Қазақстан мен Ұлыбритания саяси сағаттарын салыстырып тексерді

ЛОНДОН, 2019 жылғы 19 қыркүйек – Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов Құрама Корольдіктің Еуропа және Америка істері бойынша Мемлекеттік министрі Кристофер Пинчермен кездесіп, Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық әріптестігінің ахуалы мен болашағын талқылады.

Қазақстандық дипломат еліміздегі реформалар мен саяси бағыттың стратегиялық сабақтастығы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясын жүзеге асыру, сондай-ақ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттары туралы мәлімет берді.

Британдық министр Қазақстандағы саяси-экономикалық реформалардың маңыздылығын атап өтіп, Лондонның Нұр-Сұлтанмен жан-жақты стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге бейілділігін растады. Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы қатынастардың оң серпіні және ең жоғары мен жоғары деңгейлердегі екіжақты байланыстардың белсенділігі атап өтілді.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың басымдық бағыттарын, сондай-ақ алдағы ірі екіжақты іс-шараларға дайындық барысын талқылады. Қазан айында Лондонда «Kazakhstan Global Investment Forum 2019» инвестициялық форумын, қазақстан-британ Іскерлік кеңесінің кезекті кездесуін, сондай-ақ Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының алтыншы отырысын өткізу жоспарлануда.

Тараптар екі елдің қаржы-инвестициялық ынтымақтастығы үшін маңызды платформа болып табылатын «Астана» Халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) қызметінің негізгі бағыттарын талқылады. К.Пинчердің айтуынша, жеңілдетілген салық режимі және ағылшын құқық қағидаттарына негізделген тәуелсіз сот АХҚО қызметіне шетелдік инвесторларды тартатын маңызды фактор болып табылады. Британдық министр Орталықтың жұмысын одан әрі кеңейту мақсатындағы Лондонның қолдау мен ынтымақтастықты жалғастыруға дайындығын атап өтті.

Құрама Корольдіктің Еуропалық Одақтан шығып, «Жаһандық Британия» тұжырымдамасын іске асыру контекстінде, сондай-ақ Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын пысықтау шеңберінде британдық бизнестің Қазақстан арқылы жақын орналасқан елдердің нарықтарына қол жеткізу перспективалары талқыланды.

Тараптар Қазақстан мен Ұлыбританияның жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі жандандырудың маңыздылығын атап өтіп, ғылыми-білім және мәдени-гуманитарлық байланыстарға назар аударды. Тараптар осы саладағы бірқатар іс-шаралар мен жоспарланған жобаларды талқылады. Атап айтқанда, 25 қыркүйекте Британдық кітапханада ҚР Ұлттық аударма бюросы, Британдық Кеңес және Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің қолдауымен Кембридж университеті аударып, шығарған заманауи қазақ әдебиетінің екі антологиясының (проза және поэзия) тұсаукесері өтеді.

Қосылған : 20.09.2019, 13:15, Өзгертілген : 20.09.2019, 13:15