​Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2018 жылғы 5 қараша

Мазмұны:

1) Эстонияның Премьер-министрінің Астанаға сапары туралы;
2) Астанада өтетін «Digital Bridge» халықаралық форумы туралы;
3) Астанада өтетін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының 20-шы мерейтойлық Орталық Азиялық медиа конференциясы туралы;
4) Мемлекет басшыларының деңгейінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы кеңесінің кезекті сессиясының Астанада өткізілуі туралы;
5) Петропавлда өтетін Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының 15-ші форумы туралы

1) Эстонияның Премьер-министрінің Астанаға сапары туралы

4-6 қараша аралығында Эстонияның Премьер-Министрі Юрий Ратастың Астанаға ресми сапары өтуде. Сапар барысында жоғары қонақ «Digital Bridge» Халықаралық форумына қатысады.

Сондай-ақ, Эстония үкіметі басшысының Астанаға сапар бағдарламасында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен, Премьер-Министрмен, Парламенттің екі палатасының спикерлерімен кездесулері, сондай-ақ Қазақстан-Эстония бизнес-форумына қатысу және «Алжир» мемориалдық кешенінде ескерткіштің ашылуы жоспарлануда.

Эстониямен өзара іс-қимылда Қазақстан цифрлық технологиялар саласына ерекше көңіл бөледі. Біз Эстония Премьер-министрінің сапары цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықтың нақты бағыттарын анықтауға мүмкіндік беретіндігіне сенім білдіреміз.

Эстонияның IT-технологиялары мен стартаптары Қазақстанда өз орнын таба алатындығын есептейміз. Сондай-ақ, Қазақстан үшін маңызды салаларда, атап айтқанда, транзиттік-көліктік, ауыл шаруашылық, туризм салаларын ілгерілетуге тығыз ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік бар.

2) Астанада өтетін «Digital Bridge» халықаралық форумы туралы

Бүгін Астанада «Digital Bridge» халықаралық форумы өз жұмысын бастады. Іс-шара аясында «Astana Hub» IT - стартаптар Халықаралық технопаркінің ресми ашылуы өткізіледі.

Форум Қазақстанда биылғы жылы инновациялар мен жаңа технологиялар саласындағы маңызды оқиғалардың бірі болып табылады, сондай-ақ IT саласындағы жобаларды халықаралық несиелеу саласындағы тәжірибемен алмасуға және компаниялар мен инвесторлар арасында байланыстарды орнатуға мүмкіндік береді. Форумның интерактивті платформасында 30-дан аса спикерлер жаһанданудың соңғы үрдістерін талқылайды және бизнес-модельдерді енгізудің озық тәжірибелерімен алмасады.

Сыртқы істер министрлігі аталған форумға қатысу үшін шетелдік қонақтарды, сондай-ақ Астана хабының резидентері үшін консулдық және визалық мәселелерді шешуге қолғабыс көрсетті.

Қазіргі уақытта Сыртқы істер министрлігі мүдделі меморгандармен бірлесіп «Astana Hub» Халықаралық ІТ-стартаптар технопаркінің шетелдік қатысушыларына қатысты визалық тәртіптерді жеңілдету бойынша жұмыс жүргізуде.

3) Астанада өтетін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының 20-шы мерейтойлық Орталық Азия медиа конференциясы туралы

7-8 қарашада Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының «Журналистика болашағы» атты 20-шы Орталық Азиялық медиа-конференциясы өтеді.

Конференцияда 100-ге жуық жергілікті және шетелдік журналистер, азаматтық қоғам ұйымдарының өкілдері, академиялық топтар мен халықаралық сарапшылар қатысады. Іс-шара аясында олар аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігі жөніндегі мәселелерін талқылайды.

Іс-шара күн тәртібіне цифрлық трансформация дәуірінде ақпараттың сапасы мен журналистиканың болашағы, «жалған жаңалықтар мен жалған ақпарат», сондай-ақ онлайн желісінде сөз бостандығы туралы мәселелер кіреді.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Орта Азиялық Медиа-конференциясы жыл сайын Орталық Азия аймағындағы елдердің бірінде өткізіледі. Былтыр, 19-шы конференция Ташкентте ұйымдастырылды.

