​Қазақстан мен ЮНКТАД ынтымақтастықты нығайтуда

ЖЕНЕВА, 2019 жылғы, 12 сәуір - Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясында (ЮНКТАД) ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев ЮНКТАД-тың инвестициялар және кәсіпкерлік департаментінің директоры Джеймс Джанмен кездесті. Министрдің орынбасары Е. Көшербаев келісөздер барысында ҚР Сыртқы істер министрлігіне инвестиция тарту және экспортты ынталандыру бойынша функциялары берілгендігін хабарлап, инвестициялар мәселелері бойынша ЮНКТАД-пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға қызығушылық танытты.

Тараптар инвесторлар үшін «Бір терезе» жүйесін жетілдіру бойынша ынтымақтастықты жалғастыру, ЮНКТАД-ға ҚР инвестициялық келісімдерін жетілдіру бойынша жұмыстарды одан әрі жалғастыруға жәрдемдесу, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері үшін инвестицияларды жылжыту және халықаралық инвестициялық келісімдерді келісу бойынша бірлескен оқу семинарларын өткізу туралы уағдаласты.

Министрдің орынбасары ЮНКТАД-тың өкілдерін ү.ж. 12 мамырда Нұр-Султан қаласында өтетін «Жаңа экономика және Қазақстанның инвестициялық әлеуетін арттыру» тақырыбында жаһандық инвестициялар бойынша Үшінші жыл сайынғы «дөңгелек үстелге» қатысуға шақырды.

Қосылған : 15.04.2019, 10:55, Өзгертілген : 15.04.2019, 10:55