Қазақстан Елшісі Венгриямен сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы айтып берді

АСТАНА, 2019 жылғы 8 ақпан - Сыртқы істер министрлігінде Қазақстанның Венгрия және Сербия мен Македонияда қоса атқарушы елшісі Нұрбах Рүстемовтың Қазақстан-Венгрия қатынастарының жай-күйі мен перспективалары туралы БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өтті. Іс-шараның құрметті қонақтары ретінде Венгрияның Қазақстандағы Елшісі Андраш Барани және Сербияның Қазақстандағы Елшісі Владан Матич қатысты.

«2019 жылы Астана мен Будапешт арасындағы стратегиялық серіктестіктің орнағанына 5 жыл толып, бүгінгі күні жаңа серпін алуда. Қазақстанмен осындай ынтымақтастық деңгейіне ие Венгрия Орталық және Шығыс Еуропаның бірден-бір елі», - деп атап өтті Елші.

Мемлекет басшысының инвестициялық және экспорттық саясат саласындағы ҚР Сыртқы істер министрлігіне берілген жаңа тапсырмаларын ескере отырып, Қазақстан-Венгрия ынтымақтастығы үлкен перспективаларға ие. Бүгінгі күні Қазақстанда венгр капиталының қатысуымен шамамен 50 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді, Қазақстан-Венгрия іскерлік кеңесі жұмыс істейді, қажетті құқықтық база қалыптасқан.

Қазақстандық дипломат 2018 жылы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың нәтижелері туралы да мәлімдеді. Қазақстан - ТМД елдері арасында (Ресей, Украина және Беларусьтан кейін) Венгрияның төртінші сауда серіктесі. 2018 жылдың 10 айында екіжақты сауданың көлемі 124,7 млн. АҚШ долл. құрады (экспорт - 24,0 млн., импорт - 100,7 млн.).

Жарғылық капиталы 40 млн. АҚШ доллар құрайтын 2016 жылы ашылған Қазақстан-Венгрия Ауылшаруашылық тікелей инвестициялар қоры 2018 жылы әрқайсысы 10 млн. доллар бюджетпен екі жобаны қаржыландырды - Ақтөбе облысындағы жылыжай кешені (жобалық қуаты жылына 1500 тонна көкөніс өсіру) және Оңтүстік Қазақстандағы алма бақтарын құру, қоймалардың құрылысы және жабдықтарды жеткізу (алаңы 300 гектар).

2017 жылғы 8 маусымда ашылған Астана мен Будапешт арасындағы тікелей әуе қатынасы екіжақты байланыстардағы маңызды оқиға болды. Ресми тасымалдаушы ретінде «Wizz Air» венгр компаниясы белгіленді. Содан бері 40 мыңнан астам әуе жолаушысы тасымалданды.

Н. Рүстемов ағымдағы жылдың жоспарларымен бөлісті, атап айтқанда, 5-6 наурызда Будапештте Қазақстандағы нақты инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылайтын екі елдің іскер топтар өкілдерінің қатысуымен бизнес-форум өткізілетінін айтты.

Биылғы жылы Астана экономикалық форумына қатысатын Венгрияның сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сийяртоның сапары да күтілуде.

Венгрияның Мемлекеттік жиналысының төрағасы Ласло Кевер Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің Төртінші кеңесіне қатысуын алғашқы болып растады (Астана, 23-24 қыркүйек).

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды, онда екі елдің өнер қайраткерлері, ғалымдары мен спортшылары Қазақстан мен Венгрияда өткізілетін түрлі мәдени және спорттық іс-шараларға белсене қатысады.

2019/2020 оқу жылынан бастап Венгрия Үкіметі бакалавриат, магистратура және докторантураға 250 грант бөлді. Бүгінгі күні Венгрияда «Stipendium Hungaricum» бағдарламасы бойынша 50-ден астам елден студенттер оқиды, оның ішінде 500-ден астам қазақстандық та бар.

Н. Рүстемов сондай-ақ Сербия және Македониямен екіжақты қарым-қатынастардың өзекті саяси, экономикалық, мәдени және ғылыми-ағартушылық өзара іс-қимылдарының барлық салаларына қатысты өз бағаларын берді.

«Қолданыстағы экономикалық дипломатия» тақырыбы бойынша өткен брифинг Қазақстанның шетелдегі елшілерінің БАҚ өкілдерімен арнайы кездесулердің алғашқысы болды. ҚР Сыртқы істер министрлігінің бұл бастамасы шет елдермен сыртқы саясат пен сыртқы экономикалық байланыстардың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары, осы қызметтегі еліміздің шетелдік мекемелерінің рөлі туралы ақпараттандыруға бағытталған.

Қосылған : 8.02.2019, 19:00, Өзгертілген : 8.02.2019, 19:00