Қазақстан мен Франция цифрландыру және баламалы энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстанның Күн энергетикасы қауымдастығы мен «Urbasolar» француз компаниясы, сондай-ақ «KazDigiTech» ЖШС пен «CNCR Group» компаниясы арасында, сәйкесінше, баламалы энергетика және бағдарламалық қамтамасыз ету мен деректер орталығын құру салаларында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

Құжаттарға қол қою рәсімі 8 наурызда Канн қаласында цифрландыру және баламалы энергетика бойынша Қазақстан-Француз форумы барысында өтті. Оның қатысушылары Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды.

Қазақстанның Франциядағы Елшісі Жан Ғалиев «осы форум Қазақстан экономикалық дипломатиясын күшейту міндеттеріне, ал оның тақырыбы 2018 жылдың қазан айында Брюссельде «Еуропа – Азия» саммитінің алаңында екі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Эмманюэль Макронның бірінші кездесуінде белгіленген экономикалық ынтымақтастықтың негізгі басым бағыттарына сәйкес» келетініне ерекше көңіл аударды.

Цифрлық дамуға жауапты ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрінің м.а. Дарын Тұяқов форумда сөз сөйлеп, «Қазақстанның цифрландыру бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан жобалардың негізгі міндеттерінің бірі цифрлық технологияларды енгізу арқылы экономиканың тиімділігін арттыру болып табылады», - деп, хабарлады. Ол француз компанияларын «Tech Garden» және «Astana Hub» халықаралық ІТ-стартаптар технопаркі сияқты қазақстандық инновациялық кластерлермен белсенді ынтымақтастыққа, сондай-ақ бірыңғай цифрлық өріс аясында ЕАЭО-ның бүкіл кеңістігінің мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды.

Француз тарапына Қазақстан экономикасының басым секторларында бәсекелестік артықшылықтар мен мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ «Астана» Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) финтек және жасыл қаржыландыру салаларындағы жобалары, «Зерде» холдингінің «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы және «Kazakh Invest» АҚ-ның еліміздің инвестициялық әлеуеті туралы таныстырылымы ұсынылды.

«Қазақстан Орталық Азия аймағында Францияның жалғыз стратегиялық серіктесі болып табылады», - деп, ФР Еуропа және сыртқы істер министрлігі Экономикалық дипломатия миссиясының басшысы Ксавье Рэй баса айтты. Еуропалық дипломат Қазақстан Үкіметінің ынтымақтастыққа ашықтығын құптап, Қазақстанның қажеттіліктері мен Францияның мүмкіндіктерін ескере отырып, екі елдің экономикалық синергиясын дамыту перспективаларын атап өтті.

Сонымен бірге, К.Рэй 2019 жылдың екінші жартысында жоспарланған Э.Макронның Қазақстанға сапарын дайындау контекстінде осы форумды өткізудің маңыздылығына ерекше көңіл аударды.

Форумды Канн қаласында өткізу кездейсоқ емес. Оның әлемдік туристік және мәдени орталық ретінде әлемге танымалдылығы экономикалық және технологиялық салаларда маңызды жетістіктермен толықтырылады. Канн қаласының айналасындағы аймағы ІЖӨ көрсеткіші бойынша Францияда үшінші орынға, сондай-ақ жоғары ғылыми мен технологиялық әлеуетке ие болып, экономиканың инновациялық секторларында, биотехнологиялар мен микроэлектроникада көшбасшылықты ұстануда. Мұнда ірі француз кәсіпорындарының штаб-пәтерлері мен өндірістік алаңдары, сондай-ақ бірқатар зерттеу орталықтары мен бизнес-инкубаторлары орналасқан. Атап айтқанда, қазақстандық делегация француз аэроғарыштық саласы мен АКТ-да көшбасшыларының бірі «Thales Alenia Space» компаниясының зауытына барып, соңғы әзірлемелермен және заманауи технологиялармен танысып, ғарыш пен телекоммуникация саласындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы келіссөздер жүргізді.

Форум алаңында «Idemia», «Bureau Veritas», «Linagora», «ECM Technologies», «CNCR Group», «Urbasolar» және т.б. сияқты жоғары инвестициялық әлеуеті бар компаниялардың қатысуымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізілді. «Linagora» мен «Tech Garden» арасында ынтымақтастықты дамыту туралы келісімге қол жеткізілді. Аталған флагмандық компанияның негізін қалаушы және президенті Александр Запольски Қазақстанға инвестиция салуға қызығушылық танытты.

Цифрландыру және баламалы энергетика бойынша Қазақстан-Француз форумы Қазақстанның Франциядағы Елшілігінің, «Kazakh Invest» Ұлттық Компаниясының, Францияның оңтүстігіндегі Қазақстанның Құрметті консулдығының, жергілікті әкімшіліктің, «MEDEF» кәсіпкерлер ассоциациясының қолдауымен, сондай-ақ француздық «CNCR Group/Interact Software» және «Thales Alenia Space» компанияларының демеушілігімен ұйымдастырылды.

Форумға қазақстандық тараптан АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов, «Зерде» ҰИХ» АҚ басқармасының төрағасы Ерлан Дүрмағамбетов, Сыртқы істер министрлігі мен Энергетика министрлігінің, қазақстандық аймақтардың, сондай-ақ аталған салаларда ынтымақтастыққа мүдделі бизнес қауымдастықтардың өкілдері де қатысты.

Француз тарапынан Канн қаласының мэрі Давид Лиснар, Еуропа және сыртқы істер, сондай-ақ Экономика және қаржы министрліктерінің, «MEDEF» ассоциациясының, «Sophia Antipolis» технопаркінің, «BNP Paribas» мен «BPI France» инвестициялық банктерінің өкілдері қатысты. Бизнес-қоғамдастықтан 60-тан астам компания, оның ішінде Қазақстанмен сауда және инвестициялық ынтымақтастықты орнатуға мүдделі ШОБ және стартаптар болды.
Қосылған : 12.03.2019, 13:10, Өзгертілген : 12.03.2019, 13:10