Қазақстан Женевада өтіп жатқан Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің және Қарусыздандыру жөніндегі Конференцияның жоғары деңгейдегі Сегменті жұмысына қатысуда

2018 жылғы 26 ақпанда сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаевтың басшылығымен Қазақстан Республикасының делегациясы БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің (БҰҰ АҚЖК) және Қарусыздану жөніндегі Конференцияның жоғары деңгейдегі Сегменті шеңберінде өз жұмысын бастады.

БҰҰ АҚЖК сессиясына қатысушылардың алдында сөз сөйлей келе, Министрдің орынбасары адам құқықтарын қорғау саласындағы Қазақстанның басымдықтары мен міндеттерін ұсынды. Атап айтқанда, Е.Ашықбаев 2050 жылға дейін Қазақстанның адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық беретін және оларды мемлекеттің дамуы үшін негіз қалайтын Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясына делегаттардың назарын аудартып, ағымдағы жылдың 10 қаңтарындағы Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында баяндалған адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі міндеттерімен таныстырды.

Қазақстандық дипломат еліміздің барлық БҰҰ АҚЖК тетіктерімен белсенді ынтымақтастығы туралы, сондай-ақ алынған ұсынымдарды жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыс туралы хабардар етті.

БҰҰ АҚЖК қызметінің тиімділігін арттыру және конструктивтік жұмыс нәтижесіне жету мақсатында, Е.Ашықбаев Кеңес күнтізбесіндегі барлық мәселелерді қарастыру кезінде әділдік, тең құқықты диалог және балансталған әдіс қағидасын ұстануды ұсынды. БҰҰ АҚЖК жұмысындағы екпін бақылау және мониторинг жүргізу функцияларын жүзеге асыруға емес, мемлекетке техникалық көмек көрсету және оның әлеуетін нығайтуға бағытталуы қажет.

Қарусыздандыру Конференциясында сөйлеген сөзінде Е.Ашықбаев қарусыздандыру мен таратпаудың ең өзекті мәселелері бойынша Қазақстанның ұстанымын атап өтті. Қарусыздандырудың саласында прогрестің болмауына байланысты, халықаралық қоғамның алаңдаушылығы шегінде, ядролық қаруға тыйым салу туралы Келісім-шартты қабылдау барлық ядролық мемлекеттер үшін сигнал болып табылады. «Дәл осы мемлекеттер өз еркімен тұрақты және қауіпсіз әлемді құру бойынша өз міндеттерін орындауы қажет», -деп атап өтті Е.Ашықбаев.

Министрдің орынбасары БҰҰ-ға мүше барлық мемлекеттердің қазіргі заманның көптеген мәселелерін шешудің кілті болып табылатын сенімді қалыптастыру бойынша бірлескен жұмысының маңыздылығын атап өтті.

Осыған байланысты, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып жою қаруын таратпау: сенім шаралары» атты тақырыптық брифингтің нәтижелерімен Қарусыздандыру конференциясына мүше мемлекеттер таныстырылды.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары Филиппо Гранди, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының Атқарушы хатшысы Ольга Алгаеровамен, Халықаралық көші-қон ұйымының Бас директоры Уильям Лейси Свингпен, сондай-ақ Данияның Сыртқы істер министрімен, Коста-Рика және Португалия сыртқы істер министрлерінің орынбасарларымен кездесулер өткізді. Келіссөздер барысында екіжақты қарым-қатынастардың қазіргі жағдайы мен одан әрі ынтымақтастықтың келешегі талқыланды.Алдағы күндерде Қазақстан дипломатының кестесінде БҰҰ Женевадағы бөлімінің Бас директоры Майкл Мёллермен, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Зейд Раад аль-Хусейнмен, Халықаралық электробайланыс одағының бас хатшысы Хоулинь Чжаомен, БҰҰ Азаптаулар жөніндегі арнайы баяндамашысы Нильс Мелцермен, сонымен қатар, Мальдивтердің Гендерлік мәселелер жөніндегі министрі, Қарусыздандыру жөніндегі конференция жанындағы Жапонияның Елшісі, Қару-жарақ саудасы туралы шарт конференциясының төрағасымен кездесулері жоспарланған.

Қосылған : 28.02.2018, 00:00, Өзгертілген : 28.02.2018, 00:00