Қазақстан Энергетикалық хартия шеңберіндегі ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді

БРЮССЕЛЬ, 22 қараша, 2018 жыл – Брюссельде «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» Министрлік кездесуі аясында Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Еуропалық Энергетикалық Хартияның Бас хатшысы Урбан Руснакпен кездесті.

Кездесудің күн тәртібінде Қазақстан мен Энергетикалық Хартия (ЭС) арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, хартия ұсынатын құралдарды пайдалана отырып, Қазақстанның энергетикалық секторын дамытуға және энергетика саласын заманауи сын-тегеуріндерге бейімдеудегі Еуропалық Одақтың озық тәжірибелерімен алмасуға бағытталған мәселелер қаралды.

Қ. Әбдірахманов энергия тасымалының инфрақұрылымын дамыту тетіктерін қалыптастыруға қатысу және саланың техникалық, экономикалық, құқықтық және экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған диалогтар хартия жұмысының аса маңызды құралдары болып табылатынын және Қазақстан бұл құралдардың күшеюіне өте мүдделі екендігін атап өтті.

Мәселен, 2014 жылғы төрағалығы шеңберінде Қазақстан энергетика саласына инвестицияларды ынталандыру, транзиттік және сауда, дауларды шешу механизмдерін жетілдіру, сондай-ақ хартияны жаңғырту мәселелерін көтерген болатын.

Әңгімелесу барысында жаһандық шиеленістердің өсуі жағдайында бұл шаралар айрықша мәнге ие, сондықтан энергетикалық тізбектің барлық қатысушылары – экспорттаушылар мен импорттаушылар, тасымалдаушылар –хартия мүшелерінен ресурстар тасымалының қауіпсіздігін арттыруға және саяси келіспеушіліктерден қорғанысты қамтамасыз етуге үміттенеді.

Хартия Бас хатшысының айтуынша, қазіргі уақытта Энергетикалық Хартия келісімшартын заманауи талаптарға бейімдеуге бағытталған жаңғырту процесі жүргізілуде.

Энергетикалық қауіпсіздік саласындағы әлемдік жаһандану мәселелерін талқылау барысында У. Руснак Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-2017 тұжырымдамасында бекіткен қағидаттардың өзектілігі мен ұзақ мерзімділігін атап өтті.

Бұл ретте, Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының аясында еліміздің отын-энергетикалық кешені жоғары сапалы, бәсекеге қабілетті өнім алу үшін жоғары өнімділік пен шикізатты терең өңдеуді қамтамасыз ететін жаңа технологиялар мен құралдарды енгізуге бағыт алғанын хабарлады.

Сондықтан Қазақстан энергетикалық секторды реформалау, нарықты жетілдіру, энергия үнемдеу технологиялары мен баламалы энергия көздерін енгізу саласындағы Еуроодақтың озық тәжірибесін зерделеу мақсатында хартиямен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі.

Бұл өз кезегінде Елбасының Қазақстан халқына соңғы Жолдауына сәйкес, электр энергиясы және өзге де қызметтерге тарифтердің төмендеуіне ықпал етеді.

Осы ретте, Қазақстан делегациясы Энергетикалық Хартия Хатшылығының Орталық Азия елдеріне EU4Energy бағдарламасының географиясын кеңейту туралы шешімін оң бағалады.

Еуропалық Одақ қаржыландыратын EU4Energy жобасы нақты мәліметтерге негізделген энергетикалық саясатты дамытуды көздейді. Бағдарлама шеңберінде қатысушы елдерге дәстүрлі энергия көздеріне тәуелділікті төмендету және энергия тұтынуды азайту бойынша көмек көрсетіліп, төмен көміртекті экономиканы енгізу мүмкіндіктері ұсынылады.

Қосылған : 23.11.2018, 09:30, Өзгертілген : 23.11.2018, 09:30