кеңінен пайдалану Орталық Азия елдеріндегі инвестициялық ахуалды жасау және жеке сектордың дамуы үшін маңызды, ол өңірдің одан әрі орнықты экономикалық дамуына ықпал жасайтын болады.

8. Бүгінгі күрделі халықаралық жағдайда адам құқықтарын қорғау, демократия, негізгі бостандықтар мен заң үстемдігін нығайтуды, қоса алғанда, тиімді басқару арқылы қоғамдардың тұрақтылығын нығайтуды жалғастыру маңызды болып табылады. Бұл өз кезегінде экстремизмге, терроризмге, есірткінің заңсыз айналымына байланысты проблемаларды тиімді және икемді шешуге, сондай-ақ қаржылық және саяси қауіп-қатерлерге дем қоюға қолайлы мүмкіндік жасайды. 2017 жылғы 7 желтоқсанда Брюссельде Еуропалық Одақ пен Орталық Азияның әділет министрлерінің алдағы кездесуі «Құқық үстемдігі» бастамасы шеңберіндегі диалогты кеңейтуге жақсы мүмкіндік береді.

9. Орталық Азияның экономикалық және транзиттік-көлік әлеуетін кеңейту мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Бұл шекараны тиімді басқару, білім беру арқылы адам капиталын дамытуға, шағын және орта бизнесті қолдау және жұмыспен қамту арқылы инвестициялық ахуалды жақсартуға және орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыруды талап етеді.

10. Диалог пен ынтымақтастықты жалғастыру және кеңейту су мен энергия ресурстарын тиімді пайдалануға, қоршаған ортаны қорғауға және климаттың өзгеруі проблемаларын, сондай-ақ басқа трансшекаралық мәселелерді шешуге ықпал етпек. Орталық Азияның барлық елдері арасында өзара түсінушілік пен сенімді нығайту және қарым-қатынастарда ашықтық пен айқындықты орнату мақсатында өңір елдері өзара қолайлы әрі өзара тиімді шешімдерді табу үшін бірлескен күш салуы қажет.

11. Сыртқы істер министрлері Еуропалық Одақтың Орталық Азиямен осы өңірдің тұрақты, қауіпсіз және орнықты дамуына ықпал жасауға бағытталған жауапкершілік және ынтымақтастық қағидалары негізінде қарым-қатынастарды дамытуға бейілділігін құптады. Олар Еуропалық Одақ тарапынан 2020 жылға дейін іске асырылатын бағдарламаларға бөлінген 1 млрд. еуро көлеміндегі қаржылай көмектің жалғасуын құптады. Сондай-ақ олар өңірлік және екіжақты даму бағдарламаларына ЕО мүше мемлекеттерінің қатысуларын жақтады.

12. ЕО өзінің Орталық Азия бойынша Стратегиясын іске асырудың он жылдық жинақталған тәжірибесіне сүйене отырып, Орталық Азия өңірі бойынша өз көзқарастырын қайта қарастыруға уақтылы кірісті.

13. Еуропалық Одақ жекелеген елдермен және өңірмен өзара іс-қимыл үшін кешенді тәсіл пайдаланады, ол тек саяси кездесулер мен көпжақты қаржылық көмекті ғана емес, сондай-ақ ЕО-ға жеке мүше елдердің және Еуропалық инвестициялық банк пен Еуропалық Қайта құру және Даму Банкі сияқты еуропалық көпжақты қаржы институттарының белсенді көмегін де қамтиды. Бұл көзқарас бұрыңғыдай өзекті болып қала береді және Орталық Азияның бес елінің халықтарына тікелей елеулі пайда әкеледі.

14. Орталық Азия елдері үкіметтерінің, сондай-ақ азаматтық қоғамның белсенді қатысуы келесі онжылдықта ЕО-ның Орталық Азияға қатысты саясатының одан әрі дамуы үшін маңызды.

15. Бұл тұрғыдан алғанда бес сыртқы істер министрлері өңірдегі елдердің өзара мүдделерге, ортақ тәсілдер мен құндылықтарға негізделген ЕО-ның Сыртқы істер жөніндегі Кеңесінің Орталық Азия бойынша ЕО-ның жаңа стратегиясы 2019 жылдың соңына дейін әзірлеуге шақыруды құптады.

16. Қатысушылар министрлер кездесуін өткізу үшін Өзбекстан Үкіметіне зор алғысын білдіріп, 2018 жылы Брюссельде кездесетін болып келісті.

Қосылған : 10.11.2017, 23:55, Өзгертілген : 10.11.2017, 23:55