Қазақстанның Елшісі Уорик университетінің Орталық Азия форумына қатысты

Жуырда Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов Уорик Орталық Азия форумы шеңберінде «Белбеу және жол» бастамасы және Орталық Азияның болашағы» атты «дөңгелек үстелге» қатысты.

Уорик университетінің студенттері, қазақстандық студенттерді қоса алғанда, екінші жыл сайынғы форумды Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің қолдауымен өткізді. Форумның басты демеушісі – штаб-пәтері Алматыда орналасқан инвестициялық банкинг және активтерді басқару қызметтерін көрсететін «Tengri Capital» атты Орталық Азияның жетекші тәуелсіз инвестициялық компаниясы.

Форум шеңберінде Орталық Азия елдерінің тарихы, мәдениеті, экономикалық, саяси және әлеуметтік дамуы, қытайлық «Белбеу және жол» бастамасына (Бастама) қатысуы, өңірге тап болатын қауіп-қатерлер мен сын-тегеуріндер, сондай-ақ олардың ықтимал шешімдері талқыланды.

Қытай мен Өзбекстан елшіліктерінің өкілдері қатысқан дөңгелек үстел барысында Е. Ыдырысов Бастаманың пайда болу тарихы мен іске асырылуы туралы, сондай-ақ Бастама мен Қазақстанның «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасын үйлестіру шеңберінде Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы әңгімеледі. Бүгінгі таңда өңдеуші және химия өнеркәсіптері, ауыл шаруашылығы, жасыл энергетика, цифрландыру, жоғары технологиялар және т.б. салаларда жалпы құны 30 млрд. АҚШ долларын құрайтын 51 жоба жүзеге асырылуда.

Елшінің айтуынша, Бастама жобалары ашықтық пен өзара тиімділік қағидаттарына негізделіп, сондай-ақ ортақ мүдделерді қолданып, ортақ жауапкершілікке негізделіп, болашақтағы ортақ мақсаттарға жетуге бағытталған.

Қазақстандық дипломат екі бағдарламаның үйлесуіне орай Қазақстанның шығысындағы Қорғас порты және батысындағы Ақтау мен Құрық порттары арқылы XX ғасырдан бері алғаш рет Қытайды Каспиймен байланыстыру мүмкін болғанын атап өтті.

Сонымен қатар форум алаңында Е. Ыдырысов Уорик университетінде білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездесті. Қазіргі таңда аталған университетте 60-қа жуық қазақстандық оқып жатыр. Көбісі «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегерлері.

Форум спикерлері ретінде ЕҚДБ Орталық Азия, Ресей, Шығыс Еуропа және Кавказ бойынша басқарушы директорының кеңесшісі Евгений Офрихтер, Сент-Эндрюс университетінің аға оқытушысы Маттео Фумагалли, «Азаттық радиосының» Орталық Азия жөніндегі аға тілшісі Брюс Панниер, Дәстүрлі музыка жөніндегі халықаралық кеңесінің вице-президенті Разия Сұлтанова және басқалар қатысты.

Қосылған : 18.02.2019, 12:15, Өзгертілген : 18.02.2019, 12:20