​Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2018 жылғы 19 қараша

Мазмұны:

1) Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінде 19-21 қараша аралығында Қазақстан қатысатын оқиғалар туралы;
2) Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Парламенттік Ассамблеясы төрағасының Астанаға сапары туралы;
3) Албанияның Еуропалық және сыртқы істер министрінің Астанаға сапары туралы;
4) Парижде өтетін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Еуразия апталығының мерейтойлық отырысы туралы;
5) Астанада өтетін Қазақстан-Ресей консулдық консультациялары туралы;
6) Қазақстан мен Оңтүстік Африка сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялары туралы;
7) Қазақстан Сыртқы істер министрінің Бельгияға жұмыс сапары туралы;
8) Астана процесі шеңберіндегі Сирия бойынша алдағы кездесу туралы;
9) Еуропадағы жұмысқа алуда жалған схемалар туралы.

1) Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінде 19-21 қараша аралығында Қазақстан қатысатын оқиғалар туралы

19-21 қараша аралығында Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорк қаласындағы штаб-пәтерінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шеңберінде Қазақстанның қатысуымен бірқатар маңызды іс-шаралар өтеді, олардың ішінде:

- 19 қарашада Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің Таяу Шығыстағы жағдайға, соның ішінде Палестина және Сириядағы саяси ахуалы туралы консультацияларға арналған брифингі өтеді;

- 20 қарашада «Африкадағы бейбітшілік пен қауіпсіздік: Африкадағы бейбітшілікті қолдау операцияларын нығайту» тақырыбында ашық пікірталастар өтеді. Өздеріңіз білетіндей, жақында Қазақстанның 120 сарбазы Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы уақытша күштерінде қызмет ететін «Көгілдір каскалар» құрамына енді. Сондай-ақ, біздің еліміз Африкадағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосып отырғанын еске салғымыз келеді, себебі қазіргі уақытта еліміздің 5 әскери бақылаушысы Біріккен Ұлттар Ұйымының Батыс Сахарадағы референдум жөніндегі миссиясында қызмет атқаруда.

2) Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Парламенттік Ассамблеясы төрағасының Астанаға сапары туралы

19-20 қараша аралығында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының төрағасы Георгий Церетели бастаған делегациясы ресми сапармен Астанаға келеді.

Сапар барысында делегацияның Қазақстан Парламенті Сенатының және Мәжілісінің төрағаларымен, Жоғарғы Соттың төрағасымен, Бас прокурормен, Сыртқы істер министрімен және Ішкі істер министрімен екіжақты кездесулері жоспарлануда. Олардың шеңберінде, тараптар Қазақстан - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы бағыты бойынша ықпалдастықтың жай-күйі мен келешегі, сонымен қатар парламентаралық диалогты нығайту мәселелерін талқылануы көзделген.

3) Албанияның Еуропалық және сыртқы істер министрінің Астанаға сапары туралы

19-21 қарашада Албанияның Еуропалық және сыртқы істер министрі Дитмир Бушатидің Астанаға ресми сапары өтеді.

Аталған сапар екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастар тарихында сыртқы істер министрі деңгейіндегі алғашқы сапар болмақ.

Сапар барысында Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановпен, сондай-ақ Инвестициялар және даму министрлігі мен «Kazakh Іnvest» Ұлттық компаниясының басшылығымен кездесулері жоспарлануда.

4) Парижде өтетін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Еуразия апталығының мерейтойлық отырысы туралы

19-21 қараша аралығында Париж қаласында Еуразиялық бәсекеге қабілеттілік бағдарламасының 10-жылдығына арналған Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Еуразиялық апталығының мерейтойлық отырысы өтеді. Ұлттық экономика, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрлері және басқа да мемлекеттік органдардан құралған қазақстандық делегацияны Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов басқарады.

Қазіргі уақытта, Қазақстан Орталық Азия, Закавказье және Шығыс Еуропа елдерінің арасында Еуразиялық бәсекеге қабілеттілік бағдарламасына жалғыз донорлық ел болып табылады және осыған байланысты алдағы іс-шара Казақстан үшін ерекше маңызға ие. Қазақстан делегациясының Еуразия аптасында жоғары өкілдігі еліміздің Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына болашақта қосылу ниетіндегі маңызды белгісі болып табылады.

Бағдарламада 2017-2018 жылдарға арналған Елдік ынтымақтастық бағдарламасының орнына 2019-2022 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою рәсіміне ерекше орын беріледі.

Сонымен қатар, Қазақстан Үкіметінің еліміздің Ұйымға мүшелікке өтуі науқанына дайындық қызметі шеңберінде қазақстандық тарап Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына қатысушы-мүше елдердің тұрақты өкілдерінің қатысуымен ресми іс-шарасын өткізуді жоспарлап отыр.

5) Астанада өтетін Қазақстан-Ресей консулдық консультациялары туралы

20-21 қарашада Астанада Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы консулдық мәселелер бойынша кезекті консультациялар өтеді. Қазақстан тарапынан Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің директоры Тауболды Үмбетбаев төрағалық етеді.

Іс-шара барысында тараптар екі жақты және көпжақты конвенциялар мен келісімдерді жүзеге асыру, сондай-ақ екі ел азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері қарастырылатын болады.

Қазақстан мен Ресей арасындағы консулдық консультациялардың алдыңғы отырысы 2017 жылдың қазан айында Мәскеуде өткен болатын.