4) Мемлекет басшыларының деңгейінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы кеңесінің кезекті сессиясының Астанада өткізілуі туралы

8 қарашада Астанада Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мемлекет басшылары деңгейіндегі кезекті отырысы өтеді. Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің құрамына Ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары, атап айтқанда Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан кіреді.

Аталған отырыс Қазақстанның 2018 жылы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына төрағалық етуі шеңберінде негізгі және қорытынды іс-шара болып табылады.

Саммит алаңдарында Сыртқы істер министрлері кеңесінің, Қорғаныс министрлері кеңесінің, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің бірлескен отырысы өтеді.

Отырыс барысында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Қазақстанның төрағалық ету кезеңінде еліміз ұсынған Ұйымның басымды бағыттарын іске асырудың негізгі нәтижелерін қорытындылайды.

Саммит қорытындылары бойынша бірқатар құжаттарға қол қою, атап айтқанда, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің қорытынды декларациясына, халықаралық террористік ұйымдардың тарапынан қарулы жанжалдарға тартылған тұлғаларға қарсы үйлестірілген шаралар туралы бірлескен мәлімдемеге, Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінде Армения өкілдігі туралы Ұйымның заңнамалық құжаттарына түзетулерді қарастыратын төрт халықаралық келісімшартқа, сондай-ақ Ұйымның құқықтық мәртебесі туралы келісімге түзетулер енгізілу жоспарлануда.

Сондай-ақ, Мемлекет басшыларының қарауына Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің бірқатар шешімдері, оның ішінде, Ұйымның дағдарысқа қарсы әрекет етуін жетілдіруге, заңсыз көші-қонға қарсы тұруға, үйлестірілген ақпараттық саясатты дамытуға, Ұжымдық күштерді ұйымдастыру мен құрамын анықтауға, Әскери-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссияның Төрағасы лауазымына үміткерді бекітуге бағытталған мәселелер ұсынылатын болады.

Сонымен бірге, Ұйымға серіктес және байқаушы мәртебесінің құқықтық тұрғыдан тіркеуге қатысты құжаттарға ерекше назар аудару қажет. Оларды қабылдау, Ұйымның бірқатар үшінші елдермен ынтымақтастығын сапалы жаңа деңгейде дамытуға мүмкіндік береді.

5) Петропавлда өтетін Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының 15-ші форумы туралы

9 қарашада Петропавловск қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің қатысуымен Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының 15-ші форумы өтеді. 15-ші Форумның тақырыбы – «Қазақстан мен Ресейдегі туризмді дамытудың жаңа тәсілдері мен тенденциялары» болып табылады.

Іс-шараға министрліктер мен ведомстволар басшылары, Қазақстан мен Ресей өңірлерінің басшылары, туризм саласындағы бизнес өкілдері қатысады.

Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының өңіраралық форумдары жыл сайын өткізіледі. Форумды өткізудің он бес жылдық тарихында ол екі ел арасындағы саяси және экономикалық өзара іс-қимылдың маңызды институты ретінде қалыптасып, өзін тиімді мемлекетаралық алаң ретінде таныта білді.

Алдағы іс-шаранының негізгі мақсаты Қазақстан мен Ресей арасындағы туристтік саладағы өзара іс-қимылды кеңейту, оның ішінде, екі елдің іскер топтары мен мемлекеттік құрылымдары арасындағы кооперациялық байланыстарды тереңдету арқылы туризмнің әртүрлерін дамыту және алға жылжытудың озық тәжірибесімен алмасу, туристік индустрияға өзара инвестициялардың келуін ынталандыру болып табылады.

Форум аясында Қазақстан-Ресей іскер кеңесінің отырысы, Қазақстан-Ресей туристтік көрмесі, Пленарлық отырыс, сондай-ақ, үкіметаралық, өңіраралық және коммерциялық бағыттағы 30 құжатқа қол қою жоспарлануда.

Жалпы алғанда, Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының 15-ші форумы туристік салада сапалы жаңа өзара байланыстарды дамытуға қосымша серпін беріп, сауда-экономикалық қатынастардың кең спектрі бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүмкіндік береді.

Қосылған : 5.11.2018, 17:30, Өзгертілген : 5.11.2018, 17:30