Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы Малатияда таныстырылды

2019 жылғы 16-17 қыркүйек аралағында Малатия қаласының өнеркәсіп және сауда палатасының шақыруымен Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Малатияға жұмыс сапарымен барды.

Сапар барысында А.Сапарбекұлы Малатия қаласының мэрі Селахаттин Гүрканмен кездесті. Кездесуде екі ел арасындағы мәдени, гуманитарлық және экономикалық салалардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланып, аталған салаларда жаңа бірлескен жобалар ұсынылды.

Сондай-ақ, Қазақстан Елшісі өңірдің ірі компанияларымен екіжақты кездесулер мен келіссөздер өткізді. Кездесулерде Қазақстанда өнеркәсіптік ошақ, кондитерлік өнімдер, жеңіл өнеркәсіп, шыны ыдыстар, тұрмыстық химия өнімдері, лифтілер, сүт және басқа да өнім түрлерін өндіру және көршілес елдерге экспорттау мүмкіндіктері талқыланды.

Сонымен қатар, Малатия өнеркәсіп және сауда палатасында Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы, инвестициялық климат және шетел инвесторларына арналған жеңілдіктер туралы семинар ұйымдастырылды. Семинарда екіжақты сауда көлемін ұлғайту және бірқатар инвестициялық жобаларды іске асыру жолдары тілге тиек болды.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Елші тікелей эфирде Вуслат ТВ (Vuslat TV) телеарнасына баяндады. Сұхбатта Қазақстан Елшісі  еліміздегі инвестициялық мүмкіндіктер, сондай-ақ Малатия мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайту әлеуеті туралы әңгіме өрбітті.

Жалпы айтқанда, Малатия қаласы іскер топтарының Қазақстанға деген жоғары қызығушылығын атап өткен жөн. Сапар қорытындысы бойынша бір ай ішінде жаңа инвестициялық жобаларды егжей-тегжейлі пысықтауды бастау үшін өңірдің әлеуетті инвесторларының Қазақстанға сапарын ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Қосылған : 18.09.2019, 15:00, Өзгертілген : 18.09.2019, 15:05