Қазақстан мен Грекия екіжақты ынтымақтастықты нығайтуды, сауданы кеңейтуді көздеуде

Астана, 2018 жылғы 5 ақпан. Қазақстан-Грекия экономикалық және технологиялық ынтымақастық жөніндегі Үкіметаралық комиссиясының төрағалары, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко және Астанаға жұмыс сапармен келген Грек Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Георгиос Катругалос екіжақты саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзекті аспектілерін талқылады. Грек делегациясының құрамына іскер топтардың өкілдері кірді.

Келіссөздер Астана мен Афина арасында екіжақты ынтымақтастықтың барлық кешені бойынша өзара түсіністікті растады. Бірлескен жұмыстың перспективалық бағыттары анықталып, экономикалық және инвестициялық өзара әрекеттестікті тереңдету жобалары қарастырылды.

Еуропалық Одақтың Қазақстан азаматтары үшін визалық тәртіпті жеңілдету мәселесіне де назар аударылды. Тараптар визалық рәсімдерді оңайлату Еуроодақ пен Қазақстан арасында іскерлік, білім, мәдени және туристік байланыстарды кеңейтуде өзара мүдделерге сай келетінін бірауыздан белгіледі.

Халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша кеңінен пікір алмасылды, соның ішінде Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметі, Сириядағы жағдайды реттеу жөніндегі Астана процесі, ЕО мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы өзара әрекеттестіктің перспективалары және т.б. бағыттар.

Сапар шеңберінде ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Арыстан Қабыкенов пен Г.Катругалостың қатысуымен екі елдің 100-ге жуық кәсіпкерлерін біріктірген Қазақстан-грек бизнес-форумы өткізілді. Іс-шара барысында Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы және «SEV» грек кәсіпорындары федерациясы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Сонымен қатар, Г.Катругалостың ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаевамен және «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетовпен кездесулері өтті.

Г.Катругалос Қазақстанның Митрополиттік аймағының әкімшілік орталығы мен Успенский кафедралы соборына барды. Оларды аралау барысында грек қонағы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен салынған құрылыстың тарихымен танысты. Грекия Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары еліміздің ұлтаралық бейбітшілік пен дінаралық келісімді нығайту бойынша жетістіктерін жоғары бағалады.

Анықтама: 1) 2017 жылы Қазақстан мен Грекия арасындағы тауар айналымы 2016 жылмен салыстырғанда 10,6% өсті (980,6 млн. долл.: Қазақстаннан Грекияға экспорт көлемі – 964 млн. долл., ал Грекиядан Қазақстанға импорт көлемі – 16,6 млн. долл.). 2016 ж. тауар айналымы 886 млн. долл. құрады (экспорт – 872,8 млн. долл., импорт – 13,2 млн. долл.).

Қазақстаннан Грекияға негізгі экспортталатын өнімдер көмірсутектер, дәнді дақылдар, тұз, топырақ, тас, гипс, цемент, мыс және т.б. болып табылады.

Өз кезегінде, Грекиядан Қазақстанға химиялық және металлургиялық өнеркәсіп өнімдері, пластик, тон және трикотаж бұйымдары, аяқ-қиім, механизм мен жабдықтар, электрондық материалдар, велосипед және т.б. импортталады.

2) Өткен жылы өзара байланыстар жанданған болатын:

2017 ж. 24-27 мамырда Грекия Жоғарғы сотының Бас прокуроры К.Димитриудың Астанаға сапары өтті. Сапар шеңберінде Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Грек Республикасының Бас прокуратурасы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды;

2017 ж. 21 шілдеде «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесі шеңберінде өткен Грекияның Ұлттық күнінің ашылуына ГР Экономика және даму министрі Д.Пападимитриу қатысты;

2017 ж. 27-30 тамызда 2017 ж. 27-30 тамызда спорт саласындағы ынтымақтастық туралы Декларация мен Заманауи Олимпиядалық бітім Декларациясына қол қою мақсатында ГР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Дж.Вассилиадис Астанада сапармен болды;

2017 ж. 9-10 қазанда Афинада ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Р.Василенко «ЕО-Еуразия-Қытай» конференциясына қатысты;

2017 ж. 19-20 қазанда Қазақстан-Грекия парламентаралық достық тобының басшысы А.Тасболатов пен достық тобының мүшесі А.Қоныровтың Грекияға сапары өтті.

3) Қазіргі уақытта Қазақстанда шамамен 10 мың этникалық гректер тұрса, ал Грекияда тығыз байланыстар жасалып келетін 60 мыңға жуық Қазақстанның бұрынғы азаматтары тұрады.

Сонымен қатар, «Филия» (грек тілінен аудармасы «Достық») Қазақстан грек қоғамы қауымдастығы қызметін атқарып келеді.

Қосылған : 5.02.2018, 18:50, Өзгертілген : 5.02.2018, 18:50