ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша бірлескен шаралар туралы мәлімдеме қабылдады

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымының Сыртқы істер министрлер Кеңесінің отырысына қатысты.

Сыртқы саяси ведомстволар басшыларының отырысы барысында жаһандық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері, сондай-ақ Беларусьте жылдың екінші жартысында жоспарланған ҰҚШҰ Саммитінің мерейтойына дайындық талқыланды.

Қ. Әбдірахманов өз баяндамасында Қазақстан негізінде трансұлттық сипаттағы қазіргі сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы күрес бойынша біріккен шараларға зор маңыз беретінін атап өтті. Ол киберқауіпсіздік және ақпараттық технологияларды заңсыз пайдалану мәселелеріне айрықша көңіл бөлді, сонымен қатар Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстанда әртүрлі ауқымдағы хакерлік шабуылдардан қорғау мақсатында құрылатын «Киберқалқан» жүйесі туралы айтты.

Бұл тұрғыда сыртқы саяси ведомство басшысы компьютерлік тосын оқиғаларға ден қою бойынша ҰҚШҰ Үйлестіру консультациялық орталығының қызметін жандандыруды, сондай-ақ стратегиялық объектілердің қорғалу деңгейін жоғарылату үшін жаңа зерттемелер бойынша тәжірибелер, ақпараттар алмасуда сарапшылармен іс жүзінде өзара іс-қимыл жасауды жолға қоюды ұсынды.

Сонымен қатар, Қазақстанның Сыртқы істер министрі экстремизм мен терроризмге қарсы күрес ұлттық деңгейде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.

ҰҚШҰ мүше мемлекеттер СІМ басшыларының назары қайтадан Қазақстан басшысының БҰҰ шеңберінде тиісті бастамаларына аударылды.

Кездесу қатысушылары Сириядағы жағдайды реттеу бойынша Астана процесінің барысы туралы ақпараттандырылды.

Отырыс барысында қазақстандық тарап бастамашылық жасаған әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары туралы Келісімге өзгерістер мақұлданды. Атап айтқанда, әріптестерге жеңілдекті шарттарда тасымалданатын әскери мақсаттағы өнімдерге баға белгілеу тәртібі айқындалады.

ҰҚҰШ мүше мемлекеттерінің сыртқы істер министрлері Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша бірлескен шаралар туралы мәлімдеме қабылдады, онда ақпараттық технологияларды қолдану арқылы жасалған қылмыстың өсуіне алаңдаушылық атап өтіледі. Тараптар аталған саладағы қылмыстарға қарсы күрес бойынша белсенді жұмыстарды жалғастыру ниеттерін білдірді.

ҰҚҰШ СІМК жанындағы Ауғанстан бойынша Жұмыс тобының қызметін жандандыру туралы шешім қабылданды.

Кездесу қорытындысы бойынша 2017 жылға арналған бірлескен мәлімдемелер тақырыптарының Тізбесі және ҰҚШҰ мүше мемлекеттері өкілдерінің 2017 жылғы екінші жартыжылдыққа және 2018 жылғы бірінші жартыжылдыққа арналған сыртқы саясат, қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері бойынша консультацияларының Жоспары бекітілді.

Сондай-ақ, делегация басшылары және ҰҚҰШ бас хатшысы Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен кездесті.

Ескертпе: Ұжымдық қауіпсіздік туралы Шарт Ұйымы 2002 жылы 7 қазанда Кишинев қаласында өңірлік халықаралық ұйым ретінде ТМД-ға мүше алты мемлекет басшысы қол қойған ҰҚШ Ұйымының Жарғысына және 2003 жылы 18 қыркүйекте күшіне енген ҰҚШҰ құқықтық мәртебесі туралы Келісімге сәйкес құрылды.

ҰҚШҰ 1992 жылы 15 мамырда Ташкент қаласында ТМД-ға алты мүше мемлекет басшысы қол қойылған ұжымдық қауіпсіздік туралы Келісімнің құқық мирасқоры болып табылады. Шарт Ұйымға мүше мемлекеттерге ҰҚШҰ мүшесі болып табылмайтын мемлекет тарапынан қарсы агрессия актісі жасалған жағдайда БҰҰ Жарғысының 51-бабына сәйкес ұжымдық өзін-өзі қорғау құқығын жүзеге асыру тәртібінде жәрдем көрсетеді.

Биылғы жылы ұжымдық қауіпсіздік туралы Шартқа қол қойылғанына 25 жыл және Ұйымның құрылғанына 15 жыл толады.

Қосылған : 17.07.2017, 18:00, Өзгертілген : 17.07.2017, 18:00