Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастықты нығайту – Словения басшылығының күн тәртібінде

Cловения Президенті Борут Пахор Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделігін білдіріп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Словенияға ресми сапармен шақырды. Бұл жайында Словения Республикасының басшысы шетелдік дипломатиялық корпусқа арналған қабылдау шеңберінде 2019 жылғы 30 қаңтарда ҚР Словения Республикасындағы Елшісі (резиденциясы Вена қаласында орналасқан) Қайрат Сарыбайға мәлімдеген болатын.

Сонымен бірге, Словенияның Премьер-Министрі Марьян Шарец және Сыртқы істер министрі Миро Церар Қазақстанның сыртқы саяси бағдарына қолдау білдіріп, Словенияның экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты дамытуы, әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету басымдықтары Қазақстанның сыртқы саясатымен үндес келетінін атап өтті.Елбасының сыртқы саясатты экономизациялау, Қазақстанға озық тәжірибені, жаңа технология мен инвестицияларды тарту және екіжақты инвестицияларды дамыту бойынша тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде өткізілген кездесулерде, Словения экономикалық даму және технологиялар министрі Здравко Почивалшекпен екіжақты экспорт деңгейін өсіріп, экономикалық қатынастардың қарқынын күшейту келісілді. Словения сауда және өнеркәсіп палатасының Бас директоры Соня Шмуц словен кәсіпкерлерінің Қазақстанға күннен күнге өрістеп жатқан қызығушылығын жеткізді.

Елшінің жұмыс сапары шеңберінде, Еуропадағы «жасыл» қала жүлдесіне ие болған Любляна қаласының тәжірибесін ескере отырып, өңіраралық байланыстарды орнату мақсатында Любляна қаласының мэрі Словения саясатының майталман және білікті өкілі Зоран Янковичпен Астана мен Любляна қарым-қатынастарының әлеуеті талқыланып, 2019 жылы З.Янковичтің Астанаға сапарын ұйымдастыру келісілді.

Сондай-ақ, таяуда Словения Ұлттық Ассамблеясында қайта құрылған Қазақстан-Словения парламентаралық достық тобының Төрағасы Змаго Йелинчичпен екі мемлекет арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты жан-жақты нығайту мәселелері талқыланды.

Қосылған : 3.02.2019, 16:10, Өзгертілген : 3.02.2019, 16:10