Қ. Әбдірахманов: ЕҚЫҰ кеңістігінде қауіпсіздікті, диалогты және өзара түсіністікті нығайтуға мүдделіміз --- Қазақстан Аустриямен ынтымақтастықты одан әрі дамыту әлеуетін жоғары бағалайды

АСТАНА, 2017 жылғы 3 қазан - Қазақстан Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) кеңістігінде қауіпсіздікті, диалогты және өзара түсіністікті нығайтуға мүдделі және осы ұйым аясындағы қауіпсіздік мәселелері бойынша құрылымдық диалогты жүзеге асыруды қолдайды. Алға қойылған мақсаттарға жетудің негізі Елбасының келіссөздерге тікелей қатысуы нәтижесінде маңызды тарихи құжаттың мәтіні бойынша консенсусқа қол жеткізілген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен шақырылған ЕҚЫҰ Саммитінің 2010 жылғы желтоқсандағы Астана декларациясы болып табылады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов ЕҚЫҰ қазіргі төрағасы, Аустрияның Еуропа істері, интеграциясы және халықаралық істер министрі Себастьян Курцтың арнайы өкілі ретінде Қазақстанға ресми сапармен келген Аустрия Республикасының Еуропа істері, интеграциясы және халықаралық істер министрінің орынбасары Александр Маршикпен кездесу барысында мәлімдеді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен ЕҚЫҰ ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен болашағына қатысты кең ауқымды мәселелерді талқылады сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Қ. Әбдірахманов Аустрия белгілеген басымдықтардың, соның ішінде ұйымының кеңістігінде сенімді қалпына келтіру, қақтығыстарды реттеу және радикализацияға қарсы тұру уақытылы жасалғанын атап өтіп, Аустрияның ЕҚЫҰ төрағасы лауазымындағы қызметіне жоғары баға берді. «Қазақстан жаңа қауіп-қатерлер пайда болған кезеңде аса қажетті ЕҚЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздік пен диалогты нығайтуға мүдделі. Ұйымға мүше мемлекеттер аталған жағдайларда теріс процестерге қарсы бірігуі тиіс», - деп атап өтті министр.

А. Маршик ЕҚЫҰ қызметіндегі Қазақстанның конструктивті рөлін атап өтіп, аустриялық тараптың жұмысын оң бағалағаны үшін қазақстандық тарапқа алғыс білдірді. Аустрия дипломатының айтуынша, Қазақстан өзінің сындарлы саясаты мен бағдарлы бағыты нәтижесінде Ұйымның сенімді әріптесі болып табылады, сондай-ақ Ұйым шеңберінде Саммиттің 2010 жылы Қазақстан астанасында өтуі және Астана декларациясының қабылдануы көптеген шешімдердің маңызды бастамалары болып табылады.

Саммит және Декларация XXI ғасырдағы бірегей оқиғалар екендігін растап, тараптар осы жылғы Ұйымның негізгі іс-шарасы желтоқсан айында Венада өтетін ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлерінің кездесуінің дайындық мәселелерін талқылады. Бұл кездесу халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша диалогты жалғастыру үшін маңызды екендігі атап өтілді.

Аустрияның 2018 жылы ЕҚЫҰ Азиялық әріптес мемлекеттер тобына төрағалығына байланысты Қ. Әбдірахманов Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың жақын арада бастамашылық етуіне 25 жыл толатын Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) шақыру бойынша бастамасын еске салды.

«Бүгін АӨСШК Азия континентіндегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында маңызды факторға айналды. ЕҚЫҰ- АӨСШК -АСЕАН бағыты бойынша өзара іс-қимылды құру өңіраралық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашып, Еуразиялық қауіпсіздік жүйесін одан әрі дамыту үшін қолайлы жағдай туғызады», - деп атап өтті Қ.Әбдірахманов.

Халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау барысында Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың сыртқы саяси бағыты және Елбасының әлемдік қауіпсіздікті нығайту жөніндегі халықаралық күшке қосқан үлесі, оның ішінде Астана процесі аясында Сирия бойынша келіссөздерді өткізу, сондай-ақ Ресей мен Түркия басшыларын келістіру және Украинаның шығысындағы жағдайды тез арада бейбіт реттеудегі мүдделілігі жоғары бағаланды.

Қазақстан мен Аустрия заманауи әлемнің өзекті мәселелері бойынша ұқсас ұстанымдарды ұстанатындығы атап өтілді. Осы тұрғыда тараптар ядролық қаруды қысқарту процесінің қазіргі жағдайы мен келешегін және Жаппай жою қаруын таратпау режимін нығайтудағы тараптардың рөлін қарастырып, мүмкіндігінше көптеген мемлекеттердің Ядролық қаруға тыйым салу туралы жаңа келісімге қол қоюын және оның күшіне ену қажеттігін атап өтті.

Екі жақты ынтымақтастықты дамытуға, оның ішінде Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің ішінара қолданылуына ерекше назар аударылды. Қ. Әбдірахманов Қазақстан Аустриямен ынтымақтастықты одан әрі дамыту әлеуетін жоғары бағалайтынын атап өтті. Соңғы жылдары жаһандық экономикалық жағдайы нәтижесінде туындаға екі ел арасындағы тауар айналымының жалпы көлемінің төмендеуіне қарамастан, тараптар сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту бойынша бірлесіп үлес қосуға келісті.

Александр Маршик Қазақстанды баламалы энергия көздерін дамытуға елеулі үлес қосқан «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесін табысты өткізумен құттықтады. Қазақстандық дипломат аустриялық әріптестеріне көрмеге белсенді қатысқаны үшін алғыс білдірді және көрменің инфрақұрылымы негізінде құрылатын «Астана» Халықаралық қаржы орталығы, IT-стартаптар халықаралық технопаркі, Халықаралық «жасыл» технологиялар және инвестициялық жобалар орталығын жүзеге асыруда ынтымақтасуға шақырды.

Қосылған : 3.10.2017, 18:50, Өзгертілген : 3.10.2017, 18:50