6) Қазақстан мен Оңтүстік Африка сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялары туралы

21-24 қараша аралығында Претория қаласында Қазақстан мен Оңтүстік Африка сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялары өтеді. Қазақстан делегациясын Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев басқарады.

Консультациялар барысында екіжақты және көпжақты ынтымақтастық бағыттары, атап айтқанда, екі жақты қатынастарды дамыту перспективалары, Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы ынтымақтастық және екі елдің Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болу тәжірибесімен алмасу мәселелері талқыға салынады.

Белгілі болғандай, биылғы жылы біздің еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінде өзінің екі жылдық миссиясын аяқтайды, ал Оңтүстік Африка 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Африкалық топтан Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өз мандатын бастайды. Сондықтан, екі жақты консультациялардың жалпы күн тәртібінде Қауіпсіздік Кеңесінде қарастырылатын өзекті мәселелер, соның ішінде, жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау, Африка құрлығындағы, Таяу Шығыстағы жағдай және тағы басқа мәселелер кіреді.

7) Қазақстан Сыртқы істер министрінің Бельгияға жұмыс сапары туралы

23 қарашада Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбідрахманов Еуропалық Одақ - Орталық Азия елдерінің 14-ші министрлер конференциясы шеңберіндегі іс-шараларға қатысу үшін Брюссельге жұмыс сапармен барады.

Конференцияның күн тәртібінде аймақтық экономикалық интеграция, инвестицияларды тарту, қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруі, су проблемалары, экстремизм мен есірткінің заңсыз айналымының алдын алу мәселелері талқыланады.

Аталған сапар шеңберінде Қайрат Әбдірахмановтың бірқатар екіжақты кездесулері, соның ішінде Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғары өкілі Федерика Могеринимен кездесуі жоспарланған.

8) Астана процесі шеңберіндегі Сирия бойынша алдағы кездесу туралы

2018 жылғы 28-29 қарашада елордамызда Сирия бойынша Астана процесінің шеңберіндегі жоғары деңгейдегі 11-ші халықаралық кездесу өтеді.

Келіссөздердің кезекті раундында дәстүрлі түрде Иран, Ресей мен Түркия, Сирияның үкіметі мен қарулы оппозициясының өкілдері, сондай-ақ БҰҰ мен Иорданияның бақылаушылар деңгейіндегі делегацияларының қатысуы күтілуде.

Қатысушылар Сириядағы, соның ішінде Идлиб провинциясындағы қазіргі ахуалды, босқындар мен ел ішіндегі қоныс аударған адамдарды қайтару үшін тиісті жағдай жасауды, гуманитарлық жағдайды жақсарту және елді қақтығыстан кейінгі қайта қалпына келтіру мәселелерін талқылауды жоспарлап отыр. Алдын ала күн тәртібіне сәйкес, босқындар бойынша халықаралық конференцияны ұйымдастыру идеясы талқыланады.

Сонымен қатар, кепілгер елдер Астанада өтетін сирияаралық келіссөздер шеңберінде тұтқындарды босату, қаза тапқандардың денелерін табыстау және із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру бойынша жұмыс тобының 6-шы отырысын өткізуді жоспарлап отыр.

Кепілгер елдерінен келіп түскен ақпаратқа сәйкес, олар Астана форматына жаңа байқаушыларды қосу туралы мәселені қарастыруы мүмкін.

28 қарашада Астана процесінің кепілгер елдерінің екіжақты және үшжақты консультациялары, сондай-ақ байқаушы тараптарының өкілдерімен кездесулері, ал жалпы отырыс 29 қарашада өтеді.

Босқындар мен мәжбүрлеп ұсталған адамдардың негізгі мәселелерін талқылауды ескере отырып, аталған кездесуге тиісті шақырулар БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссар Басқармасының және Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің өкілдеріне жолданады.

9) Еуропадағы жұмысқа алуда жалған схемалар туралы

Қазақстандық азаматтарды шетелде жоғары жалақыға тартқандары үшін еліміздің кейбір азаматтары шетелдік алаяқтардың құрбандарына айналғандығы туралы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланған болатын. Алаяқтардың қулы және тартымды ұсыныстардың кесірінен біздің азаматтарымыздың белгілі бір бөлігі Ұлыбританияға жету үшін үлкен сома ақша салып, нәтижесінде құр қол қалған болатын.

Жуырда, Чехияда жұмыс істеуге шақыратын алаяқтардың тағы бір схемасы туралы мәлім болды. Бұл алаяқтардың әрекеттерінің нәтижесінде 20-ға жуық адам зардап шеккен. Олар Қазақстандағы жалған компаниялар арқылы туристік визалар алып, Чехия қалаларына жұмыс істеуге аттанған.

Алдаудың мәні Чехияда жұмыс құқығын бере алмайтын, ұзартыла алмайтын немесе қайта шығарыла алмайтын туристік визаларды алғандығы болып табылады. Осындай қиындықтарға тап болған біздің отандастарымыз қиын жағдайға түсіп, тіпті кері қайтуға билет сатып алуға мүмкіндігінен айрылған болатын.

Осыған байланысты біз қазақстандықтарды жұмыспен қамту компанияларымен байланыс орнатқан кезде аса абай болуға және туристік визалар Еуропа елдерінде жұмысқа орналасуға жарамсыз екендігін хабарлай отырып, неғұрлым мұқият болуға шақырамыз.

Қосылған : 19.11.2018, 17:00, Өзгертілген : 19.11.2018, 17:00