​Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2019 жылғы 18 ақпан

Мазмұны:

1) Қазақстан делегациясының Баку қаласында өтетін Каспий теңізі мәселелері жөніндегі жоғары деңгейдегі жұмыс тобына қатысуы туралы;

2) Мәскеу қаласында үкімет басшылары орынбасарларының деңгейінде өтетін Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің отырысы туралы;

3) Еуропалық Одақтың Орталық Азия жөніндегі Арнайы өкілі Петер Бурианның Астанаға сапары туралы;

4) Астанада өтетін Қазақстан мен Өзбекстан сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялар туралы.

1) Қазақстан делегациясының Баку қаласында өтетін Каспий теңізі мәселелері жөніндегі жоғары деңгейдегі жұмыс тобына қатысуы туралы

19-20 ақпанда Баку қаласында Каспий маңы елдері сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары / өкілетті өкілдерінің деңгейінде Каспий теңізі жөнінде жоғары деңгейдегі жұмыс тобының бірінші отырысы өтеді. Іс-шарада Қазақстан делегациясын Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Зульфия Аманжолова басқарады.

Кездесу барысында былтырғы жылғы 12 тамызда Ақтау қаласында өткен Каспий саммитінің қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды және Мемлекет басшыларының тапсырмаларын іске асыру бойынша кең ауқымды мәселелердің талқылануы жоспарлануда.

Жоғары деңгейдегі тұрақты бесжақты консультациялардың механизмі Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны тиімді жүзеге асыру және теңіз маңындағы ынтымақтастыққа шолу жүргізу мақсатында «Каспий бестігі» елдірі көшбасшыларының шешімімен құрылған болатын.

Естеріңізге сала кетсек, ү.ж. 8 ақпанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойып, осылайша біздің мемлекет бұл тарихи құжатты ратификациялаған болатын. Бүгінгі таңға дейін, Қазақстанмен қатар Конвенцияны Түрікменстан ратификациялады.

2) Мәскеу қаласында үкімет басшылары орынбасарларының деңгейінде өтетін Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің отырысы туралы

22 ақпанда Мәскеуде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер басшыларының орынбасарлары деңгейінде Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің кезекті отырысы өтеді. Қазақстандық делегацияны Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин басқарады.

Аталған отырыста Еуразиялық экономикалық одағы шеңберінде интеграциялық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері қарастырылады. Соның ішінде, Еуразиялық экономикалық одағы аясында интеграциялық жобалар перспективаларына, Одақтың Сербиямен Еркін сауда туралы келісім жасасу туралы келіссөздерге, Одақ және Қытай кедендік шекаралары арқылы тасымалданатын тауарлар мен халықаралық көлік құралдары туралы ақпарат алмасу туралы Келісім жобасына ерекше назар аударылатын болады.

Жалпы, Кеңес отырысының күн тәртібіне 22 мәселе кіреді, оның 8-і шағын құрамда қаралуы жоспарлануда.

3) Еуропалық Одақтың Орталық Азия жөніндегі Арнайы өкілі Петер Бурианның Астанаға жұмыс сапары туралы

21-22 ақпанда Еуропалық Одақтың Орталық Азия жөніндегі Арнайы өкілі Петер Буриан Астанаға сапармен келеді.

Сапар барысында Петер Бурианның еліміздің Сыртқы істер министрлігі, сондай-ақ Парламент Сенаты мен Мәжіліс басшылығымен екіжақты кездесулері жоспарлануда.

Келіссөздердің негізгі тақырыбы тараптар үшін сыртқы саяси басымдықтардың бірі болып табылатын Қазақстан, Орталық Азия және Еуропалық Одақ арасындағы байланыстарды одан әрі дамыту және нығайту болмақ.

Белгілі болғандай, жақын арада өз күшіне толық енуі тиіс Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы Келісім тараптар арасындағы байланыстардың басым бағыттарының бірі болып табылады. Жалпы алғанда, бұл келісім Қазақстан мен Еуропалық Одақ елдері арасында қарым-қатынастардың жаңа парағын ашады және Келісімде көзделген өзара әрекеттесудің 29 саласы бойынша ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтеді. Бүгінгі күні Еуропалық Одаққа мүше 28 мемлекеттің 25-і бұл Келісімді ратификациялаған болатын. Тек Италия, Нидерланд және Кипр тараптарынан құжаттың ратификациялануын күтудеміз.

4) Астанада өтетін Қазақстан мен Өзбекстан сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялар туралы

25-26 ақпанда Астанада Сыртқы істер министрлері орынбасарларының деңгейінде Қазақстан мен Өзбекстан сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялар өтеді. Бұл іс-шарада Қазақстан тарапын - Министрдің орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев, ал Өзбекстан тарапын - Министрдің бірінші орынбасары Илхомжон Неъматов басқарады.

Тараптар саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, халықаралық және аймақтық құрылымдардағы өзара іс-қимылды, сондай-ақ ү.ж. сәуір айында Ташкент қаласында жоспарланып отырған Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуіне дайындық мәселелерін талқылайды.

Кезекті консультациялар Қазақстан мен Өзбекстан сыртқы саяси ведомстволары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және нығайтуға, сондай-ақ екі ел арасындағы өзара ықпалдастықтың жаңа перспективті бағыттарын анықтауға өз үлесін қосады.

Өзбекстан Қазақстан үшін бауырлас ел, аймақтағы басты саяси және экономикалық серіктес болып табылады. Елдеріміз арасында өзара құрмет пен тату көршілікке негізделген сенімді қарым-қатынастар қалыптасқан.

Екі мемлекет дәстүрлі түрде халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша тығыз байланыста, атап айтқанда, аймақтық және жаһандық деңгейде бейбітшілікті, қауіпсіздікті және тұрақтылықты нығайтудағы, әсіресе, БҰҰ, ИЫҰ, ТМД, ШЫҰ, ЕҚЫҰ және басқа да көп жақты құрылымдар шеңберінде өзара тиімді ортақ көзқарас ұстануда.

Қазақстан Өзбекстанмен экономикалық қатынастарды дамытуға үлкен мән беріп отырғанын атап өту жөн. 2018 жылы Қазақстанның Өзбекстанмен екіжақты сауданың көлемі 2 млрд. 488 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 25,3%-ға жоғары. Қазақстаннан экспорт 31,6%-ға артып, 1 млрд. 643 млн. долларына жетті. Өзбекстаннан импорт 14,8 %-ға өсіп, 845 млн. долларын құрады.

Қосылған : 18.02.2019, 16:55, Өзгертілген : 18.02.2019, 16:55